«Жолдау. 2025 жыл» деректі фильмінде қандай мәселелер қозғалды

АСТАНА. KAZINFORM – Президент телерадиокешенінің Деректі фильмдер орталығы түсірген «Жолдау. 2025 жыл» фильмі Jibek Joly телеарнасында көрсетілді. Туынды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауына арналған.

«Жолдау. 2025 жыл» деректі фильмінде қандай мәселелер қозғалды
Фото: Видеодан алынған скрин

Қазақстан аймақтағы жасанды интеллект орталығына айналуға ниетті

Деректі фильм барысында Astana hab директорының орынбасары Данабек Қалиаждаров Президенттің қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру бастамасына қатысты пікір білдіріп, мұны сыртқы қауымға насихат деп ойлайтындығын айтады.

«Жолдау. 2025 жыл» деректі фильмінде қандай мәселелер қозғалды
Фото: Видеодан алынған скрин

— Себебі қазір жасанды интеллект компаниялары артып, технологиялық гиганттар дамып жатыр. Президентіміз — дипломат. Сондықтан бұл Жолдау тек ішкі ғана емес сыртқы ойыншыларға да берілген ақпарат деп сенемін. Мемлекет басшысы да инвестиция, қаржы тарту, қаржыландыру керектігін атап өтті. Демек, «цифрлық экономикаға, жасанды интеллектке құйған инвестицияларыңыздың бәрін қалаймыз, қолдаймыз, оған жағдай жасаймыз, қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз» деген тұрғыдан айтылған, — деді ол.

Ал Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич Жолдауда айтыл мәселенің бәрі маңызды болғанын алға тартады.

«Жолдау. 2025 жыл» деректі фильмінде қандай мәселелер қозғалды
Фото: Видеодан алынған скрин

— Ең заманауи тақырып — жасанды интеллект. Қазақстан саланы дамытуға, аймақтағы орталыққа айналуға ниетті екенін білеміз. Бұл — болашақтың тақырыбы. Қазірдің өзінде жасанды интеллект жөнінде заң қабылдау жұмысы жүріп жатыр. Еуропалық одақта «Жасанды интеллект туралы актіні» қабылдадық, оны әрқашан насихаттаймыз. Себебі жасанды интеллект — керемет мүмкіндік қана емес, оның үлкен тәуекел де бар. Денсаулық сақтау, әлеуметтік жүйе сияқты салаларда деректердің қорғалмауы қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан бұл акт осы қауіптерді ескеріп жасалған, — деді Алешка Симкич.

Данабек Қалиаждаровтың пайымынша, елімізде ІТ және жасанды интеллект саласының дамуы жаман емес. Higgsfield, CodiPlay, CerebraAI сынды табысты жүзеге асырылған стартаптар бар. Оқушыларымыздың да жасанды интеллектіні меңгеруі өте жоғары. Мәселен, биыл тамызда Бейжіңде өткен жасанды интеллект бойынша жаһандық олимпиада Қазақстан АҚШ, Қытай сынды державаларды басып озып, әлем бойынша 4-орын алды.

— 20 млн халқымыздың бәрі болмаса да 2010 жылдан кейін дүниеге келген азаматтарымыз 5 жылдың ішінде жасанды интеллектіні 100 пайыз меңгеретіндігіне кәміл сенемін, — деді Astana hab директорының орынбасары.

Орта және жоғары білім саласында жасанды инттелектіні оқыту

Президент Жолдауда мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажеттігін айтқан болатын. Осы бастамаға қатысты пікір білдірген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мұндай бағдарлама Қытай, АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері мектептерінде ғана енгізілгенін алға тартады. 

«Жолдау. 2025 жыл» деректі фильмінде қандай мәселелер қозғалды
Фото: Видеодан алынған скрин

— Демек, қазіргі таңда жасанды интеллект жарысы осындай үлкен бәсекелестікпен басталды деп айтуға болады. Жолдау «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» деп жайдан-жай аталған жоқ. Шын мәнінде үлкен, түбегейлі ғылыми-технологиялық революцияның алдында тұрмыз. Оның негізгі күші, үлкен қайнар көзі жасанды интеллект технологиясы болмақ, — деді министр.

Сонымен қатар Саясат Нұрбек жоғары білім саласында биыл сәуірден бастап жоғары оқу орындарының студенттерін жаппай жасанды интеллект курстарында оқыту басталғанын атап өтті. 

«Жолдау. 2025 жыл» деректі фильмінде қандай мәселелер қозғалды
Фото: Видеодан алынған скрин

— 6 айдың ішінде 650 мың бакалавриат студенттерінің 429 мыңнан астамы сертификатқа ие болды. Қазір жаңадан ашылып жатқан Ұлттық жасанды интеллект орталығының негізінде инкубация, акселерация, яғни стартаптарды ғаламдық, әлемдік деңгейге шығаруға мүмкіндік болады. Төрт университетіміздің негізінде суперкомпьютерлер әкелінді. Екеуі — Алматыда, екеуі — Астанада. Демек, Қазақстан бүгінде әлемде жоғары оқу орны деңгейінде жаппай міндетті түрде жасанды интеллектіні оқытып жатқан алғаш елдердің бірі болды, — деді ол.

Су қауіпсіздігі

Су дипломатиясымен айналысатын мамандарды әзірлеу Жолдауда көтерілген маңызды мәселелерді бірі болды.

Президент
Фото: Ақорда

— Шын мәнінде, су — стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуға тиіс, — деген еді Мемлекет басшысы.

Ғылым және жоғары білім министрі бүгінде су қауіпсіздігі Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл аймақ үшін үлкен өзекті мәселе болып отырғанын айтады. Өйткені, Біріккен Ұлттар Ұйымы 2035 жылға қарай су қауіпсіздігі тұрғысында Орталық Азия қауіпті аймаққа айналатындығын алға тартып отыр.

