«Жол картасына» сәйкес күрделі жөнделген ауылдық мәдениет үйі қайта ашылды - Батыс Қазақстан

1998 жылы сол кездегі шаруашылық басшысы, марқұм Қайыржан Тоқсановтың күш салуымен іргесі қаланған мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын «Данс Сат-Строй» кәсіпорны жүргізді. Кескін-келбетін заман талабына сай жаңартуға республикалық бюджеттен 30 миллион тенге қаралып, бұл күнде аталмыш қаражат толықтай игерілді. Ажары келіскен мәдениет үйінің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Алтай Кульгинов, облыс әкімі аппаратының басшысы Амангелді Даулетжанов, Қаратөбе ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин қатысып, тұрғындарға «құтты болсын» айтты.
Егіндікөл мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Әлимаш Бақытжанқызының сөзіне қарағанда, жаңа үлгідегі шағын диско, компьютер, кең көлемді дыбыс шығарғыш сынды саз аспаптармен жабдықталған мәдениет үйінде би, эстрада, қобыз, драма үйірмелері жұмыс жасайды. Болашақта үйірмелер саны көбейе түспек.
200 орындық ғимараттың есік-терезе, едендері ауыстырылып, төбесі мен қабырғасы ГВЛ-мен қапталған. Тоқ көздері жаңартылып, электр жылыту жүйесі жөнделген. Бөлмелерге дабылқаққыштар орнатылған. Ауласы темір қоршаулармен қоршалып, көгалдандыру жұмысы да жоғары дәрежеде жүргізілген. Жөндеу жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылды.