Жолдау жақсы істерді жалғастырады - фермер
Олай дейтін себебім, Елбасымыздың сара басшылығының арқасында Қазақстан жуырда әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына қосылды. Енді алдағы уақытта бұдан да жоғарыдан көрінуіміз керек. Бұл жайында «Нұр Отан» ХДП-ның Алматы облыстық филиалының «Арасан» бастауыш партия ұйымының мүшесі, фермер Ақберді Жүніс ҚазАқпарат тілшісімен сұхбаттасу барысында айтты.
Оның айтуынша, Елбасының алға қойған мақсаттарын ел болып жұмыла атқарсақ экономикамыз бен халықтың әл-ауқаты бұрынғыдан да нығайып, еліміз бар жағынан тәуелсіз де, гүлденген мемлекетке айналады. «Елбасымыздың биылғы Жолдауында осындай межеге жету жолында атқарылар келелі міндеттер көтерілді. Солардың бірі фермерлер, бізге қатысты ауыл шаруашылығын дамыту, ауылдардың әлеуметтік жағдайын бұрынғыдан да жақсарта түсу жөніндегі мәселелер, оны қаржылай қолдау жайы көңілден шықты», -дейді фермер.
А.Жүніс Жолдауда ауыл шаруашылығының индустриялдық-иновациалық дамуына биыл 130 млрд. теңге бөлініп, оның өнімдерін 2014 жылға 2 есеге, 2020 жылға 4 есеге көбейту міндеті қойылғандығын айтады. «Шындығында үкімет бұған дейін де көмектесіп келген, енді ондай жағдайдың еселеп артуы жаңа істерге жігерлендіріп, ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін біздің ынтамызды арттыра түсті», -дейді ол.
Арасан ауылында жеке шаруа болып еңбек етіп келе жатқан А.Жүніс соңғы жылдары мал басын асылдандыру бағытында бірталай игілікті істер атқарып, еңбегінің жемісі облыстық «Жетісу» телеарнасы арқылы көпшілікке үлгі ретінде таратылғандығын айтады.
«Жолдауды қолдай отырып, ондағы мақсаттар мен міндеттерді орындауға өз үлесімді қосып, биыл да халық игілігі жолында аянбай еңбек етемін», дейді фермер.