Жолда тұрып қалған автобустан 36 шетелдік құтқарылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда жолда тұрып қалған автобустан 36 жолаушы құтқарылды. Олардың 13-і — бала.
Павлодар облысы Май ауданы Қаратерек ауылынан 20 шақырым жерде шетелдік жолаушылар мінген автобус істен шығып тұрып қалған. Құтқарушылар
полиция қызметкерлерімен бірлесіп, автобустан 36 адамды, оның ішінде 13 баланы эвакуациялады.
— Жолаушылардың барлығы Семей қаласынан Шымкентке транзитпен бара жатқан Өзбекстан Республикасының азаматтары болып шықты. Жаңбырлы және төмен температура жағдайында барлық жолаушы жедел түрде жақын маңдағы жылыту пунктіне жеткізіліп, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, — деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.
Автобус та елді мекенге сүйретіп апарылған.
Құтқарушылардың жедел әрекеттерінің арқасында жолаушылардың ешқайсысына медициналық көмек қажет болмаған.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында жолаушылар автобусы аударылып, бір адам қаза тапты.