«Жолаушы маршруттарының қауіпсіздігі» атты республикалық акция басталды
Акцияның мақсаты - Қазақстан аймағында жолаушы тасымалын ұйымдастыру мен жүзеге асыруда қауіпсіздікті қамтамасыз ету және реттеу бойынша тиімді шараларды қабылдап, алдын алу.
Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әділет Барменкұлов қала аралық жолаушылар тасымалдау нарығында қалыптасқан жағдай туралы мәлімдеп, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі жолаушылар мен жүк тасымалына лицензиялауды енгізу мәселесін көтеріп жатқандығы туралы хабарлады.
Бұған себеп болып отырғаны - қала аралық жолаушылар тасымалының қазіргі жағдайы. Мысалы, тек қана Астана қаласының вокзал маңындағы алаңынан Қарағанды мен Көкшетау бағытында күн сайын 50-ге таман микроавтробустар мен жеңіл автомобильдер жолаушыларды тасымалдауда. «Шанхай» базары сияқты жолаушыларды жөнелтуге арналған кездейсоқ орындарынан күн сайын 10-20 автобустар оңтүстік өңірлерге жөнелтіледі. Аталған көліктің барлығы жолаушылар тасымалдау жұмысын тұрақсыз түрде және тиісті рұқсат құжаттарсыз ұйымдастырған.
Жолаушылар тасымалындағы автобус жүргізушілері жолаушылар мен жүкті тасымалдау ережелерінің талаптарын елемейді. Оның ішінде еңбек және демалыс тәртібін сақтамай, рейс алдындағы медициналық және техникалық бақылауды өтпейді. Ал, автобустар мен жеңіл автокөліктердің орташа пайдалану мерзімі 15 - 20 жылдан асады.
Үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында жоғарыда аталған бағыттардағы автобустар қатысуымен 73 жол-көлік апаты болды.
Өзекті мәселелердің бірі, жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шараларды тиімді жүзеге асырудың кедергісі - ҚР жалпы пайдаланыстағы автожолдарда, қала шекаралары немесе өзге де елді мекендердің аймағында бекеттерден тыс шекаралық көлік бақылау органдар қызметкерлерінің автокөлік құралдарын тоқтатуға құқығы жоқтығы болып табылады.