Жол ережесін бұзатын жүргізушілер мобильдік қосымша арқылы анықталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілер мобильдік қосымшаның көмегімен анықталатын болады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жол қозғалысын автоматты қадағалаудың тиімділігін арттыру үшін Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша «Қорғау – қауіпті жүргізуші» мобильдік қосымшасы жасалды. Онда «Сергек» жүйесі камералары мен ІІМ жедел басқару орталықтары қызметінің мүмкіндіктері біріктірілген. Мобильдік қосымшаға келіп түскен мәліметтер дереу полиция қызметкерлерінің планшеттеріне түседі. Бұл жол қозғалысын бұзған автомобильдерді нақты уақыт режимінде анықтауға мүмкіндік береді», - деді Шұғыла Тұрлыбек министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, аталған қосымшаның көмегімен жалған мемлекеттік нөмірлі автомобильдерді, техникалық байқаудан өтпеген және сақтандыру полисі жоқ көлік иелерін анықтауға болады.

Сондай-ақ әкімшілік айыппұлдарды төлемей жүрген көлік иелерін табуға болады.

«Полиция қызметкері жүйе арқылы 10 минуттің ішінде 2 немесе одан көп заңды бұзған «қауіпті жүргізуші» туралы ақпарат алып, дереу шара қабылдайды. Мобильдік қосымша биыл 19 сәуірден бастап Шымкентте, 25 сәуірден бастап Алматы мен Нұр-Сұлтанда енгізілді. Аталған қалаларда жүйе жұмыс істеген сәттен бастап жол қозғалысы саласында 26 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар 1 078 автокөлік ұсталып, айып тұрағына жеткізілді», - дейді ол.

Министрлік өкілі қазіргі уақытта жаңашылдықтың Өскемен және Атырау қаласында енгізілгенін айтып өтті.

«Мысалы, Нұр-Сұлтанда ресейлік нөмірі бар ВАЗ 2114 автокөлігі ұсталды, оған 4 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Шымкент қаласы бойынша шетелдік тіркеуі бар 1041 автомобиль ұсталды, олар 4033 рет жол қозғалысы ережесін бұзған», - дейді Ш. Тұрлыбек.


Соңғы жаңалықтар