Жол ережелерін қасақана бұзғандарға айыппұл мөлшерін еселеп арттыру қажет — Үкімет басшысы

АСТАНА. KAZINFORM — Жол ережелерін қасақана бұзушыларға қатысты тәсілдерді қайта қарау керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты. 

полиция полицейская машина полиция көлігі
Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform

— Жаңа Конституцияда Заң мен Тәртіп қағидаты негізгі құндылықтардың бірі ретінде бекітілді. Заң нормалары мен ережелерді қатаң сақтау — әрбір азаматтың міндеті. Жол қауіпсіздігі Мемлекет басшысының әрдайым ерекше назарында. Адамның өмірі мен денсаулығы жол үстіндегі мінез-құлық мәдениетіне тікелей байланысты. Жалпы алғанда биыл жол-көлік оқиғаларының саны төмендеді. Елді мекендермен қатар, олардан тыс күре жолдарда да оң динамика байқалып отыр. Қаза тапқандар мен жарақат алғандар саны азайды. Мұның барлығы жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстарының нәтижесі екенін атап өткім келеді, — деді Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің атап өтуінше, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірқатар заңнамалық нормалар қабылданды. Жол ережелерін бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Самокаттар мен скутерлерді пайдалану, көлік жүргізушілерін даярлау және жасырын патрульдеу тәртібі ретке келтірілді. Интеллектуалды жүйелер енгізіліп жатыр.

— Қазіргі таңда еліміздің жолдарындағы қауіпсіздікті 30 мыңнан астам камера қадағалайды. Жалпы, ахуалдың жақсарғанына қарамастан, елімізде жол апаттарының деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. Көлік жүргізушілері тиісті ережелер мен талаптарға және жол қозғалысы мәдениетіне немқұрайлы қарайды. Қоғамдық көлікке арналған жолақпен жүретін, қос тұтас сызықты кесіп өтіп, қарсы бағытқа шығып кететін, сондай-ақ жылдамдықты шамадан тыс асыратын жауапсыз жүргізушілер де бар. Мұндай фактілерге міндетті түрде тосқауыл қойып, тиісті шаралар қабылдау қажет. Жалпы, жол ережелерін қасақана бұзушыларға қатысты тәсілдерді қайта қарау керек. Мұндай адамдарға айыппұл төлеу кезінде жеңілдіктер берілмеуге тиіс. Керісінше, бұзушылықтар санына қарай айыппұл мөлшерін еселеп арттыру қажет. Ішкі істер министрлігі көптеген елде тиімді қолданылып жүрген балдық жүйені енгізу тәжірибесін зерделеп, оны елімізде іске қосуға тиіс. Біздің ортақ міндетіміз — жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік апаттарын тұрақты түрде төмендету және адам өлімін азайту, — деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін жол ережесін өрескел бұзатындар жүргізуші куәлігінен 1 жылға айырылуы мүмкін екенін жазған едік.