Жолдың жабық-ашық екенін қайдан білуге болады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы қыс мезгілі автокөлік иелері үшін үлкен сынақ. Боран, қатты жел мен көктайғақ республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарда қозғалыстың уақытша шектелуіне әкеліп жатады. Сапарды қауіпсіз ету үшін жолдың жай-күйін алдын ала білген маңызды, деп хабарлайды ҚазАвтоЖол.

Жолдағы жағдайды жедел тексерудің негізгі тәсілдері:
-
«ҚазАвтоЖол» ресми сайты – www.qaj.kz мекенжайында жолдың жабық учаскелері мен жөндеу жұмыстары туралы тәулік бойы жаңартылатын ақпарат бар.
-
Sapar мобильді қосымшасы – App Store мен Play Market-тен жүктеп алуға болады. Қосымшада жол қозғалысына қатысты шектеулермен қатар жанармай бекеттері, дәмханалар, қонақүйлер сияқты сервистік нысандардың да картасы көрсетіледі.
-
Навигациялық сервистер – Indrive, 2GIS және Yandex.Карталар қосымшалары кептелістер мен жолдың жабық учаскелерін нақты уақыт режимінде көрсетеді. Бұл бағытты уақытылы түзетуге мүмкіндік береді.
-
1403 байланыс орталығы – интернетке қол жеткізу мүмкін болмаса немесе қосымша мәлімет қажет болса, қысқа 1403 нөміріне қоңырау шалуға болады. Қоңырау тегін және операторлар тәулік бойы жауап береді.
Жолшылардың кеңесі: қысқы сапар алдында бірден бірнеше дереккөзді тексерген жөн. Бұл уақытты үнемдеп, қауіп-қатерді азайтып, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, Бас прокуратура жолдағы құқық бұзушылықтар саны 8,5 миллионға жеткенін хабарлады.