11:10, 15 Мамыр 2009 | GMT +5
Жол картасы аясында 260 мың жұмыс орны құрылады - «Нұр Отан» партиясының Халықтық тұғырнамасын жүзеге асыру
АСТАНА. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының «Қазақстанның өсіп-өркендеуі мен қазақстандықтардың игілігі үшін» Халықтық тұғырнамасында жазылғандай,

мемлекет барлық азаматқа лайықты жұмысқа ие болу мүмкіндігін беруге талпынуы керек. Партия өзінің сайлауалды тұғырнамасында жыл сайын мыңдай жаңа жұмыс орнын ашуға, әлеуметтік және арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыру тәжірибесін кеңейтуге, еңбекпен қамтылған халықты кәсіптік дайындауға, іскерлік белсенділікті ынталандыруға және әкімшілік тосқауылдарды жоюға қол жеткізу ниеті туралы мәлім еткен болатын. Әлемдік дағдарыстың ел экономикасына әсерінің күшеюіне байланысты, Үкімет ағымдағы жылы еңбекпен қамтамасыз ету және жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі арнаулы шаралар қабылдауда. Бұл мақсаттар үшін жергілікті атқарушы органдарға республикалық бюджеттен қосымша 140 миллиард теңге бөлінсе жергілікті бюджеттен тағы 51 миллиард теңге бағытталды. Елбасының «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауының тапсырмаларын орындау үшін Үкімет әзірлеген Жол картасының аясында 4,7 мың жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, нәтижесінде 260 мың жұмыс орны ашылады. Кадрларды кәсіби дайындау және қайта мамандандыру үшін қосымша 14,4 миллиард теңге бөлу қарастырылған, ол соманың 11,5 миллиард теңгесі өңірлерге үлестіріледі. Оған қоса Үкіметтің бастамашылығы бойынша, жергілікті атқарушы органдар мен ірі кәсіпорындардың арасында әлеуметтік жауапкершілік туралы меморандумдар жасалуда. 2009 жылғы қаңтардың 1-індегі жағдай бойынша республикада 74,5 миллиард теңге соманың әлеуметтік жобаларын жүзеге асыру туралы 4 мыңға жуық меморандум жасалған. Қазіргі уақытта республиканың 4 874 кәсіпорнымен жұмыс орындарын сақтау, адамдарды жаппай жұмыстан босатудың алдын алу туралы меморандумдар жасалып, бұл құжаттар 727 мың жұмысшыны қамтып отыр. Түгелге жуық кәсіпорындар бүкіл персоналды толық еңбекпен қамту туралы міндеттеме қабылдаған.