Жолдарымыз сапасыз емес, күтім көрмеген – Дархан Иманашев

уәде
Фото: Дамир Ерубаев

АСТАНА. KAZINFORM – «ҚазАвтоЖол» ҰК» басқарма төрағасы Дархан Иманашев «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат берді. Сұхбат барысында ол жол салуға сырттан қарыз алынуы, жол құрылысына шетелдік компаниялардың тартылуы, отандық компаниялардың әлеуеті, саладағы жемқорлық сынды мәселелерге қатысты сауалдарға жауап берді.

Жолдарымыздың 90 пайызы қарыз қаражатқа салынып жатыр

«Қазақстандағы жолдардың 90 пайызға жуығы сыртқы қарыз есебінен салынып жатыр. Себебі, бюджет есебінен жол салуға қаражат қарастырылмаған. Ал сыртқы қарыздарды қайтарудың бірнеше жолы бар. Біріншісі – концессия арқылы, яғни ақылы жолдардан түскен қаражат есебінен өтеу. Екіншісі – бюджеттен жеңілдетілген несие беру арқылы қайтару. Үшіншісі – республикалық бюджет есебінен. Қарызды «ҚазАвтоЖол» өзі тікелей немесе Көлік министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитеті арқылы қайтарады. Қазіргі уақытта елімізде республикалық маңызы бар 25 мың шақырым жол бар. Соның бәріне «ҚазАвтоЖол» жауапты. Бүгінде аталған жолдардың 3 100 шақырымында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Оның 2 мыңға жуық шақырымын биыл пайдалануға беруіміз қажет», - деді Дархан Иманашев.

Оның атап өтуінше, салынған жол пайдалануға берілер алдында 5 сатылы, яғни жолды көтеру, қиыршық тас, асфальтты бетон төсеу сынды жұмыстар аяқталғаннан кейін техникалық және авторлық қадағалау мамандары, компания өкілдері тексеруден өткізеді. Мұнан бөлек, Көлік министрлігіне қарасты «Сапа» орталығы «ҚазАвтоЖол» қабылдап алған жол учаскелерін қосымша тексеріп шығады. Жолға қажетті материалдардың міндетті түрде сертификаты болуы тиіс.

қазавтожол
Фото: Дамир Ерубаев

Сонымен қатар олар құрылысқа пайдаланылар алдында зертханалық тексеруден өткізіледі.
Жол саласындағы мәселелер

Компания басшысының сөзіне қарағанда, еліміздің жол саласында бірнеше мәселе бар. Оның ішінде 2017, 2019 жылдары басталғанымен әлі күнге аяқталмаған бірнеше жобаны айтуға болады. Бұл жолдардың құрылысы ұзақ уақытқа созылып кеткен. Бірақ, құрылыс жұмыстарының созылуының өзіндік себептері бар екендігі де рас.

«Мәселен, қаражат мәселесі туындайды. Оны шешсең битум мәселесі алдан шығады. Өздеріңіз де білесіздер. Елімізде битум тапшы. Маусымдық кезеңде битумға сұраныс 2-3 есеге артады. Қазақстанда битум шығаратын бірнеше зауыт бар. Айталық, биылға 1 млн 200 мың тонна қажет. Ал зауыттар 500 мың тонна ғана шығарады. Осы мәселеге орай зауыттармен кездестік. Олар өнім шығару көлемін 1 млн тоннаға дейін артта алатындықтарын айтады. Бірақ, өнім – маусымдық. Қыста оған қажеттілік жоқ. Сондықтан зауыттар қыста мазут шығарады. Себебі, қыста ешқандай елде жол салынбайды. Қыста жазға дайындық жүргізіледі. Яғни, қиыршық тас дайындайды, техникаларын жөндейді, жол құрылысына қажетті зауыттарды бір жерден екінші жерге көшіреді. Мердігер компаниялар өздеріне тиесілі учаскенің қыста қарын тазалайды. Өйткені, олар жол салу барысында сол учаскеге 100 пайыз жауапты», - деді ол.

Жолдардың 70 пайызын шетелдіктер салып жатыр, отандық компаниялар талапқа сай емес

Дархан Иманашевтің атап өтуінше, елімізде республикалық маңызы бар жолдардың 70 пайызын шетелдік компаниялар салып жатыр. Оның көпшілігі – қытайлық компаниялар. Осыған орай таяудағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жол саласына отандық компанияларды көптеп тарту туралы тапсырма берген болатын. Алайда, еліміздегі жолдардың басым бөлігі сыртқы қарыз есебінен салынып жатқандықтан шетелдік банктер тарапынан жоғары талаптар бар. Ал отандық компаниялар ол талаптарға сәйкес келмейді.

уәде
Фото: Дамир Ерубаев

«Мысалы, бір жол учаскесі 100 млрд теңге тұрады делік. Соны салатын компанияның 7 жыл бойы жыл сайынғы қаржы айналымы 80-90 млрд теңге болуы тиіс. Ал елімізде ондай қаржы айналымы бар жол саласында мұндай компания жоқ. Егер жолдарды республикалық бюджет есебінен салсақ, онда отандық компаниялар ол талаптарға сай келер еді. Шетелдік банктердің тағы бір талабы - өзге елде де жол салу тәжірибесінің болуы. Ал біздің мердігерлер оған да сәйкес келмейді. Бүгінде біз бұл мәселені қалай шешеміз? Қазіргі уақытта шетелдік компаниялармен сөйлесіп, біздің компаниялармен бірге тендер процедураларына қатысуды ұсынамыз. Сол арқылы отандық мердігерлердің деңгейін көтеру жоспарымызда бар», - деді «ҚазАвтоЖол» басшысы.

Сұхбат барысында компания басшысы 2 жолақты Қызылорда-Ақтөбе жолына тоқталды. Бүгінде ол транзиттік жол болғандықтан күніне 20 мыңнан астам көлік қатынайды. Сондықтан оны 4 жолақты жолға айналыру үшін шетелдік банктермен келіссөз жүргізіліп жатыр. Жалпы, еліміздегі республикалық маңызы бар жолдардың жағдайын орташа деп бағалауға болады. Мәселен, «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» салынғанына 10 жылдан астам уақыт өтті. Содан бері оған жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Жалпы, жол құрылысы нормативіне сәйкес, әр 5 жыл сайын орташа, әр 10 жыл сайын күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Осылай жолды күтіп ұстаған кезде ол 25 жылға шыдайды. Айталық, бетон жолдардың түйіскен жерлерінде термотігіс бар. Әр 5 жыл сайын оны ауыстырып, бетон үстіне қорғаныс қабатын құйып отыру қажет. Қазіргі уақытта қаражат бөлінбегеннен кейін мұндай жұмыстар істелмейді.

Ақылы жолдан түскен қаражат қайда кетеді?

«Тұрғындар «ақылы жолдарға ақша төлейміз, сапасы неге нашар?» деп жатады. Нормативтік құжаттарымызға сәйкес, ақылы жолдан түскен қаражатты тек жолды күтіп ұстауға жұмсаймыз. Оған не кіреді? Қыста және жазда жиектеріндегі шөпті ору, қоқыстарды тазалау, шұңқырларды бітеу жұмыстары кіреді. Ал орташа және күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен қаражат бөлінуі тиіс. Бүгінде елімізде 3 200 шақырым ақылы жол бар. Өткен жылы олардан 37 млрд теңге қаражат түсті. Сол қаражаттың бәрі жолдарды күтіп ұстауға жұмсалды. Сонымен қатар 350-ден астам арнайы техника сатып алынды. Биыл 1 700 шақырым шамасында ақылы жол енгіземіз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, елімізде 4 жолақты 1 шақырым жолды салуға 1 млрд 700 млн мен 2 млрд теңге шамасында қаржы кетеді», - деді ол.

Оның айтуынша, Ресей, Беларусь, Түркия сынды елдермен салыстырғанда біздегі ақылы жолдардың бағасы төмен. Сол себепті компания жолдардан алынатын ақыны көтеруге ниетті. Бірақ, қанша теңгеге қымбаттайтындығы белгісіз, есептеулер жүргізіліп жатыр.

Мұнан бөлек, компания басшысы бір шақырым жол салуға кететін қаражаттың неліктен қымбаттайтындығын қарапайым мысалмен түсіндіріп өтті. Мәселен, еліміздің Батыс Қазақстан облысында қиыршық тас мүлдем жоқ. Сондықтан өңір қиыршық тасты Ақтөбе облысынан не Ресейден алуға мәжбүр. Қиыршық тастың бастапқы бағасы 3 мың теңге болса, пойызбен не жүк көлігімен тасымалдау кезінде 13 мың теңгеге дейін қымбаттайды. Соның салдарынан минусқа кетіп, банкрот болатын компаниялар да бар.

иманашев
Фото: Дамир Ерубаев

Сондай-ақ ол компаниядағы жемқорлықты жою бағытында қолға алынған жұмыстарға тоқталды. Айталық, қазіргі уақытта компанияның барлық өңірлік филиалдарында жемқорлық фактілерін анықтау үшін ішкі аудит жүргізіліп жатыр. Мұнан бөлек, мекеме ішінде жемқорлыққа қарсы бөлім ашылмақ. Бұл бастаманы Көлік министрлігі де қолдап отыр. Жалпы, жол саласындағы жемқорлық фактілерінің учаскені қабылдау барысында орын алу ықтималдығы жоғары.

Сұхбат барысында Дархан Иманашев республикалық маңызы бар «Астана – Балқаш – Алматы», «Атырау – Астрахань», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Талдықорған – Өскемен» жолдары биыл аяқталатындығына уәде берді.

«Уәде беремін. Басқаша болмайды. Ол ұзақ уақыттан бері созылып кеткен мәселе. Одан ары созуға болмайды, оны мойындаймын. Жалпы біздің жолдарымыз сапасыз емес. Тек күтім көрмеген», - деді компания басшысы.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum