Жолдастық кездесу: «Қайрат» Алматыда «Пахтакордан» жеңілді

Командалар тартысты ойын өткізді. Бапкерлер жасыл алаңға негізгі құрам футболшыларымен бірге, жастарды да шығарды.
Ойынның бірінші кезеңінде қарсыластар бір-бірінің қақпасына жиі шабуылдады. Соған қарамастан, таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.
Екінші кезеңде де ойын қарқыны дәл осылайша өрбіді. Кездесудің соңғы минуттарында өзбекстандық клуб жеңіс голын соғып кетті.
Осылайша, «Қайрат» қарсыласынан 0:1 есебімен ұтылды.
Екі команда тоқсаныншы жылдарға дейін Орта Азия клубтары арасында ерекше қызығушылық туғызды. Қарсыластар сол жылдарда бір-бірімен 60 мәрте шеберлік байқасты. Оның 24-і «Қайраттың», 20-ы «Пахтакордың» басымдығымен аяқталса, қалғаны тең нәтижемен аяқталды. Соңғы рет командалар Алматыда 1990 жылдың 15 мамырында КСРО біріншілігінде кездесті. Бұл жолы да «Пахтакор» 1:0 есебімен басым түскен еді.
Ал, биылғы ақпанда Ташкент қаласында болған алғашқы жолдастық кездесуде өзбекстандық клуб 4:3 есебімен жеңді.