Жолбарыстар мекендейтін резерваттың аумағы 450 мың гектарға дейін ұлғайтылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жолбарыстарды табиғи ортаға бейімдеу үшін «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағы 450 мың гектарға дейін кеңейтілді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазақстандық, ресейлік және халықаралық сарапшылар жолбарыстарды қайта жерсіндірудің ғылыми тұжырымдамасын әзірлеп, олардың тіршілік етуіне қолайлы аумақ ретінде Іле өзенінің маңайы мен Балқаш көлінің оңтүстік жағалауын таңдаған.
— Генетикалық зерттеулер Тұран және Амур жолбарыстарының бір-біріне өте жақын екенін көрсетті. Сондықтан Қазақстандағы жолбарыстар популяциясын қалпына келтіру үшін Амур жолбарысы таңдалды. Жолбарыс табиғаты сақталған жерде ғана тіршілік ете алады. Осы мақсатта «Іле-Балқаш» резерваты құрылып, биыл қаңтарда Үкімет қаулысымен оның аумағы 450 мың гектарға дейін ұлғайтылды, — деді Әлібек Қуантыров.
Резерват құрамына Ұзынарал түбегі, Балқаш көлінің аралдары мен халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар енгізілген.
Министрдің сөзінше, соңғы жылдары бұл аумақта жолбарыстардың табиғи мекенін қалпына келтіру және қажетті инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыртқыштардың өз бетінше тіршілік етуі үшін қоректік қорды көбейтуге ерекше көңіл бөлінген.
— Осы уақытқа дейін резерватқа 200-ден астам Бұқар бұғысы мен 140 құлан қоныстандырылды. Сондай-ақ жолбарыстардың қоректік қорын арттыруға бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді, — деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Іле-Балқашта екінші жолбарыс табиғатқа жіберілгені хабарланды. Резерватқа жіберілген екі жолбарыстың арақашықтығы қазір 20-25 шақырымды құрайтыны, әрі олардың қашан кездесуі мүмкін екені туралды жаздық.