Жолдауды талдау: Былтырғы мен биылғыда қандай өзгешеліктер бар

Сонымен, 2 қыркүйекте Қазақстан Президенті халыққа кезекті Жолдауын жария етті. Көптеген салалардағы кемшіліктер, өзгерістер енуге тиіс нормалар мен алдағы уақытқа негізделген бағыт-бағдарлар қамтылғанын көрдік. Осы тұста «былтырғы мен биылғы Жолдаудың қандай айырмашылығы бар?» деген сауал туындауы мүмкін. Kazinform тілшісі аталған сұраққа жауап іздеп көрді.

Президент Жолдауы
Фото: DALL-E

Еңбек адамдарына басымдық, мәтін есебі мен жаңа орын

Ең әуелі мазмұннан бұрын сыртқы сипаттарға назар аударғанды жөн санадық. Біріншіден, осыған дейінгі Жолдау-жиындарда шенеуніктер – министр, әкімдер және Сенат пен Мәжіліс депутаттарының қарасы көптеп ұшырасатын. Ал биыл Үкімет үйінде өткен Жолдауда аталғандарға қоса түрлі сала бойынша білікті сарапшылар, қоғам белсенділері және еңбек адамдары шақыртылғанын аңғардық. Соның бірі – Ақтөбедегі дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Баян Базарғалиева.

– Ұстаздар қауымының өкілі ретінде Жолдауға қатысуым барлық мұғалімдерге көрсетілген ілтипат деп білемін. Қазақстанның басқа өңірінен де әріптестерім келді, жүздестім. Теледидардан тыңдап, Жолдау мәтінін түрлі ақпарат көздерінен оқығаннан гөрі Президенттің өз аузынан естігеннің айырмашылығы бар екен. Мәселен, Мемлекет басшысы қазіргі тұрақсыз геосаяси жағдайда ішкі ресурсымыз жетпей қалуы мүмкін екенін айта келіп, халықтан үлкен қолдау күтетінін жеткізді. Әркім өз саласында адал қызмет етсе, «Адам азамат – адал еңбек – адал табыс» қағидатына сай Әділетті Қазақстан құрамыз деп қорытындыладым, – дейді ол.

 

Президент Жолдауы
Фото: DALL-E

Көзге түскен екінші өзгешелік, былтырғы Жолдау мәтініне үңілсек, 7682 сөзден, 916 жолдан тұрса, биыл 9 тармаққа бөлініп, 7035 сөзге, 834 жолға ықшамдалыпты.

Жолдау идеясы – экономика

Алдымен назар аударатын дүние, біз шолғалы отырған екі Жолдауды да түйістіруші тұс – экономика. Бұл түсінікті де, жаһандық саясаттағы ықпал экономикаға, халықтың әл-ауқатына байланысты екені даусыз. Былтыр өнеркәсіпті дамыту, импортқа сүйенбеу, ауыл шаруашылығын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, экономиканы әртараптандыру, шикізат секторына тәуелділікті азайту мен логистика саласы айтылған еді. Азаматтарға тең мүмкіндік беретін тұрақты және әділ экономикалық жүйе құру жоспарланған болатын. Бұл қатарда шетелге заңсыз шығарылған капиталды қайтару, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту тиек болды.

Кейінгі кездері Үкіметтен бұрын Жолдауда айтылған тапсырмалардың орындалу есебін сұраушылар көбейді. Таяуда жалпы экономика саласының дамуы, былтырғы Жолдаудағы тапсырмалардың орындалуы жөнінде Премьер-министр Олжас Бектенов есеп берді. Айтуынша, 2029 жылға дейін ұлттық экономика көлемін 450 млрд долларға жеткізуге мемлекет күш салуда. Ол үшін елде қайта өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, ақпараттық технологиялар мен түрлі заманауи жобалардың жүзеге асырылуы көзделіп отыр.

