Жол полициясында жемқорлық бар екендігін мойындаймын - Қасымов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның жол полициясы 100 пайыз видеотіркеуші құралмен қамтылуы керек. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында өтіп жатқан «Жол қозғалысы саласындағы құқықтық реттеудің жай-күйі мен проблемалары» тақырыбындағы парламенттік тыңдау барысында еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Парламенттік тыңдау барысында сенатор Сергей Ершов министрден жол полициясы арасындағы жемқорлықтың жоғары екендігін айта келе: «Өкінішке орай, сіз өзіңізді баяндамаңызда бұл мәселеге тоқталмадыңыз. Ішкі істер министрлігі жемқорлық деңгейін төмендету үшін қандай шаралар қолдануда?» - деп сұрады.

Қасымов өз сөзінде жол-патрульдік қызметтің штат санының үлкендігін, 12 мың полиция қызметкері бар екендігін атап өтті.

«Біз өзіндік қауіпсіздік қызметімен олардың қызметтеріне тексеру жүргіземіз. Шынымен де бұл қызметте жемқорлыққа қатысты фактілер көп. Бұған қоса, жемқорлыққа қарсы қызмет, яғни, қаржы полициясы да тексеру жүргізеді. Бар, біз мұны мойындаймыз», - деді ол.

Сонымен қатар министр жол полициясы қызметкерлерін іріктеу қатаң жүргізілетіндігін, оларға күнделікті бақылау жасалатынын айтты.

«Қазіргі уақытта біз техникалық құралдар, видеотіркеу құралдарын енгізіп жатырмыз. Біз полиция қызметкерлеріміз, заң бұзушымен қалай сөйлесіп, қалай жұмыс істеп  жатқанын көріп отыру үшін 100 пайыз видеотіркеу құралдарымен қамтылғанын қалаймыз», - деді Қасымов.

Оның айтуынша, жол полиция қызметкерлерінің жалақысы, баспанамен қамтылу деңгейі  төмен. Сондықтан министрлік бұл мәселені шешу шараларын қарастыруда. Жергілікті әкімдіктер де полиция қызметкерлерін жалдамалы жатақханалармен қамту мәселесіне қол ұшын берсе дұрыс болар еді.

«Біз бұл қызметтегі жемқорлық көріністерін түбегейлі жою үшін  қатаң шаралар қолданатын боламыз»,-  деді Қасымов.   

Соңғы жаңалықтар