Жол қауіпсіздігі аудит институты енгізіледі - ІІМ

АСТАНА. 19 маусым. ҚазАқпарат - Елімізде жол қауіпсіздігі аудит институтын енгізу көзделеді. Аталмыш институт адами фактордан болатын жол апаттарын азайтуға септігін тигізбек.

Жол қауіпсіздігі аудит институты енгізіледі - ІІМ

Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында мәлім болды. Тоқтала кететін жайт, жалпы отырыста «Жол жүрісі туралы» заң жобасы талқыланған болатын.

Аталған заң жобасында басты жаңалықтардың бірі - жол-көлік оқиғаларының орын алу тәуекелін тудыратын ақауларды ерте анықтау мақсатында жолдар мен автокөліктердің технологиялық дайындығын қадағалау. Осыған орай, дайындық сараптамасын өткізетін жол жүрісі қауіпсіздігінің аудиті институтын енгізу қарастырылуда. Аудит институты негізінен дер уақытында өзгерістер енгізу үшін жобалау кезеңінде немесе құрылыстың бастапқы кезеңдерінде жолдың техникалық жобасындағы қауіпсіздік қаупін анықтауға мүмкіндік береді. Ал сараптама барысында ұсынылатын жаңа немесе жаңартылған жол ашылғаннан кейін оны пайдалану деңгейі бағаланады.

Заң жобасын әзірлеушілердің пайымынша, аудит институтын енгізу қауіпсіздікті арттыруға қатысты шығындарды едәуір үнемдеуге септігін тигізеді. Өйткені, ондағы тәжірибелер жол салу аяқталғаннан кейін емес, жол құрылысы барысында ескерілетін болады. Бұндай институттың тиімділігі әлемдік тәжірибелерде де байқалған.

Мәселен, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, жол салынып, ол қолданысқа берілгеннен кейін бір нәрсені өзгертуден гөрі оның кемшіліктерін жобалау немесе құрылысын салу кезеңінде жоюдың едәуір арзан болатынын айғақтайды. Сондықтан да, осы аудит институтын енгізу адами фактордан болатын жол апаттарын азайтуға септігін тигізеді.