Жолда демалу үшін кез келген жерге тоқтауға бола ма: жүргізушілер нені білуі керек

АСТАНА. KAZINFORM — Жолда шаршағанда немесе телефон қоңырауына жауап беру қажет болғанда көлікті жол жиегіне тоқтату ыңғайлы көрінуі мүмкін. Алайда Қазақстанда автомагистральдерде арнайы белгіленген орындардан тыс жерде тоқтауға тыйым салынады. Бұл талапты бұзу жүргізуші мен жолаушылардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

жол
Фото: Александр Павский/Kazinform

Қазақстанның Жол жүрісі қағидаларына сәйкес, автомагистральдерде «Тұрақ орны» немесе «Демалыс орны» белгілерімен белгіленген алаңдардан басқа жерлерде тоқтауға болмайды. Бұл талап «Автомобильдерге арналған жол» белгісі орнатылған жолдарға да қатысты. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

Неліктен жол жиегінде тоқтау қауіпті?

Автомагистральдерде көліктер жоғары жылдамдықпен қозғалады. Әсіресе қараңғыда, жаңбыр немесе қар жауған кезде жол жиегінде тұрған автомобильді дер кезінде байқау қиын. Көлік ағынына қараған жақтан түсу немесе жүріс бөлігіне жақын тұру да қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін.

Сондықтан ұзақ сапарға шыққанда демалыс уақытын алдын ала жоспарлап, арнайы тұрақтар мен демалыс алаңдарын таңдаған жөн.

Жолда амалсыз тоқтауға тура келсе, не істеу керек?

Жүргізушілерге мына қауіпсіздік талаптарын сақтау ұсынылады:

  • Авариялық жарық сигналын қосыңыз. Мүмкіндік болса, көлікті жүріс бөлігінен барынша қауіпсіз жерге шығарыңыз.

  • Авариялық тоқтау белгісін қойыңыз. Елді мекеннен тыс жерде белгі көліктен кемінде 30 метр қашықтықта орналасуы керек. Ол басқа жүргізушілерге анық көрінуі тиіс.

  • Жарық шағылыстыратын кеудеше киіңіз. Көліктен шығарда абай болып, мүмкіндік болса, қозғалыс ағынына қарама-қарсы жақтағы есікті пайдаланыңыз. Содан кейін жолдан қауіпсіз қашықтыққа, қоршаудың арғы жағына өтіңіз.

  • Қозғалыс жолақтарын кесіп өтпеңіз. Қауіпсіздік үшін жолдың жүріс бөлігінде жүрмеңіз.

  • Қажет болса, көмекке хабарласыңыз. Шұғыл жағдайда 112 нөміріне қоңырау шалуға болады. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жағдай туралы 1403 байланыс орталығынан ақпарат алуға болады.

Еске салайық, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов камераларды көлік жүргізу кезінде телефонға телмірген жүргізушілерді анықтауға бағыттауды тапсырған еді.