Жол саласындағы техникалық қадағалауды Құрылыс министрлігі құзырынан шығару керек – депутат

АСТАНА. KAZINFORM – Облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың сапасы төмен. Бұл туралы Сенатта жолдардың мәселесін талқылауға арналған Үкімет сағатында сенатор Әлібек Нәутиев мәлім етті.

жол жөндеу
Фото: Алматы облысының әкімдігі

- Мұның негізгі - себептерінің бірі автомобиль жолдарын салу және жөндеу объектілеріндегі техникалық қадағалау деңгейінің жеткіліксіздігі. Мәселен, Жол активтері сапасының ұлттық орталығы соңғы 5 жылда жұмыс жүргізу объектілерінде техникалық қадағалау қызметтері болмауының 500-ден астам фактісін анықтады, - деді Ә.Нәутиев.

Оның айтуынша, мұндай объектілерде сапасыз жол-құрылыс материалдарын пайдалану және технологияларды сақтамау жағдайлары анықталып, өз кезегінде жолдардың сапасына теріс әсер етіп отыр. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамада мұндай фактілер үшін қадағалау қызметіне ықпал ету шаралары қарастырылмаған.

- Осыған орай, қадағалау қызметтерінің жауапкершілік шараларын заңнамада бекіту қажеттігіне назар аударамыз. Айта кету керек, қазіргі уақытта автомобиль жолдары саласындағы техникалық қадағалауды реттеуге қатысты функциялар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің қарауында. Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу сапасын арттыру үшін бұл функцияларды Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне беру ұсынылады. Бұл автомобиль жолдары саласында техникалық қадағалауды жүзеге асыратын заңды тұлғаларды аккредиттеу қағидаларын бекітуге, аккредиттеуді жүргізуге, сондай-ақ аккредиттелген ұйымдардың тізілімін жүргізуге және басқа да іс-шараларға қатысты. Бұдан басқа, білікті, оның ішінде сараптама бөлігіндегі кадрлардың тапшылығы мәселелері жоқ емес. Мәселен, көп жағдайда техникалық қадағалау сарапшыларының тиісті жол білімі жоқ және сол техникалық қадағалау жол объектілерінде де, азаматтық құрылыс объектілерінде де жұмыс атқаратыны белгілі. Бұл жағдай жалпы автожол саласына тән. Жұмыс берушілер кадрлардың біліктілігін арттыруға қызығушылығы жоқ екені байқалып отыр, - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, сенатор жергілікті жолдардың сапасына қатысты проблеманы атады.

 

Соңғы жаңалықтар