Жол мәселесі: Көлік жолдарының жағдайы мен жөндеу жұмыстары

1 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдады. Бұл Жолдауда ол автокөлік жолдарының құрылысы мен сапасына қатысты сөз қозғады. Оның айтуынша, тиісті жұмыстар уақтылы әрі сапалы жасалмай отыр. Осы тұста мемлекет басшысы жыл соңына дейін нақты шаралар қабылданып, міндетін адал атқара алмаған компаниялар заң бойынша жауапқа тартылатынын баса айтты. Елдегі автожолдардың жағдайы қалай? Сала мамандары мемлекет басшысының күдігін жою үшін қандай жұмыс атқарып жатыр? Бұл туралы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.
None
None

Жыл соңына дейін атқарылатын жұмыстар

Еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы - 96 мың шақырым. Соның 25 мың шақырымы - республикалық маңызы бар жолдар, ал 71 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар.

Көлік министрлігінің дерегінше, жыл соңына дейін реконструкциядан өткен 1 мың шақырымнан аса жол пайдалануға беріледі.

Қазіргі таңда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр.

Биыл 6,4 мың шақырым автожол жол-құрылыс жұмыстарымен қамтылған, соның ішінде 3,6 мың шақырым - жолды қайта жаңарту болса, 2,8 мың шақырымы - жөндеу жұмыстары.

Бұл жобаларды орындау үшін 8 мыңнан аса жол-құрылыс техникасы мен 12 мың маман жұмылдырылған.

Атқарылған жұмыстың нәтижесіне қарасақ, 1 мың шақырымнан аса автожолдарды қайта жаңарту жұмыстары аяқталған. Енді ол учаскелер бойынша қозғалысты ашып, жыл соңына дейін 856 шақырымын пайдалануға беру көзделген.

Бұдан бөлек, тозу қабатын қалпына келтіру бойынша ортамерзімді жөндеу жұмыстарын жүргізу қорытындысы бойынша 826 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланған.

Міндеттемелерді жүзеге асыру барысында құрылыс жұмыстарының құны қымбаттауы және жобаға түзетулер енгізуге байланысты қиындықтар туындадаған. Соған байланысты қосымша уақыт қосылған.

Атап айтқанда, батыс өңірлердегі жобаларға 1 мың шақырымнан аса тасымалдау қашықтығына байланысты теміржол көлігімен инертті материалдарды жеткізудегі тапшылық пен күрделілік айтарлықтай әсер еткен.

Дегенмен жолшылар айналма жолдарды қысқартып, жаңа асфальт арқылы қозғалысты ашуға барынша күш салып отыр. Елімізде бірнеше бағыт бойынша мыңдаған шақырым жол жөнделіп жатыр.

Көлік министрлігі дерегінше, «Орталық – Оңтүстік» дәлізі – жалпы ұзындығы 946 шақырым. Қазіргі таңда 74%-ында қозғалыс ашылған.

Жыл соңына дейін тағы 200 шақырымнан астамын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал «Қарағанды – Балқаш» жолының жалпы ұзындығы – 363 шақырым. Оның 321 шақырымында қозғалыс ашылған.

Сондай-ақ 288 шақырымды құрайтын «Балқаш – Бурылбайтал» тасжолының 183 шақырымы ел игілігіне берілген. «Құрты – Бурылбайтал» автожолы - 228 шақырым. Бүгінде оның 179 шақырымында көлік жүре бастаған.

Бұдан бөлек 67 шақырымнан тұратын «Құрты – Қонаев» учаскесінің де жартысына жуығы жөндеуден толық өтіп болған. «Мерке – Бурылбайтал» жолының ұзындығы – 262 шақырым.

Қазір соның 62 шақырымы пайдалануға берілген, оған қоса қозғалыс барлық ұзындығында қамтамасыз етілген. Ондағы жұмыстар келер жылы толық аяқталып, жол магистралі пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

«Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасына» (Астраханьға) тартылған 732 шақырым тасжолдың бүгінгі таңда 630 шақырымнан астамында қозғалыс іске асырылды. Келер жылдың соңына дейін қалған жұмыс аяқталады деп жоспарланып отыр.

Жоспар бойынша, жоба 2023-2024 жылдары кезең-кезеңмен аяқталып, пайдалануға беріледі. «Ақтөбе – Қандыағаш» – ұзындығы 96 шақырым, қозғалыс 68 шақырымы бойынша іске асырылып отыр. «Қандыағаш – Мақат» – ұзақтығы 359 шақырым.

Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Нысан осы жылдың соңына дейін пайдалануға беруге дайындалып жатыр.

«Атырау – РФ шекарасы (Астраханьға)» – ұзындығы 277 шақырым, қозғалыс 204 шақырымда ашылған. Жыл аяғына дейін қозғалысты толық ашу және 40 шақырымын пайдалануға беру жоспарланған.

«Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» – жол ұзақтығы 768 шақырым. Қозғалыс 670 шақырымында жүріп жатыр. «Үшарал – Достық» – ұзындығы 180 шақырым. Негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған.

Нысан осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Жұмыстың аяқталуы аймақтың туристік кластерінің дамуына оң әсер етеді және Қытай елімен шекараға кедергісіз өтуді қамтамасыз етпек.

