Жолды қар мен мұздан тазартуға қандай химиялық қоспалар қолданылады
АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта жолдарды қардан тазарту үшін қандай химиялық қоспалар қолдануға рұқсат етілгенін мәлім етті.

Ведомство жауабына сүйенсек, Қазақстанда жолдарды қар мен көктайғақпен арылту үшін қолданылатын инертті материалдар мен химиялық реагенттердің тізбесі «Жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарын қысқы күтіп-ұстау» ведомстволық нормативімен реттеледі.
- Экологиялық кодекс бойынша елді мекендерде натрий хлоридін (NaCl) қолдануға тыйым салынған. Себебі, ол топыраққа, өсімдіктерге және су көздеріне кері әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты елді мекендер арқылы өтетін республикалық маңызы бар автожолдарда келесі химиялық реагенттер пайдаланылады, - делінген жауапта.
Олар:
- Кальций хлориді (CaCl₂•6H₂O) – төмен температурада мұзды ерітетін тиімді зат.
- Магний хлориді (MgCl₂•6H₂O) – экологиялық қауіпсіз реагент, ылғалды ұстап тұру қабілеті жоғары.
- Несепнәр (карбамид) ((NH₂)₂CO) – химиялық реагент ретінде қолданылатын органикалық зат.
- Аммоний ацетаты (NH₄CH₃COO) – көктайғаққа қарсы тиімді реагент.
- Магний ацетаты ((CH₃COO)₂Mg•4H₂O) – жылу бөлетін қасиетке ие, мұзды тез ерітеді.
- Сульфат натрия (Na₂SO₄•10H₂O) – қосымша көмекші материал ретінде пайдаланылады.
- Елді мекендерден тыс аумақтағы автожолдарда натрий хлоридін (NaCl, техникалық тұз) қолдануға рұқсат етіледі. Бірақ оның экологиялық әсерін азайту үшін көбінесе аралас қоспалар түрінде қолданылады. Өңірлердің климаттық жағдайлары әртүрлі болғандықтан, кейбір аймақтарда қосымша шаралар қабылдануы мүмкін. Аязды аймақтарда күшті әсер ететін химиялық реагенттер жиірек қолданылады. Қазақстанда қардан тазартуға қолданылатын материалдардың арнайы бірыңғай реестрі жоқ. Бірақ бұл процесс ведомстволық нормативтерге және экологиялық талаптарға сәйкес реттеледі, - деп жазады министрліктегілер.
Ал республикалық маңызы бар жолдарда көктайғаққа қарсы қолданылатын химиялық реагенттердің түрі мынандай:

Айта кетсек, Экология және табиғи ресурстар министрлігі қар қалың түсіп жатқан өңірлер туралы ақпарат берген болатын.