Жол-патруль көлігіне мініп, қалжыңдаған алматылық қамалуы мүмкін
ІІД қызметкерлері мониторинг жүргізу барысында әлеуметтік желідегі жігіттің суретін көріп, оны заңбұзушылық санатына жатқызған.
«Әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жас жігіт полиция жол-патруль көлігінің капотына отырып түскен суретін жариялаған. Суретте ол қолына сыра ұстап, ортаңғы сұқ саусағын шошайтып, ағылшын тілінде боқтық сөзін жазған. Онымен қоймай, сол бағыттағы «хэштэг» жалғаған. Қоғамға таралған бұл сурет біздің назарымыздан тыс қалмады. Факт бойынша, ҚР ҚК 378-бабының 2-тармағына сәйкес іс қозғалды. Суреттің және посттың авторы М есімді тұрғын өз кінәсін толығымен мойындады. Ол бұл әрекетке мас болғандықтан барғанын айтып, ақталды. Алайда, бұл сылтауы оны қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды. Ол мұндай әрекетке жұрттың назарын аудару үшін барғанын да айтты», - дейді ІІД Анықтау басқармасының басшысы Рүстем Әбдірахманов.
Полицейлердің ескертуінше, егер кімде-кім қызмет бабында немесе қызмет бабына байланысты билік өкілдерін мазақ етсе, 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл төлейді немесе 120 сағат қоғамдық жұмысқа жегіледі немесе 5 тәулікке қамалады.
Полицейдің айтуынша, М есімді тұрғынның бұл қылмыстық әрекеті БАҚ немесе телекомуникация жүйесі арқылы жасалғандықтан қатаңырақ болмақ. Сот енді оны 300 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге немесе 240 сағат қоғамдық жұмыс жасауға немесе 75 тәулікке қамауы мүмкін.