Тағы бір маңызды жобалардың бірі - Батыс Қазақстан облысындағы ұзындығы 245 шақырым болатын «Қазталов – Жәнібек», «Өнеге – Бейсен – Сайқын» күрделі жөндеу жобасы.

Қазіргі кезде қозғалыс 185 шақырымға жуығында іске асырылып жатыр.

Жол құрылысы саласындағы міндеттер

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі штабта республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды салу және реконструкциялау мәселелері қаралды.

Жиында Көлік министрі Марат Қарабаев Президенттің 2029 жылға дейін республикалық желідегі 8 мың шақырым жолды сапалы салу және реконструкциялау міндетін қойғанын баяндады.

Мәселен, таяу жылдары жалпы ұзындығы 4,7 мың шақырым негізгі автожол жобаларын кезең-кезеңмен іске асыру жоспарланып отыр.

Олар саланы жаңғыртуға және Транскаспий халықаралық көлік бағытында республиканың транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Министрдің дерегінше, қазіргі таңда республикалық маңызы бар жолдардың бойында 1,6 мыңнан астам қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді, оның 78%-ы ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді.

«Жыл соңына дейін тағы 78 жаңа нысанды, сондай-ақ 2025 жылы санитарлық-гигиеналық қондырғыны іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы 2029 жылға қарай Ұлттық стандартқа сәйкес келетін 300-ден астам жаңа қызмет көрсету нысанының құрылысы жүргізілмек»,-деді министр.

Жергілікті жолдар желісіне келетін болсақ, бүгінгі таңда 70 мың шақырым жолдың 85%-ы – нормативтік жағдайда. Биыл әкімдіктер 4,2 мың шақырым жолда жұмыс жүргізуде.

Жалпы 2029 жылға дейін облыстық және аудандық маңызы бар 14 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған.

Сонымен қатар автожол саласын реформалау аясында автожолдар салу процесін бақылауды күшейту тетіктері енгізіліп, нормативтік құжаттар жетілдірілуде.

Премьер-Министр көлік саласы елдің экономикалық дамуының локомотивтерінің біріне айналуы тиіс екенін атап өтті.

Биыл тәулігіне 50 мыңға жуық автокөлікті өткізуге мүмкіндік беретін «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы» алғашқы концессиялық жобасы іске асырылды.

«Алматы – Қарағанды», «Талдықорған – Өскемен», «Мерке – Бурылбайтал», «Ақтөбе – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахань» сияқты ірі автожол жобалары аяқталуға жақын.

Жол сапасы

Бұл ретте Үкімет басшысы жол сапасы жиі сынға ұшырап жататынын тілге тиек етті.

«Тұрғындардан түсетін шағымдар туралы білесіздер. Қарапайым адамға ол республикалық деңгейдегі жол ма, әлде жергілікті жол ма, ешқандай айырмашылығы жоқ. Оған үйдің жанында, қалада, ауылда немесе елді мекендер арасында жақсы жолдар қажет. Бұл бәрімізге, біздің экономикамызға қажет»,-деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы құрылыс маусымы аяқталуға жақын екенін, сондықтан қыркүйек айында жол-құрылыс жұмыстарын айтарлықтай жандандыру қажеттігін атап өтті.

Оның айтуынша, бірқатар өңірде жол салуға арналған бюджет қаражатын мақсатсыз және тиімсіз пайдалану жағдайлары орын алуда.

Мәселен, Жетісу облысының прокуроры ақшаны заңсыз жұмсау фактілерін анықтаған, нәтижесінде жалпы сомасы 3 млрд теңгеге 35 конкурс бойынша рәсімдер тоқтатылды.

Сонымен қатар үкімет басшысы тағы бір маңызды мәселеге кеңінен тоқталды. Ол – автомобиль жолдарымен ауыр жүк машиналарының жүруі.

«Бір жолды жөндеу және салу кезінде жүк көліктері басқа жолдарды, соның ішінде жаңадан жөнделген жолдарды бүлдіретін жағдайлар жиі кездеседі. Мысалы, Қарағанды облысындағы «Нарманбет – Балқаш» автожолында жаңадан жөнделген жол бойынша Шұбартау карьерінен кен тасымалдана бастаған. Кен тиелген жүк көлігінің салмағы – 60 тонна. Нәтижесінде жаңа асфальт бүлінді. Мұндай мысалдар көп, тіпті қалаларда да кездеседі»,-деді Әлихан Смайылов.

Қорыта келе, «ел жағдайын жол жағдайынан білуге болады» дейтін қағидаға сүйенсек, елдегі жолдың жағдай көп елден, соның ішінде Кения мен Танзания секілді мемлекеттерден де артта қалған.

Мәселен Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингі бойынша, Қазақстан жол сапасынан 141 елдің ішінде 93-орында екені белгілі болып отыр.

Ал сарапшылар біздегі жолдардың сапасын Моңғолия, Уганда, Эфиопиядан да төмен екенін айтуда. 2025 жылға қарай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жолдардың 95 пайызы жөнделіп бітуі керек.

Оны енді уақыт көрсетеді...


Соңғы жаңалықтар