Жолдау әкелген өзгерістер тұралай бастаған саяси жүйемізге жан бітіреді - Қанат Әуесбай

Жолдау ең алдымен қазақ мемлекеттілігінің саяси жүйесінің жаңа, әрі сара жолын сипаттады.
«Реформалардың жаңа бағдарламасы нақтыланды, биліктің тармақтары жүйеленді, халықтың азаматтық қатысу белсенділігінің сипаты белгіленді. Сол арқылы Қазақстандағы жаңа саяси мәдениеттің жарқын үлгісі айшықталды деп білемін. Саяси модернизацияның елімізді ұшпаққа шығарарын айтудай айтып келеміз. Енді соның кезі келді. Әсіре президенттік биліктен парламентінің пәрмені артқан президенттік билікке қарай ойысқанымыз жаңалықтың төресі десем, шындықтан қағыс кетпейміз. Президенттік билік шектеліп, Парламентіміздің қос палатасының жұмысы күшейеді. Конституциялық сот, ұлттық құрылтай сияқты билік институттары тұралай бастаған саяси жүйемізге жан бітірері сөзсіз», - дейді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы астана филиалының төрағасы.
Оның айтуынша, электорат қауымын қуантқан жаңалықтың ендігісі - пропорционалды-мажоритарлық аралас жүйенің енгізілуі. Пропорционалды жүйеде тек партияға дауыс беріп келді.
Партия тиісінше өзінің ыңғайына көнетін өз өкілін өзі таңдап келді.
Мажоритарлық қағидат енгізілген тұста халық аманатын арқалайтын тұлғаны қалың бұқара өзі таңдау құқына ие болады.
«Мұның саяси тұрғыдан тиімділігі зор. Мәжіліспен қатар, сол арқылы мәслихаттың да ықпалын күшейтетініміз - оң өзгеріс. Бұрындары мәслихат тек әкімдердің қолбаласына айналып, өзі-өз болып, дербес шешім қабылдай алмайтын босбелбеу болғанын несін жасырайық. Енді Парламент депутаттарының 70% - пропорционалды, 30% - мажоритарлы жүйе арқылы сайланғандықтан, депутаттық корпусымыз халық қалаулысы деген атқа мейлінше сай болары шүбәсіз», - деп түйіндеді Қанат Әуесбай.