Жолаушылар тасымалдау үлкен жауапкершілікті жүктейді – қызылордалық маман
Қарапайым халық қоғамдық көлік қызметін пайдаланады. Сондықтан күн ұясынан көтерілген уақыттан бастап жолаушылар тасымалдау ісімен айналысатын бағдарлы автобус жүргізушілеріне жүктелетін міндет үлкен. Қайнаған тіршіліктің бел ортасында жүрген қарапайым еңбек адамдары қандай құрметке де лайық. Оларға қандай міндеттер жүктеледі? Осы орайда Kazinform тілшісі «Қызылорда Автобус паркі» ЖШС өндірістік-техникалық қызмет бөлімінің басшысы Ерлан Сәрсенбаевты әңгімеге тартқан еді.
– Кейінгі жылдарда Қызылорда қаласында автобус жағдайы жақсара түсті. Бұл бағытта қандай іс-шаралар жүзеге асты?
– Облыс басшылығының қолдауымен қалаға соңғы үлгідегі автобустар келіп жатыр. Бұл автобус жетіспеушілігін азайтты. Тұрғындар үлкен сыйымдылықтағы қоғамдық көлікпен діттеген жеріне уақытылы жететін болды. Оған қоса, бұрынғыдай автобусты жиі жөндеп әуреге түспейміз. Ендігі міндетіміз – жаңадан келген қоғамдық көліктерді жиі-жиі тексеріп, таза ұстауға тырысамыз.
Айта кетерлігі, қазір «Қызылорда Автобус паркіне» қарасты барлық қоғамдық көлікте электронды төлем қондырғысы орнатылған. Тұрғындар тарапынан сол жүйе бойынша жолақы төлеушілер қатары артып келеді. Өз жұмысыма ризамын. Маңдай термен тапқан табысыма отбасымды асырап, халық алғысын алып жүрген жайымыз бар.
– Автобус жүргізушілеріне қандай талаптар қойылады? Жұмыс қай уақыттан басталады?
– Автобус жүргізушілері таңғы сағат 5-тен бастап арнайы медициналық тексерістен өтеді. Содан кейін барып өз жұмысына кіріседі. Өйткені, адам өмірі үшін барлығымыз жауаптымыз. Сол себепті әрбір автобус жүргізушісін медициналық тексерістен өткізу өте маңызды. Одан кейін автобустың техникалық жағдайы тексеріледі. Келесі кезекте олар жолға шығып, өз міндетін атқарады.

– Қазір халықтың қоғамдық көлікке отыру мәдениеті қандай?
– Бұрынғы жылдарда бұған байланысты түсінбеуілік жағдайы кездесетін. Бүгінде халықтың қоғамдық көлікке отыру мәдениеті қалыптасқан. Автобуста балағат сөздер көп айтылмайды. Жол ақысын уақытылы төлейді. Кейде тұрғындар өз алғысын айтып, ризашылығын білдіреді. Біз секілді көлік жүргізушілері үшін халық алғысынан артық марапат жоқ.
– Жолаушыларды тасымалдау қай уақытқа дейін созылады?
– Кешке дейін бекітілген бағыт бойынша жүріп, тұрғындарды тасымалдаймыз. Көлік жүргізушісі қарапайым секілді көрінуі мүмкін. Алайда онда тұрақты жұмыс істеу оңай емес. Себебі халықпен тығыз қызмет ету үлкен жауапкершілікті жүктейді.
Мен 1988-1993 жылдары Қарағанды қаласындағы политехникалық институтында машина жасау технологиясы бойынша білім алдым. Еңбек жолымды 1993 жылы «Рисмаш»-ЖШС-ы мекемесінде инженер-конструктор ретінде бастадым. Одан бері бірнеше мекемелерде осы сала бойынша қызмет етіп жүрдім. Қазіргі таңда «Қызылорда Автобус паркі» ЖШС мекемесінде өндірістік техникалық қызмет бөлімінде жұмыс істеймін.
– Әңгімеңізге рақмет.