Жолаушылар вагоны қашан толық жаңарады

Вагон
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Жәнібек Тайжанов еліміздегі жолаушылар вагоны қашан толық жаңаратынын айтты.

Сенаттың жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдері компания басшысынан елімізде қанша ескі жолаушылар вагоны бар екенін сұраған болатын.

«Біздің, ұлттық тасымалдаушының паркінде мұндай шамамен 600 вагон болса, жеке тасымалдаушыларда да ескі вагондар бар. Олар 80-90 жылдары шығарылған, пайдаланылғанына 28 жылдан асып кетті. Мұндай вагондарда ауа баптау жүйесі шығарушы зауыт тарапынан қарастырылмаған, дәретханалары да стандартты емес. Олардың есептен шығару мерзімі бар. 2030 жылы барлық ескі вагон есептен шығарылады», - деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта компания ескі вагондарды жаңарту, жаңа вагондар сатып алу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Қазірдің өзінде шамамен 150 вагон сатып алынып, 157 вагонға келісімшарт жасалды. 2025 жылы Штадлер жаңа вагондары жеткізіледі деп күтіп отырмыз. 2030 жылға қарай парктің орташа жасы шамамен 10-13 жыл болады және олар жақсы, жаңа вагондар», - деді Жәнібек Тайжанов.

Еске салсақ, бұған дейін «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Жәнібек Тайжанов еліміздегі темір жол билетіне қатысты ахуалға пікір білдірген болатын. 

Соңғы жаңалықтар