Жолдау: Ұлттық қордан жоғары технологиялық секторға 1 млрд доллар инвестиция құйылады

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық қордан экономиканың жоғары технологиялық секторларына 1 млрд АҚШ долларына дейін инвестиция құйылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

Ұлттық қор қаражаты
Коллаж: Kazinform; Freepik

- Инвестициялық саясат және қаржы секторын дамыту блогы бойынша перспективалық салаларды және еңбек өнімділігінің әлеуетін ескере отырып, инвестицияларды тарту жүйесін жаңарту жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленетін болады. Инвесторлардың құқықтарын қорғау мақсатында Бас прокуратураның Активтерді қайтару комитеті Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті ретінде қайта құрылады. «Банктер туралы» заң қабылданады. Оның негізгі міндеті – нарыққа жаңа қатысушыларды тарту және банктердің еркін өтімділігін айналымға, атап айтқанда, экономиканың нақты секторына бағыттауды қамтамасыз ету, - деді вице-премьер.

Оның атап өтуінше, экономиканың жоғары технологиялық секторларына Ұлттық қордан 1 млрд АҚШ долларына дейін инвестиция құйылады. Ол үшін Ұлттық банк тиісті бағдарламаны әзірлейді.

- «Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң аясында басқарудың ерекше режимі арқылы Alatau city-де жаңа іскерлік белсенділік пен инновациялар орталығы құрылады. Аталған қаланың бірегей қаржылық моделі болады. Бұл криптоактивтерді пайдалана отырып, төлем жүргізу мүмкіндігі бар крипто-фиат арналарын енгізу арқылы жүзеге асырылады, - деді Серік Жұманғарин.

Бұған дейін Үкімет Жолдауды іске асыру жоспарын қабылдап, жолдағы қауіпсіздік мәселелерін пысықтайтынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар