Жолдауда жүктелген мал шаруашылығын дамыту мақсатында бірқатар басты мәселелер шешілуі қажет - Қ. Айтаханов
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған сенатор Қуаныш Айтаханов осы проблемаларды айта келе, оның нақты бағыттарын алға тартты.
Сөз арасында депутат Елбасының ағымдағы жылғы Жолдауына тоқтала келе, онда еліміздің етті мал шаруашылығын дамыту және 2016 жылы ет экспортын 60 мың тоннаға көтеру міндетін жүктегенін атап өтті. Қ. Айтахановтың пікірінше, Жолдау жүктеген міндетті орындаудың негізгі алғышарттарының бірі - мал өнімдерінің өзіндік құнының 40-45 пайызын құрайтын жемшөп қорын жасақтау болып табылады. «Бұл үшін жемдік астық дақылдар көлемін ұлғайтып, мемлекеттік жемдік астық қорын жасақтап, мал азығының сапасы мен құнарлылығын арттыру үшін құрама жем өндірісін дамыту керек. Ал оны дамыту үшін құрамында жоғары сапалы белок, амин қышқылдары бар суармалы жерлерде өсетін жоңышқа, жүгері, соя, рапс секілді дақылдар өсіру көлемін де арттыру керек. Алайда республикада суармалы жерлердің жағдайы сын көтермейді», - дейді Қ. Айтаханов.
Оның айтуынша, ресми мәліметтер бойынша 2010 жылы 1991 жылмен салыстырғанда суармалы жер көлемі 298 мың гектарға азайған. 575 мың гектар суармалы жер ауыл шаруашылығы айналымынан шығып қалған. Ал пайдаланылып жатқан суармалы жерлердің су мен кәріздік желілері уақытылы тазаланбай ұйық басып, жердің сорлануына, тұздануына және өнімділігінің төмендеуіне әкеп соғуда. «Суармалы жерлердің ауыспалы егіс жүйесінде жемшөп дақылдарының көлемі ғылыми негізделген 32 пайыздың орнына 11-ақ пайызды құрайды. Сондықтан да суармалы жерлерде аса бағалы жоғары белокты жемшөп дақылдарының көлемін 2-2,5 есеге ұлғайту керек. Бұл тек пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға енгізу арқылы ғана іске асуы мүмкін. Ол үшін суармалы жерлердің мелоративтік жағдайын жақсартуға тиісті көлемде субсидиялар мен несиелер берілуі шарт», - деді сенатор.
Депутаттың айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, елімізде 182 млн. гектар табиғи жайылымның 70 млн. гектары ғана немесе 38 пайызы ғана пайдаланылып келеді. Бұл 1990 жылмен салыстырғанда 2 есеге аз көрсеткіш. Пайдаланымдағы жайылымдардың жартысынан көбі жұтаңдап істен шыға бастаған. Саны өсіп келе жатқан мал басын жайылыммен қамтамасыз ету жыл сайын млн.-даған гектар табиғи жайылымды игеруді қажет етеді. Ол үшін жайылымдар суландырылып, жүздеген ұңғымалар мен құдықтар қазылуы тиіс екен.
«Осыған орай, елімізде мал өнімдерінің молшылығын жасап, оның бағасын арзандату және етті экспорттау көлемін арттыру үшін бірқатар мәселелер шешімін тапса игі. Біріншіден, жемдік-астық дақылдарды өсіруге басымдық берілуі, оған қолдау жасалуы тиіс. Мемлекеттік жемдік-астық қорын жасақтау керек. Екіншіден, жоғары белокты амин қышқылдары бар сапалы жемшөп дақылдарын өсіру үшін суармалы жерлердің мелоративтік жағдайын жақсартуға бағытталған шараларды жүргізу, бұған субсидия бөлу. Үшіншіден, пайдаланылмай жатқан суармалы жерлерді айналымға енгізіп, жемшөп дақылдарының көлемін ұлғайту үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жеңілдетілген ұзақмерзімді несие беру. Мал өнімдерінің өзіндік құнының 40-45 пайызын мал азығы құрайтынын ескере отырып, оның көлемі мен сапасын арттыру мақсатында жемшөп дақылдарын тұқым шаруашылығымен құрама жем өндірісін дамытуға бағытталған ынталандыру шараларын қарастыру керек. Бесінші, елімізде табиғи жайылымдарды тиімді пайдалану, мал басы және оның өнімділігін арттыру үшін жайылымдарды суландыру мақсатында арнайы бағдарлама жасау керек. Бұл шаралар Елбасының биылғы Жолдауында қойылған міндеттердің орындалуына оң ықпал етеді», - деді Қ. Айтаханов.