«Жолаушылар тасымалы» АҚ арзан билетті қайтарғанда ұсталатын айыппұлды алып тастады
Компанияның баспасөз қызметінен хабарланып отырғандай, билет санаттарының бағаларын саралау үшін 15 қаңтардан бастап «Жолаушылар тасымалы» АҚ билетті қайтарғаны үшін жолаушыға 1 мың теңгелік айыппұл салу тәртібінің күшін жояды. Бұл ретте айыппұл тек 3 500 теңгеге дейінгі билеттер бойынша жойылады. Аталмыш шара жолаушылар тарапынан түскен өтініштер негізінде қолға алынып отыр.
«Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылдың 30 сәуіріндегі №545 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында темір жол көліктерімен жолаушыларды, багажды, жүк багажын тасымалдау ережесінің» №255 тармағына сәйкес, құны 3 500 теңгелік билетті қайтару кезінде 1 000 теңгелік комиссиялық төлем алынады. Аталмыш шара билеттерді заңсыз қайта сатумен күресу мақсатында қолға алынған. Осыдан барып билеттерді қайтару деңгейі 30 пайызға төмендеген еді», - делінген хабарламада.
Компания алдағы уақытта жолаушылардың сұранысын қанағаттандырып, сервисті жақсарту мақсатында осы бағыттағы жұмысты жалғастырмақ.