Жолаушы аз, шығын көп: Түркістандағы әуежай сенімгерлік басқаруға беріледі
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Бүгінде Түркістан халықаралық әуежайы Түркістан облысы әкімдігінің коммуналдық меншігінде.

Түркістандағы халықаралық әуежайдың қаржылық көрсеткіштері қазіргі таңда нәтиже бермей келеді. Жолаушылар ағыны мен жүк айналымының төмен болуы әуежайдың қаржылық шығындарын ақтамай отыр. Осыған байланысты әуежайды сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылданған.
Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, әуежайды сенімгерлік басқаруға беру арқылы оның инфрақұрылымын дамыту, халықаралық бағыттарды кеңейту және экономикалық тиімділігін арттыру көзделген. Бұл мақсатта бастапқыда вьетнамдық «Sovico Group» компаниясымен меморандум түзілген болатын. Алайда әуежайды дамыту бойынша қойылған талаптармен аталған компания келіспеген.
Бүгінде отандық «Alpha Sky» әуе компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Компанияға қойылатын талаптардың қатарында жаңа әуе бағыттарын ашу, туристік және жолаушылар ағынын ұлғайту, жүк тасымалы көлемін арттыру, сондай-ақ үш жыл ішінде әуежайды табысты нысанға айналдыру міндеттері қарастырылған. Келіссөздер нәтижесінде Түркістан халықаралық әуежайын 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беру жоспарланып отыр.
— Түркістан халықаралық әуежайындағы жолаушылар ағыны мен жүк айналымы динамикасының аз болуынан аталған нысан өз шығындарын жаппай отыр. Сондықтан әуежайды сенімгерлік басқаруға беру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл ретте әуежайды сенімгерлік басқаруға беру арқылы алдағы үш жыл ішінде оның табыстылығын қамтамасыз ету көзделген, — делінген басқарма таратқан ресми хабарламада.
Қазіргі уақытта Түркістан халықаралық әуежайында 4 халықаралық бағыт бойынша (Ыстанбұл, Кувейт, Абу-Даби, Самарқанд) және 7 ішкі бағыт бойынша (Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қостанай және Қарағанды) тұрақты әуе қатынасы қамтамасыз етіліп келеді.
Айта кетейік, бұдан бұрын әуежайда қандай сөздерді айтуға болмайтындығын жазған болатынбыз.