Бектеновтің сөзінше, Үкімет отандық тауар өндірушілерге қолдауды күшейтіп, құны 15 трлн теңгеден асатын 17 ірі жобаны қолға алған. Соның арқасында 26 мың жұмыс орны ашылып, импортқа тәуелділік 1,5 трлн теңгеге азаймақ. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру 4 есе өсіп, 580 млрд теңгеге жеткен екен. Кейінгі екі жылда ауыл тұрғындары 100 млрд теңгеден аса шағын несие алып, 20 мыңға жуық азамат кәсіп ашқан.

Халықтың әл-ауқаты турасына келгенде, Үкімет Президенттің ең төменгі жалақыны көтеру туралы тапсырмасын іске асырғанын мәлімдеген. Мәселен, 2024 жылдың қаңтарында бұл көрсеткіш 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге өсті. Бұл қалай әсер етеді деуіңіз мүмкін, ең төменгі жалақының өсуі арқылы 2 млн азаматтың табысы артты. Дегенмен бұл тұста инфляцияның барын жасырмаған абзал. Президент Жолдаудан тыс әр кез Үкіметке инфляцияны ауыздықтауды тапсырады. 2023 жылдың қорытындысында инфляция деңгейі 9,8 пайызды құраса, биыл маусымда деңгей 8,4 пайызға төмендегені мәлім болды.

Әйткенмен кей кемшіліктердің орны толмай жатқанын ашық айтуымыз керек. Ауылдарда білікті кадр мен заманауи технологияның тапшылығы, кәсіпкерлерді қолдауда бюрократиялық кедергі мен қаржы тапшылығы бар. Оны биыл Президент те айтты. Үкімет шағын және орта бизнесті дамыту үшін қаржылық көмектен бөлек, жайлы бизнес орта жасап, әкімшілік кедергіні жою жағын ойластырғаны абзал.

Биылғы негіз – бюджет қаржысын үнемдеу

Расымен де биылғы Жолдау былтырғының реттілікті сақтаған заңды жалғасындай көрініс тапты. Себебі мұнда да басымдық экономика саласына ауған. Саяси мәселелерден гөрі экономика, өндірісті дамыту жөнінде көбірек айтылды. Бұның себебі түсінікті де, әлемдегі геосаяси ахуалдарға қарамастан Қазақстан дипломатия арқылы саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп отыр.

Ең алдымен Президент елдегі орта бизнестің даму деңгейін сынға алып, 2029 жылға қарай бұл саланың ел экономикасындағы үлесін 15 пайызға жеткізуді тапсырды. Қазір бұл көрсеткіш 7 пайыз шегінде ғана. Әрі саладағы қолдаудан кәсіпкерлердің көбі хабарсыз болып шықты.

Енді кезек – бюджет қаржысын тиімді жұмсау. Мемлекет басшысы тапшылықты желеу етіп Ұлттық қорға қол сала беруге болмайтынын алға тартты. Қазір Қазақстанда бюджет тапшылығы бар, кіріс аз, шығын көп.

Сондықтан бюджетке түсетін кірісті көбейту үшін салық саясатын қайта қараудың маңызы зор. Егер мемлекет кейбір негізсіз салықтық жеңілдіктерді алып тастайтын болса, қосымша 3 трлн теңге көлемінде табыс түсіре алады. Бұл банктерге де қатысты, халықаралық сарапшылар Қазақстан банктерін әлемдегі ең көп пайда табатын банктер санатына жатқызған, сондықтан банктер дивидендіне сәйкес салық төлеуге тиіс.

Бюджет тапшылығына әсер етіп отырған тағы бір фактор – шикізат экспортына тәуелділік. Мәселен, мұнайдың әлемдік бағасы ауытқыса, бюджет қоса теңселеді. Бұған инфляция мен валюта нарығының тұрақсыздығы сияқты сыртқы экономикалық факторлар қосылуда. Міне, осы жолғы Жолдауда айтылған ескертпелер Үкіметтің келешектегі бағдарына айналуы қажет.

