ЖОЛАМАН БАТЫР

Жоламан Тіленшіұлы (т. ө. ж. б.) - қазақ халқының ХІХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Ресей империясының отаршыл саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бірі, халық батыры. Кіші жүз құрамындағы Жетіру тайпалары бірлестігінің табын руынан шыққан.
None
None

ХІХ ғасырдың 20-жылдарының басында Ресей империясының Орынбор әкімшілігі Елек өзенінің бойындағы Табын руының жерлерін тартып алып, бекіністер сала бастайды. Орал, Елек, Бердянка, Құраты өзендерінің бойында 29 бекініс бой көтеріп, ол Жаңа Елек шебі деп аталды. Ресей империясы әкімшілігінің мұндай отарлау саясатына қарсылық білдіріп, Жоламан батыр бастаған бір топ Табын руының адамдары 1823 жылдың үшінші қыркүйегінде Орынбор генерал-губернаторы Эссенге хат жолдайды.  Қазақтардың жер мәселесін қарайтын комиссия төрағасы Шерғазы хан олардың бұл талаптарын заңсыз деп танып, наразылық қимылдарына қарсы әскер күші қолданатынын ескертеді.  Мұндай өктем жауап Жоламан батыр бастаған Табын руының қазақтарының қарулы көтеріліске шығуына түрткі болады.

1835 жылға қарай олардың қатарына Жағалбайлы, Алшын, Арғын, Қыпшақ тайпаларының адамдары қосылып,  Ресей империясының отаршыл саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілісшілерінің саны үш мыңға жетеді.  Көтерілісшілерге  қарсы Орынбор әкімшілігі арнайы әскери бөлімдер жіберіп, көтерілісті басып тастауға күш салады.

 ХІХ ғасырдың 30-жылдарының ортасынан бастап Жоламан батыр Кенесары Қасымұлы жасағымен бірігіп, Ресей империясының отаршыл саясатына қарсы күрес жүргізеді. Кенесары ханның қолы оңтүстікке қарай бет алғанда Жоламан батыр бастаған көтерісшілер тобы ыдырай бастайды. ХІХ ғасырдың 40-жылдарының басында Жоламан батырдың өзі  Бұхараға қоныс аударады.  Одан кейінгі тағдыры белгісіз.

 

 

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы,  4 том

Соңғы жаңалықтар