Жол құрылысы саласында қандай мамандар жетіспейді

жол құрылысы саласы
Фото: «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК СҚОФ баспасөз қызметі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Елімізде биылдан бастап «Көлік құрылысы» білім беру топтары құрылып, жолшыларды кәсіби даярлау қолға алынбақ. Мақсат – жол құрылысы саласындағы бүгінде өзекті – маман тапшылығы мәселесін жою. 

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Солтүстік Қазақстан облысы филиалының мәліметінше, қазіргі таңда елімізде жалпы жолдардың ұзындығы 157 мың шақырым. Әлемде жолдардың ұзындығы бойынша 32-орында тұр, сапасы жағынан қандай деңгейде екенін тап басып айту қиын. Оған, ең бірінші осы саладағы мамандардың жетіспеушілігі себеп болып отыр.

Бүгінде елімізде кәсіби жолшыларды даярлайтын 8 жоғары оқу орны ғана бар. Атап айтар болсақ, Гончаров атындағы қазақ автомобиль-жол институты, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Қазақ қатынас жолдары университеті, Қарағанды техникалық, Дулати атындағы Тараз өңірлік және Торайғыров университеттері. Осы жоғары оқу орындарында ғана білікті кадрлар даярланады. Бірақ бұл еліміздегі кадр жетіспеушілігі мәселесін жояр емес. 

Жол саласы
Фото: «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК СҚОФ баспасөз қызметі

Әлі күнге дейін жолшы маманның мәребесі айқындалмағандықтан, азаматтық құырылыс, мұнай-газ саласын оқытатын мамандықтардың арасында жай ғана бағыт ретінде қосымша өтіледі. Яғни, бөлек мамандық құрылмаған. 

Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы мамандарының айтуынша, қазіргі таңда жол құрылысымен айналысатын компанияларда инженерлер жетіспейді. Бұған қоса зертханашылар, арнайы техника жүргізушілері де жоқтың қасы. Бұл өз кезегінде жолдың сапасына кері әсер етуде. Жалпы еліміздегі жергілікті атқарушы билікте жол құрылысы бағытында 1500 адам еңбек етсе, солардың тек 10 % ғана арнайы мамандыққа ие. 

Жол саласы мамандары
Фото: «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК СҚОФ баспасөз қызметі

Жоғары оқу орындары берген мәліметке сүйенсек, 2023-2024 оқу жылында «Жол және аэродромдар құрылысы» мамандығы бойынша барлығы 670 студент білім алып жатыр. Олардың 646-сы - бакалавр, 24-і - магистрант. Ал «Көпір және тоннель құрылысы» мамандығы бойынша 84 студент оқып жүр. Олардың 4-еуі ғана магистратурада. Тағы бір айта кететін жайт, соңғы 10 жылда елімізде жол құрылысы мамандығы бойынша небары 253 адам ғана магистр атанған. Ал докторантураға бірде-бір мемлекеттік грант бөлінбеген. 

Жол саласы
Фото: «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК СҚОФ баспасөз қызметі

Петропавл қаласына келер болсақ, Гуманитарлық-техникалық колледжде «Автомобиль жолдары және аэродромдар құрылысы» мамандығы жастар тарапынан сұраныстың жоқтығынан 2021 жабылып қалған. 

«Биылдан бастап елімізде «Көлік құрылысы» білім беру бағыты құрылып, оған автокөлік жолдары мен аэродромдар, теміржол және көпірлер, транспорттық тоннельдер, газ-мұнай құбырлары құрылысы мамандықтары енгізілді. Бұл жолшылар көптен күткен жаңалық. Біздің Ұлттық орталық мамандары осы мәселені ұдайы көтеріп келген еді. Тек республикалық деңгейде ғана емес, өңірлерде де орталықтың филиалдары мектептердегі жоғары сынып оқушыларымен жүздесіп, осы мамандықты таңдауға шақырып жатыр. Кәсіптік бағдар беру жұмыстары аясында кездесулер өтіп жатыр», - дейді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК СҚО филиал директоры Жолдыбай Тентеков. 

Жол саласы
Фото: «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК СҚОФ баспасөз қызметі

Еске салсақ, бұған дейін Петропавлда судан зардап шеккендерге алғашқы 7 пәтер алынғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар