20:20, 04 Қаңтар 2016 | GMT +5
Жолда толғақ қысқан Астана тұрғынына шұғыл көмек көрсетілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағандылықтар ақтүтек боранда қар құрсауында қалған жолаушыны құтқарды. Ол елордадан Шымкентке бет алған, деп хабарлайды 24.kz.

Жолда толғағы басталған Астана қаласының тұрғынын қарағандылық дәрігерлер облыстық перинаталдық орталыққа дереу жеткізген. Жедел көрсетілген көмектің арқасында Шолпан Сәрсенбаеваның аман-есен жаны қалып, қол-аяғын бауырына алды. Дүниеге Нұргүл есімді қыз бала келді. «Ана мен баланың жағдайы жақсы», - дейді дәрігерлер.
«Біз барлық аналарға ескерту жасаймыз. Босанар алдында алыс жолға шығуға болмайды. Қазіргі уақытта біздің перинаталдық орталықта аудан, қалалардан келіп босанып жатқан аналар көп. Біз оларды үйлеріне қайтармай отырмыз. Себебі ауа райы қолайсыз, боран. Өмірлеріне қауіп төнуі мүмкін»,- дейді облыстық перинаталдық орталықтың директоры Сәуле Аманбекова.