Жол ережесін бұзатындардың 10%-ы өрескел құқықбұзушылыққа жол береді — ІІМ
АСТАНА. KAZINFORM — Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елімізде цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологиялары кеңінен қолданылып келеді. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі Ақтоты Боранова BIZDIÑ ORTA подкастында айтты.
Ақтоты Боранова сұхбат барысында Ішкі істер министрлігі жол қозғалысы саласына цифрлық технологияларды 2006 жылдан бастап енгізіп келетінін алға тартты. Оның сөзінше, заман талабына сәйкес жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін түрлі цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр. Қазіргі таңда жасанды интеллект мүмкіндіктері де қолданылып жатыр.
— Мәселен, Астананың өзінде тәулігіне шамамен 500 мың көлік қозғалады. Соның ішінде жүргізушілердің 30 пайызы жол қозғалысы ережелерін бұзады. Ал олардың 10 пайызы өрескел заңбұзушылықтарға жол береді, — деді Ақтоты Боранова.
Спикердің айтуынша, жол қозғалысы саласындағы барлық өзгеріс пен бақылау тетіктері ең алдымен жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
— Заңнамадағы қатаңдату шаралары, айыппұл мөлшерінің өсуі немесе орташа жылдамдықты бақылау жүйесінің енгізілуі — бәрі де жол ережесін өрескел бұзатын жүргізушілерге қатысты қабылданған шешімдер. Бұл шаралар жол қозғалысының қалған қатысушыларының қауіпсіздігін қорғауға бағытталған, — деді ведомство өкілі.
Сонымен қатар ол жол қозғалысы ережелерін сақтаған азаматтарға ешқандай айыппұл салынбайтынын атап өтті.
— Егер жүргізуші жол қозғалысы ережелерін бұзбаса, оған айыппұл да келмейді. Сондықтан барлық жүргізушіні құқықбұзушы деп қарастыруға болмайды. Дегенмен жол ережесін бұзатын азаматтардың үлесі әлі де жоғары, — деп түйіндеді Ақтоты Боранова.
Бұған дейін Абай облысында бір тәулікте 91 бұзушылық анықталғанын жазғанбыз.
Сонымен қатар Алматыда бір тәулікте 2 мыңнан астам заңбұзушылық тоқтатылды.