Саяси сын-қатерлерден экология мен заң идеологиясына ойысу

Екі Жолдау да тек экономика тақырыбының аясында шектелді дей алмаймыз. Былтыр жаһандағы саяси сын-қатерлер жайы, «ішкі және сыртқы сынақтарға қарсы күш біріктіру» тақырыптары сөз болғаны белгілі. Сондай-ақ елдің әскери әлеуетін көтеру мен цифрлы технологияны дамыту жөнінде де айтылды. Бұдан бөлек, Көлік, Құрылыс министрлігі құрылып, спорт саласы мәдениеттен бөлініп, туризмге қосылған. Қазір су ресурстары Орталық Азия елдері үшін күрделі проблемаға айналып барады. Себебі табиғи процестер бұзылған. Былтырғы Жолдауда осы мәселе ескеріліп, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды.

Ал биыл нфрақұрылымды жақсарту, туризмді дамыту және экологияны қорғау мәселесін басты күн тәртібіне шығарды. Қазақстан жерінің 10 пайызы ғана орманды алқапқа жатады. Қазір шаруалардың ең басты уайымы құрғақшылық болып тұр. Сондықтан Президенттің бұл тақырыпты түртіп айтуына негіз бар.

Бұған қоса, мемлекеттік басқару ісінде ашықтық қажет екені қайталанып айтылды. Осыған дейін ауыл  әкімдері сайлау арқылы іріктелген болса, ендігі кезек қала және аудан әкімдеріне келмек. Яғни, жергілікті халық шаһар басшысын өздері таңдайды. Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын орнықтыру талап етілді. Осы істердің бәрі экономикалық үдерістермен қатар атқарылғаны жөн.

Қоғамдық пікірталастың шешімін табу процесі басталды

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің бас сарапшысы Айдана Акесинаның айтуынша, жыл сайынғы Жолдау әр түрлі аспектілермен ерекшеленеді. Әлемдегі, елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты әр жылдары екпін мен басымдықтар әр түрлі болады.

ҚСЗИ
Фото: ҚСЗИ

– Егер алдыңғы екі Жолдауды өзара салыстыратын болсақ, көптеген айырмашылықтарды атап өтуге болады. Екінші тұстан қарағанда биылғы Жолдау былтырғысының жалғасы болып көрінеді. Мысалы, 2023 жылғы Жолдау жаңа экономикалық бағытқа арналған. Президент тау-кен секторын басқару жүйесін жаңғырту, сирек және сирек кездесетін металл кендерін игеру, ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіп кешенінде кадрлар даярлау, энергия ресурстары мәселелерін қозғады. Екібастұз мен Рудныйдағы апаттар аясында инфрақұрылымның тозу проблемасына жеке бөлім арналды.

Халықаралық қатынастардағы қауіпсіздіктің өзекті проблемалары елдің көлік әлеуетін дамыту және әртараптандыру туралы тапсырмаларда көрініс тапты. Мәселен, Президент көлік әлеуетін жүзеге асыру және порттар салу, Ақтауда контейнерлік хаб құрылысын жеделдету және Орта дәліз бойындағы Қара теңізде порт қуатын кеңейту туралы тапсырмалар берді. 2029 жылға дейін төрт мың шақырымнан астам автомобиль жолдарын сапалы қайта жаңарту жоспарланған болатын, – дейді.

Сарапшының сөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы орындалған тапсырмалардың алдын ала қорытындыларын шығарып, жаңа саяси және экономикалық жағдайларды ескеріп, даму бағытын қайта түзетуге негізделген.

– Мәселен, Президент инвестициялық ахуалды жақсарту және бизнеске жағдай жасау бағытындағы жұмысты жалғастыру туралы айтып, салық саясатын да реттеуді алға тартты. Жолдаудың негізгі фокустарының бірі де – осы. Бұл қадам салық жүйесін неғұрлым мұқият әзірлеуге, түзетуге және салық түсімдерін неғұрлым тиімді басқаруға ұмтылып жатқанымызды көрсетеді.

Жолдаудың екінші маңызды тұсы – аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау мәселесі және АЭС құрылысы бойынша референдум жариялау. Биылғы Жолдау бүкілхалықтық референдумды өткізу мерзімін белгілеп, референдумға шығарылатын мәселені тұжырымдау, қоғамдық пікірталастың шешімін табу, сайлау комиссияларындағы ауқымды дайындық процестерін іске қосты, – деп түйіндеді Айдана Акесина.

Соңғы жаңалықтар