“Жол картасының” халыққа тигізер көмегі көп - Қызылорда

Бағдарламаның санаулы уақытта ел көңілінен табылуы сондықтан шығар. Бұл бағытта Арал ауданында атқарылып жатқан істер ауқымды. Солардың бірі - көлік инфрақұрылымын дамыту, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жүргіншілерге қызмет көрсету жақсарта түсуде. Қала орталығындағы «Тәуелсіздік алаңы» жанынан «Жолаушы-Сервис АБ» ЖШС-нің иелігіне жер бөлініп, автобекет құрылысы салынды. Заманауи үлгідегі автобекет тұрғындар көңілінен табылуда. Аралдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 99 шақырымына асфальт, 192 шақырымына тас төселген. Жол қатынасының аудан экономикасының өсуіне, ауыл-аймақтардың дамуына қаншалықты әсер етері белгілі. Жол сапасын жақсартуға қомақты қаржы бөлінуде.
«Жол картасы» аясында «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқабай- Абай» автокөлік жолын орташа жөндеуге республикалық бюджеттен 179 млн 612 мың теңге қаралды. Бұл жердегі нысандарда 103 адам еңбек етуде. Жергілікті маңыздағы автокөлік жолдарын ағымдағы жөндеуге, күтіп-ұстауға аудандық бюджеттен 28478 мың теңге қаржы бөлініп, тиісті шаралар жүргізілуде. Аманөткел елді мекені тұсындағы қалқымалы көпір тозығы жеткендіктен, жарамсыз күйге түскен еді. Сырдарияның арғы жағалауындағы бірнеше ауылдың тұрғындарын бұл жайт қатты қинайтын. Алдағы уақытта мәселеге нүкте қойылмақшы. Жеке иеліктегі қалқымалы көпірді сатып алуға облыстық бюджеттен 12,0 млн теңге бөлініп, қазір жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр.
Үкімет тапсырмасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруда аралдықтар ынтымақпен жұмылуда. Президентіміз өз Жолдауында «Жолдарды, клубтарды, басқа нысандарды абаттандыру-көгалдандыруға, жөндеуге атаулы трансферттер бөлінуі тиіс. Әр ауыл әкіміне шамамен 50-100 миллион теңгедей бөлсек, тұрғындарға қажетті мәселелерді шешер еді», деп атап көрсеткен. «Жол картасы» негізінде абаттандыру, жол жөндеу, жарықтандыру, көгалдандыру шараларына Жақсықылыш, Сексеуіл кенттері мен Арал қаласына 50,0 млн теңгеден, 21 елді мекенге 1,0 млн теңге көлемінде облысттық бюджеттен қаржы бөлініп, игерілуде.
Мектеп, аурухана, өзгеде әлеуметтік нысандарға бағытталған 4 жобаға 105601 мың теңге бөлінді. Олардың ішінде №2 кәсіптік лицейдің бу қазандығына, №2 мектеп-интернаттың, аудандық аурухананың ғимаратын жөндеуден өткізу жоспары бар. Нақты кезеңде тендер жеңімпаздары анықталды. Жастар тәжірибесіне республикалық бюджеттен 16 млн 850 мың теңге қаралған. Әлеуметтік жұмыс орындарына мекеме, кәсіпорындармен жасалған келісімшарт бойынша тіркеуге алынған 115 жұмыссыз адамға жолдама берілді. Жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындарына бөлінген қаражатты қараша айына аралығында игеру межеленген. Елбасымыздың Жолдауында кадрларды қайта даярлау басты назарға алынған. «Жол картасымен» № 2 кәсіптік лицейге машинист-тракторист, электр монтері, автокөлік жүргізушісі, № 16 кәсіптік мектепке - газэлектрмен дәнекерлеуші, слесарь жөндеуші, кафель жапсырушы мамандығымен 150 жұмыссыз оқуға жіберілді. Биылғы жылы аймақта бой түзеген құрылыс нысандарында, жөндеу жұмыстарында 1350-ден астам адамды қосымша еңбекпен қамту мүмкіншілігі қарастырылған. Оның ішінде 884 адам «Жол картасы» бойынша нәпақа айырмақ.
Ауызсу, аяқсу жайы - аудандағы көкейтесті мәселелер. Дегенмен өңірлік бағдарлама шеңберінде біршама тірліктер тындырылды. Жылма-жыл бюджеттен қаржы бөлініп, елді мекендердегі су нысандары жаңартылуда. Биыл аудандық бюджеттен бөлінген 8606 мың теңгеге Шөміш ауылындағы су айдау стансасына, қоймалар мен құбырларға күрделі жөндеу жүргізілді. «Шоқ су» ЖШС газдалмаған таза ауызсуды 5 литрлік құтымен шығаруды жалғастыруда. Қазіргі таңда 16 адам жұмыс жасайды. Қала ішіндегі сор көлдер көзге ерсі көрінетін. Әрі экологиялық зардабы да анық байқалатын. Солардың бірі Қосымов көшесінде орналасқан еді. Оны жабуға қаралған 10 млн. теңге мақсатты жұмсалды. Ақбасты елді мекеніндегі скважинаны бұрғылауға 2008 жылы 32 млн теңгенің жұмыстары атқарылса, биыл қосымша 2,9 млн. теңге бөлінді. Ресейден алынған су тұщыту қондырғысы мәскеулік арнайы мамандардың қатысумен орнатылды. «Қос белгі» елді мекеніне электр жарығы жүргізілсе, Ақеспе, Аққұлақта медициналық бекеттер салынып, ел игілігіне берілді. Дағдарыс кезінде де өнім сапасын кемітпеу, құрылысты қарқындатып, жұмыссыздыққа жол бермеу бағыты бізді сүйсіндірді.