— Сондықтан осыдан 2 жыл бұрын пилоттық жоба ретінде Әл-Фараби ұлттық университетінде су дипломатиясы бағдарламасы пысықталды. Былтыр Президенттің тапсырмасымен құрылған Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің негізінде Венгрияның атақты Карвинус университетімен біріккен бағдарлама басталады, — деді ол.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы имараттарын дамыту департаменті директорының орынбасары Жәнібек Қайшыбекұлы Ислам даму банкімен келісімшарт жасалып, оның аясында елімізге қомақты несие беріліп жатқанын атап өтеді.

— Сол несиенің көмегімен тек қана су каналдарын цифрландырып қана қоймай жаңа су қоймаларын салу, қолданыстағы су қоймаларын реконструкциялау мүмкіндідігін алып отырмыз. Биылдың өзінде 962 мың шақырым канал пайдалануға беріліп, 200 мың гектарға жуық суармалы алқап сумен қамтамасыз етілді, — деді Жәнібек Қайшыбекұлы.

Ет экспортына жол ашу керек

Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту — Үкіметтің стратегиялық міндеті. Бұл ретте басты мақсат — ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуетті де арттыру. Бұл Мемлекет басшысының Жолдауда Министрлер кабинеті алға қойған басты тапсырмаларының бірі.

Қазақстан ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев еліміздің экспорты мардымсыз екендігін айтады. Оған ет экспортына енгізілген квота және басқа шектеу шаралары кедергі келтіріп отыр. Ал Жапония, Корея, Тайвань сынды елдер бәсекеге қабілетті, елге мол табыс әкелетін өнім экспортын ынталандыруға күш салады.

— Әлемдік экономикамен интеграцияланған елміз. Өзіміздегі үлкен ресурстар арқылы өнімдерімізді көршілерге көбірек сатып, мол пайда табуымыз керек. Жайылымдық жеріміз Бразилиямен пара-пар. Ал Бразилия сиыр етін экспорттауда әлемде бірінші орында тұр. Жылына екі миллион тоннадан астам өнім экспорттап, 10 миллиард доллар пайда табады. Яғни, елге жылына 10 миллиард доллар валюталық кіріс кіреді. Бізде де осындай мүмкіндік болса ауылдық жерлердегі өмір сүру деңгейі мүлдем басқаша болар еді, — деді ол.

Одақ төрағасының айтуынша, қазақстандықтар сиыр етін көп тұтынады. Ал оның бағасынның өсуі азық-түлік қауіпсіздігі мен адамдардың көңіл-күйіне бірден әсер етеді.

— Етті мал шаруашылығын дамытуда тұрақты саясаттың болмауы бағаның көтерілуіне әкелді. Президент сол үшін де кемшілікті ашып айтуға мәжбүр болды. Жағдайдың сын көтермейтінін тілге тиек етіп, нақты тапсырма берді. Ең алдымен, әрине, ет экспортын дамытудың тұрақты саясаты қажет. Мұндағы принцип қарапайым. Біз неғұрлым көп өнім өндірсек, ол соғұрлым арзандайды. Идеядан алғаш пайда табуға дейін 6-7 жыл өтеді. Бұл шаруаны титықтатып жіберетін уақыт. Сондықтан біз «кәсіп істегісі келетін адамға типтік жоба бойынша инфрақұрылымы, жолы, электр қуаты, тұрғын үйі бар дайын ферма ұсынылу керек және ол дайын объектілер лизингке берілсе» деген ұсыныс айттық. Бұл мал шаруашылығымен жаппай айналысуға жол ашар еді, — деді Мақсұт Бақтыбаев.

Жолдау
Фото: Ақорда

Бір палаталы Парламенттің 3 артықшылығы

Президент Жолдауындағы ең басты бастама бір палаталы Парламент құру болды. Дәл осы бастамаға пікір білдірген саясаттанушы Қазбек Майгелдинов 2019 жылы Президент ұсынысымен қабылданған 5 саяси реформа топтамасының соңғы, қорытындылаушы нүктесі бір палаталы Парламентке көшу екенін айтады.

— Жалпы, қазіргі таңда бір палаталы Парламент Қазақстан үшін тиімді форма саналады. Себебі Конституциямыз бойынша мемлекеттік құрылымымыз — унитарлы. Унитарлы мемлекет үшін бір палата Парламент өте маңызды, қажетті құрылым болып есептеледі, — деді ол.

Ал Nazarbayev university деканының міндетін атқарушы, профессор Рикардо Пелиззо мұндай реформаның кемінде үш негізгі артықшылығы бар екендігін алға тартады.

«Жолдау. 2025 жыл» деректі фильмінде қандай мәселелер қозғалды
Фото: Видеодан алынған скрин

— Біріншіден, әлем елдерінің шамамен үштен екісі бір палаталы жүйеге негізделген. Яғни, бұл қадам Қазақстанды халықаралық тәжірибеге жақындатады. Екіншіден, шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Екі палата орнына бір палата болғандықтан, мемлекеттік шығын азаяды. Бұл қазіргі жағдайда өте маңызды. Үшіншісі, ең бастысы — заң шығару процесі жеңілдеп, жылдамдайды. Қос палаталы жүйеде заң жобасы алдымен бірінші палатада қаралып, содан соң екіншісіне жіберіледі. Егер пікір қайшылығы туындаса, оны шешуге уақыт кетеді. Ал бір палаталы жүйеде заңдарды жедел қабылдау мүмкіндігі артып, мемлекеттік басқарудың тиімділігі күшейеді. Бұл — ең маңызды артықшылық, — деді Рикардо Пелиззо.

Соңғы жаңалықтар