«Жол картасы» бағдарламасы ел ішінде оң өзгерістерге серпін беріп отыр - Мәжіліс депутаты Е.Тарасенко

ОРАЛ. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Жазғы демалысын пайдаланып, елге келген халық қалаулылары сайлаушыларымен кездесіп, өткен кезеңге есеп беріп, жаңа іс-жоспарларымен бөлісуде. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі БҚО-дан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенкомен сұхбаттасқан еді.
None
None

- Елена Ивановна, тек облыс орталығы ғана емес, аудандармен де тығыз байланыс ұстап келесіз. Елден нендей өзгеріс байқадыңыз, халықтың тұрмыс-тіршілігі қалай екен?

- Бұл жолы Орал өз алдына, Бөрлі, Зеленов, Тасқала аудандарында болып қайттым. Аталған аудандардағы ауылдық округтердің тұрғындарымен кездестім, хал-жағдайларымен таныстым. «Нұр Отан» ХДП тапсырмасымен «Жол картасы» бағдарламасының орындалу жағдайын бақыладым. Ауыл тұрғындарының ажары жақсы, көңілдері көтеріңкі. Жұмыстарын жасап, малдарын бағып, бау-бақшаларын өсіріп, қалыпты тіршілік етуде. Тұрақты жұмысы жоқ жастардың біразы биылғы жазда «Жол картасы» бағдарламасы бойынша жұмысқа ілігіпті. Қазір ауылдағылар бұрынғыдай қалаға көп жүгірмейді, керегінің бәрін сол жерден табады. Мұнда ауыл шаруашылығы, бау-бақша өнімдерінен бастап, қолдан жасалған тұрмыстық заттарға дейін сатылады екен. Ел аралап жүріп, мал азығын артығымен әзірлеп, қалғанын саттыққа шығарып, өздерін де, өзгелерді де ризалап жүрген ауыл адамдарын көріп қуандым. Қазір бұрынғыдай емес, ауыл адамдары нарықтық қарым-қатынасты жақсы түсінген. Ауылдардағы мектеп, балабақша, клуб, ауруханалар мен медпункттерге, жолдарға «Жол картасы» бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала орталығында да аталмыш бағдарламаның беделі жоғары. "Жол картасы" бағдарламасын жүзеге асыру аясында қала ішіндегі жолдар жөнделіп, аймақтар абаттандырылуда. Осы бағдарламаның негізінде 30 жасқа дейінгі жастар қайта оқудан өтіп, үш рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілген. Нәтижесінде жұмыссыздар саны қысқарған. Бұл дағдарыстан кейінгі кезеңнің бірте-бірте қалыпқа түсіп келе жатқанын көрсетеді. Осы орайда «Жол картасы» бағдарламасының көптеген жобалардың дүниеге келуіне түрткі болып, атқарылар істерге серпін беріп отырғаны қуантады.

- Көпшілік сізді Жайық өзенінің жанашыры ретінде жақсы біледі. Аталмыш өзенді сақтап қалу бағытында қазіргі таңда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Жағдайы жылдан-жылға нашарлап бара жатқан Жайық өзенінің мәселесін көтеріп жүргенімізге көп болды. Өзенді сауықтыру мақсатында облыс және республика көлемінде қыруар шаруа атқарылды. Атап айтсақ, көптеген жиындар мен дөңгелек үстелдердің, министрліктер мен Ресей елінің өкілдері қатысқан көшпелі отырыстардың нәтижесінде біз Үкімет назарын осы мәселеге аудара алдық. Жайық өзенін сауықтыру жұмысын бірігіп атқару қажеттігі жөнінде көрші мемлекет өкілдерінің құлағына құйдық. Бұл мәселе тіпті Қазақстан және Ресей Президенттерінің қатысуымен өткен шекаралық аймақтардың форумдарында бірнеше мәрте талқыланды да. Нәтижесінде қос мемлекет арасында Жайық бассейнінің экожүйесін сақтау жөнінде қор құру туралы ұсыныс та жасалды. Бірақ әзірге бәрі сөз жүзінде. Ал жағдайы күннен-күнге мүшкілденіп бара жатқан Жайық өзені бұл мәселені тез арада шешуді талап етіп отыр. Сондықтан құр жиналыс өткізе бергенше, тікелей іске көшкен жөн. Ол үшін мынандай кешенді шараларды жедел түрде жүзеге асыру керек. Біріншіден, мол қаржылы және өкілеттілігі жоғары арнайы қор құрылуы тиіс. Екіншіден, Жайық бойында су қоймаларын салуға тыйым салатын уақыт жетті. Себебі Жайық бассейнінің жоғарғы бөлігінде орналасқан Верхнеуральск, Магнитогорск, Верхнекумакск, Ириклин секілді ірі су қоймалары өзеннің төменгі бөлігіне келетін су көлемін азайтып жіберді. Үшіншіден, Жайық өзенінің жағасы мен түбін тазалау жұмысын жедел түрде жүзеге асыру керек. Бір ескеретін нәрсе, Жайық өзенін құтқаруға байланысты іс-шаралардың барлығын да екі мемлекет бірігіп қолға алуы керек. Өзеннің бір шеті көрші ел аймағында болғандықтан, жеке-дара жасалған іс-әрекет бәрібір өз нәтижесін бермейді. Сондықтан Жайық өзенінің проблемалық мәселесін шешу жөнінде екі мемлекет біріге отырып, арнайы бағдарлама жасауы керек. Әрі қарайғы жұмыстардың бәрі осы біріккен бағдарлама аясында жүргізілуі тиіс.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылдың аяғына дейін Жайық өзенінің экожүйесін сақтау ісі бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясын құруды тапсырды. Жайық өзенінің экологиялық жағдайы биыл сәуір айында Санкт-Петербург қаласында өткен Еуразиялық Экономикалық Қауымдастықтың Парламентаралық Ассамблеясы комиссиясының отырысында да талқыланды. Комиссия шешіміне сәйкес аталмыш мәселе бойынша алдағы күзде тағы да арнайы отырыс ұйымдастырылмақшы. Жайық өзенінің мәселесі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің облысқа биыл келген сапарында да талқыланып, маңызды шешімдер қабылданды.

Оралда бекіре өсіретін зауыт ашудың қажеттігі жөнінде де талай басқосуларда айтып жүрмін. Бекіре балығы уылдырықты негізінен біздің аймағымызда шашатындықтан, бекіре зауыты Орал қаласында салынуы тиіс. Бекіре өсіру арқылы облысымыздың экономикасын көтеруге болады. Бұл жөнінде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов те Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігі алдына мәселе қойғанымен, зауыт жайы әлі күнге дейін шешілген жоқ. Қазіргі таңда трансшекаралық өзен-көлдерге байланысты екі бірдей келісім жобасы жасалуда. Оларға алдағы қыркүйек айында Өскеменде өтетін Қазақстан мен Ресей шекаралас аймақтарының кезекті форумында қос мемлекет басшысы қол қояды деп жоспарлануда.

Сөздің реті келіп тұрғанда айта кетейін. Жайық өзенінің экологиялық жағдайын бақылау мақсатында ұйымдастырылып жүрген жорықтың маңызын кейбіреулер дұрыс түсінбейді. Жыл сайын шілде айының аяғына таман Жайық бойын жағалайтын жорықшыларды былайғы жұрт «демалып жүр» деп ойлайды. Іс жүзінде мүлде олай емес. Құрамында алпыс шақты мүшесі бар экспедиция биыл 14-ші рет жорық жасап, Жайық өзенінің жағдайын бақылады. Жыл сайынғы қадағалаудың нәтижесінде біз өзеннің экожүйесінің мүлдем нашарлап бара жатқанын дәлелдеп, республикалық деңгейде мәселе көтеріп жүрміз. Егер ештеңе көрмесек, білмесек, біз дабылды қалай қағамыз? Өзге жұртқа Жайық өзенінің жағдайы жөнінде не айтар едік? Мұндай жорықтар қарт өзеннің тыныс-тіршілігін өз көзімізбен көріп, жағдайын жұртқа жариялау үшін қажет. Сол үшін осындай жорықты жыл сайын ұйымдастырып жүрміз.

Биылғы жорық кезінде Орск қаласының тұсында «Таза Жайық өзені үшін» акциясын ұйымдастырдық. Өзен жағалауын тазалау барысында екі машина қоқыс жинадық. Бұл - тек бір ғана жерде жиналған қоқыс мөлшері. Осыған қарап-ақ бір кездегі ақ ерке Ақ Жайығымыздың қаншалықты ластанғанын бағамдай беруге болады. Өзен жағалауын тазарту үшін, меніңше, тұрақты түрде сенбілік жұмысын ұйымдастыру керек. Сонда ғана жылдар бойы жиналған қоқыс азайып, Жайық өзенінің жағдайы сәл де болса жақсарар еді.

- Елена Ивановна, енді депутаттық сауал мәселесі жөнінде айта кетсеңіз. Өзіңіздің тарапыңыздан жасалған депутаттық сауалдың қаншасы оң шешімін тапты?

- Қиын жағдайларын айтып, жәрдем сұраған хаттарда толас жоқ. Бұған қоғамдық қабылдаулар кезінде айтылған өтініштерді қосыңыз. Қолымнан келсе, жергілікті билік орындары арқылы мәселелердің түйінін сол жерде шешіп тастағанды жақсы көремін. Кейде көтеріліп отырған мәселенің деңгейіне қарай жоғарғы жаққа жеткізу үшін депутаттық сауал жолдауға тура келеді. Мысалы, «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-дағы кеме жасау ісі мен Желаев кентіндегі орта мектептің құрылысы осы депутаттық сауалдың нәтижесінде жүзеге асты. Сондай-ақ еліміздегі балалар-жасөспірімдер туризмін дамыту мақсатында көтерілген мәселе де мемлекет тарапынан қолдау тапты, нәтижесінде «Менің Отаным - Қазақстан!» атты оқушылардың республикалық жорығын ұйымдастыру жұмысы қолға алынды. Депутаттық сауалдың әсерімен Оралдағы кондитер фабрикасы үшін қантқа квота бөлінді. Дариян орта мектебінің оқушылары да біздің араласуымызбен автокөлік жүргізуді үйренуге мүмкіндік алды. Бұл - орындалған талап-тілектердің тек басты-бастылары ғана. Жоспарлы түрде өтіп тұратын «Үкімет сағатында» өз өңіріміздің түйінді мәселелері бойынша министрлерге сұрақтар қойып, олардың нақты жауаптарын елге жеткізуге асығамыз.

Соңғы жаңалықтар