Жолаушылар пойыздарын жаңарту деңгейі қалай

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы елімізде жолаушылар вагондары мен локомотив тапшылығы қалай шешіліп жатқаны бойынша ақпарат берді.

пойыз
Фото:  «Жолаушылар тасымалы» АҚ

- «Жолаушылар тасымалы» АҚ бекітілген жоспарларға сәйкес, жылжымалы құрам паркін жүйелі түрде жаңартып келеді. Қазіргі уақытта компанияның вагон паркінде 2 171 вагон бар. Оның ішінде 1 951 вагон жолаушылар тасымалына арналған, ал қалған 220-сы техникалық, жүк, мейрамхана және басқа да вагон санатында. Жолаушылар тасымалы саласындағы қызмет сапасын арттыру үшін инфрақұрылымды және жылжымалы құрамды жаңарту бойынша кешенді жұмыстар атқарылып жатыр, - делінген ҚТЖ-ның Kazinform агенттігіне берген жауабында. 

Компания ақпаратына қарағанда, 2014-2024 жылдар аралығында 1 046 жаңа вагон сатып алынып, көптеген жолаушылар пойыздары жаңартылды. Оның ішінде 2024 жылы Петропавл қаласындағы отандық зауытта өндірілген 118 жаңа вагон пайдалануға берілді. Кейінгі 10 жылда жүргізілген бұл шаралар нәтижесінде жолаушылар вагондары паркі 50 пайыздан астам деңгейде жаңартылды.

Сонымен қатар, қазіргі кезде «ҚТЖ-Жолаушылар локомотивтері» ЖШС-да жолаушыларды тасымалдауға арналған 201 локомотив бар.

- 2025 жылы серіктестік 12 локомотив, ал 2026 жылы 24 локомотив сатып алуды жоспарлады, осылайша локомотивтердің жолаушылар қозғалысына толық қажеттілігі қамтамасыз етіледі, - деп аталып өткен ҚТЖ ақпаратында.

Еске салсақ, былтыр желтоқсан айының аяғында Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстандағы жалпы локомотивтердің тозу деңгейі 61 пайыз болғанын айтты. Сонымен қатар ол жүк тасымалдайтын вагондар жеткілікті екенін атап өтті.

 

Соңғы жаңалықтар