Жолаушылар тасымалы дауына байланысты әкім орынбасары мен 9 шенеунік жазаланды
АСТАНА. KAZINFORM — Көлік прокуратурасы облысаралық, қалааралық және ауданішілік жолаушылар тасымалы бағыттарына қызмет көрсету құқығына арналған конкурстардың заңдылығын тексерді.
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, тексеру барысында бірқатар өңірде конкурстық рәсімдер кезінде тасымалдаушыларға заңсыз кедергілер жасалғаны анықталды. Сонымен қатар кейбір компанияға негізсіз артықшылық берілген. Бұл жағдай заңнама талаптары мен адал бәсекелестік қағидаттарының бұзылуына әкелген.
— Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында облыс әкімінің орынбасары және жергілікті атқарушы органдардың бірқатар басшысы бар, — делінген хабарламада.
Әкім орынбасарына қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жасалса, қалған шенеуніктерге сөгіс жарияланды.
Көлік прокуратурасы жолаушылар тасымалы саласында заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін жыл басынан бері Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына 2 мыңнан астам бақылау жүргізіп, 627 қызметкерді жазалағанын хабарлағанбыз.