Жол жөндегенде алынған белгілер неге орнына қайта қойылмайды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласының жүргізушілері жол жөндеу жұмыстары кезінде алынып тасталған жол белгілері қайта қойылмайтынына, ал керісінше уақытша белгілер сол күйі алынбайтындығына шағымданды.

а
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы / Kazinform

Жүргізушілер әбігерге түсті

Жыл сайын қала көшелерінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатады. Сол кезде жол шеттеріне жылдамдықты шектейтін белгілер қойылады.

— Жол жөнделіп біткеннен кейін белгілер алынбай қалатынына талай мәрте куә болып жүрмін. Бұл мәселе қаладан шығар тасжолдарға да қатысты. Мәселен, Самар тасжолындағы Лайлы шатқалы маңында жол орташа жөндеуден өткен болатын. Алайда тиісті жұмыстар аяқталса да жылдамдықты шектейтін белгі 2 айдан астам уақыт бойы алынбай тұрды. Мұндай жағдай өзге де учаскелерде жиі кездеседі. Не себепті жол жөндеу жұмыстары әлдеқашан мәресіне жетсе де, уақытша белгілер қалып қояды?! Бұған кім жауапты? — дейді Самат есімді көлік жүргізушісі.

Ал кей жүргізушілер мұндай белгілерді мүлде елемейтіндіктерін айтты. Себебі олардың пікірінше, белгілер өзектілігін жоғатқан. Сондықтан уақытша белгіде көрсетілген жылдамдықты сақтамай жатады.

Тағы бір мәселе — жол жөндеу жұмыстары кезінде алынып тасталған жол белгілерінің қайта қойылмайтындығы.

— Жібек маталар комбинаты ықшамауданындағы Сәтбаев даңғылында 1-ші бағдаршамнан оңға бұрылғанда атауы жоқ көше шығады. Бұл көшенің бойымен жүре отырып Жастар көшесіне бұрылуға немесе Есенберлин даңғылына өтуге болады. Осы қиылыста бұрын, атауы жоқ көшенің бойында «Жол беріңіз» белгісі бар болған. Кейіннен жол жөндеу жұмыстары жүргізілген соң, белгі алынып тасталды да қайта қойылмады. Кей жүргізушілер бұрынғы әдетіне салып, алынып тасталған жол белгісіне бағынып, Жастар көшесінен шыққан көлікке жол беріп жатады. Дегенмен егер жолда белгі орнатылмаса, жүргізушілер оң жақтағы көлікке жол беруі тиіс. Кей жүргізушілер қарапайым ережені ескермегендіктен жол-көлік оқиғасы да болады. Әсіресе, тұрғындар жұмысқа барар не қайтар уақытта дәл осы қиылыста кептеліс болып, жүргізушілер әбден әбігерге түседі. Сол жерге «Жол беріңіз» белгісі орнатылғанын тосып жүргенімізге ай емес жыл болды, — дейді Еркебұлан Мұхамедов.

а
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы / Kazinform

Полиция не дейді?

Жүргізушілер көтерген мәселелерге қатысты ШҚО полиция департаментіне хабарластық.

Департаменттің әкімшілік полиция басқармасының өкілі Денис Галиев алынбай қалатын уақытша жол белгілері туралы сауалға жауап берді.

— Жүргізушілер асфальт төселіп біткен соң уақытша жол белгілері алынбағанын айтып, шағымданып жатады. Бірақ бұл белгілерді алуды ұмытып кетті деген сөз емес. Көбіне жолдағы жұмыс әлі толық аяқталмаған. Атап айтқанда, жолақ сызу, қосымша белгілер қою деген секілді. Сондықтан кей жағдайда мұндай шектеулердің тұруы орынды, — дейді Денис Галиев.

Оның айтуынша, жол белгілерінің талапқа сәйкес орнатылуын қамтамасыз ету және бақылау — полиция құзіретінде. Ал белгі орнату және оларды уақытында алып тастау — жол жөндеу жұмысын жүргізетін мердігер ұйымның жауапкершілігінде.

— Біз уақытша қойылған жол белгілерінің бірден алынып отырылуын бақылауға тырысамыз. Бірақ кейде бәрін бірдей қамту мүмкін болмай жатады, — дейді полиция өкілі.

Жібек маталар комбинаты ықшамауданындағы алынып тасталып, қайта қойылмаған жол белгісіне қатысты сұрақты Kazinform тілшісі Өскемен қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Еркін Саттыбаевқа қойып көрді.

— Иә, сол жерде бұрын «Жол беріңіз» белгісі тұрған. Егер тұрғындар қажет десе онда қарастырайық. Таңертеңгі және кешкі кептелісте нақты қанша көлік өтетінін есептейік. Сосын бір шешім шығарамыз, — дейді ол.

Еске салсақ, осыған дейін Алматы облысы әкімінің орынбасары жол апатына ұшырағаны хабарланған.

 

Соңғы жаңалықтар