Жолды бөгеген аю, орманда адасқан баланың оқиғасы – орманшымен сұхбат

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Елімізде қазан айының үшінші жексенбісі - Орман шаруашылығы қызметкері күні. Бұл салада тер төгіп жүргендер - табиғат пен жануарлар дүниесінің қорғаны. Ормандағы әр талды, ұядағы әр құсты күзетіп, түрлі заңсыздықтардың жолын кеседі. Кәсіби мерекеге орай ҚазАқпарат тілшісі Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы «Асубұлақ» орман шаруашылығының директоры Тұрсынхан Айтымбетовпен сұхбат құрды. Ол бізге жұмыс барысында болған түрлі оқиғаларды айтып берді.
None

- Әңгімемізді осы салаға қалай келгеніңізден бастасақ...

- Туған жерім – Күршім ауданы Жылытау ауылы. Қаратоғай орта мектебін тәмәмдадық. Осы саланы өз еркіммен таңдадым. Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «орман шаруашылығы ісі» мамандығы бойынша білім алдым. Еңбек жолымды 2005 жылы Ұлан ауданындағы «Асубұлақ» орман шаруашылығында орманшы болып бастадым. Сосын 2013 жылға дейін инженер, директордың орынбасары қызметін атқардым.

2013 жылы «Зайсан» орман шаруашылығына директордың орынбасары болып ауысып, 2014 жылы сонда директорлыққа тағайындалдым. 2018-2019 жылдары Риддер қаласындағы «Верх Уба» орманшылығында, 2019-2021 жылдары аралығында «Батыс Алтай» мемлекеттік табиғи қорығында басшылық лауазымда еңбек еттім. 2021 жылдың ақпан айында ең алғашқы жұмыс орным – «Асубұлақ» орман шаруашылығына орман қорғау инженері болып келіп, сол жылдың қазанынан осы күнге дейін директор болып қызмет атқарудамын.

- «Асубұлақ» орман шаруашылығының аумағы қанша? Онда қандай ағаштар, аң-құстар кездеседі?

- Жалпы ауданы 137 326 гектар. Оның ішінде 85 615-і – орманды жер. Ең көп кездесетін ағаш – қарағай. Қайың, терек, көктерек өседі. Аңдардан аю, бұлан, марал, елік, қасқыр, суыр, борсық, түлкі, қоян мекендейді. Құстар да өте көп. Торғайдың бірнеше түрі, дуадақ, және жыртқыш қанаттылар жиі ұшырасады.

- Ағаштар жылдан жылға көбейіп келе ме?

- Иә. Сол үшін біз әр жыл сайын 90 гектарға ағаш егеміз. Атап айтқанда, 360 мың түп қарағайдың 2 жылдық көшетін отырғызамыз. Өзіміз бүршік жинап, оның дәндерін аламыз. Президенттің Қазақстан бойынша 2 млрд ағаш отырғызу тапсырмасы бойынша тек осында емес, елдің барлық ормандарында жұмыс күшейтілген. Келесі жылы 200 гектарға 800 мың ағаш егуді жоспарлап отырмыз. Қазір соған дайындық жұмыстары жүргізілуде.

- Қанша орманшы қызмет етеді?

- Барлығы 112 адам жұмыс істейді. Оның ішіндегі 58-і орманшы, 13-і орман шебері, 2-і инженер, 8-і өрт сөндіруші. Арнайы киім беріледі. Техника саны – 25. Атап айтқанда, патрульдік автокөліктер, тракторлар, өрт сөндіруші көліктер бар. Бұдан бөлек, орманды патрульдеуге шыққанда 15 жылқыға мінеміз.

- Орманшының жұмыс күні неден басталады?

- Әр орманшының өзіне берілген айналымы болады. Сол бойынша бақылаудан бастайды. Орманда жалғыз жүрген қауіпті. Сондықтан екіден, үштен бірігіп патрульдейді. Қазір оларға қару берілмейді. Орманшы жұмысындағы ең қиыны не десеңіз, ол – өртпен күрес.

- Өрт демекші, соңғы уақытта облыста орман жанған оқиғалар жиілеп кеткендей. Көп жағдайда қызыл жалын неден шығады?

- Расыменде биыл өңір бойынша орман өрті аз болған жоқ. Біздің орман шаруашылығы аумағында жыл басынан бері 10 рет өрт шықты. Соның 8-і найзағайдан болса, екеуінің нақты неден шыққаны әзірге белгісіз.

Өрт шыққан жағдайда бірінші өз күшімізбен өшіруге тырысамыз. Осы он өрттің сегізін өзіміз ауыздықтадық. Екі жағдайда аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері көмекке келді. Ең ірі өрт мамыр айында болды. Тілсіз жаудың жалпы ауданы 89 гектарды құрады. Қатты жел біршама қиындық туындатты. Әйтеуір, құтқарушылармен бірлесіп отты өшірдік.

- Заңсыз ағаш кескендер анықталып жата ма?

- Биыл тек бір жағдай тіркелді. Осы қазан айында ер адам заңсыз ағаш кесіп жатқан жерінен ұсталды. Оған әкімшілік хаттама толтырылды. Қазір іс сотқа жіберілген. Жалпы орманшылар мал жаю, от жағу, шөп шабу, қоқыс пен қалдықтарды бей-берекет тастау сынды заңбұзушылықтарды анықтап жатады.

- Маман тапшылығы сезіле ме? Жастардың осы салаға деген қызығушылығы қандай?

- Дәл қазіргі уақытта маман тапшылығы жоқ. Бірақ алдағы уақытта болуы мүмкін. Себебі жастардың көбісі орманшы болғысы келмейді. Олар жалақысы жоғары, тыныш жерлерде жұмыс істеуді құп көреді. Қазір біздегі еңбек ұжымының көбісі бұрыннан бері қызмет етіп келе жатқандар. Келесі жылы 7 бірдей адам зейнеткерлікке шығайып деп отыр. Өскемен, Семей қаласындағы оқу орындарына хабарласып, жастарды жұмысқа тартып жатырмыз.

Негізі біздің салаға білікті мамандар керек-ақ. Қарапайым орманшылар табылады, ал инженер, орман шебері сынды мамандық иелері өте аз. Техниканың тілін меңгергендер аса қажет. Мәселен, «Orman.kz» деген жаңа бағдарлама енгізілген. Бүгінде бұл бағдарлама әр орманшының ұялы телефонына орнатылған. Осы арқылы орманның картасын көріп, жолдардың, өзен-сулардың орналасқан жерлерін, аң-құстардың түрлерін, санын нақты білуге болады. Қандай да бір өзгерістер болса міндетті түрде бағдарламаға енгізіліп отырады. Бұл жұмысымызды барынша жеңілдетті. Ал бұрын қағаздағы картаға қарап жүретін едік.

- Жұмыс барысында қандай да бір ерекше оқиғалар болды ма?

- Риддерде жұмыс істеп жүрген кезім. Орманда көлікпен келе жатырмын. Бір уақытта жолдың үстінде аю мен қонжық тұр. Бірден тоқтадық. Жолды бөгеген аю бізден көзін алмай қарап тұрды. Ақырындап көлікпен жақындадық. Сол кезде әйтеуір кетіп қалды. Аң адамға албаты тиіспейді ғой. Аяқ астынан тым жақын жерде кездесіп қалса немесе тамақ жеп жатқанда болса онда оқыстау. Бірлі-екіден жүрген қасқыр да адамға көп шаппайды.

- Орманда адамдар адасып кетіп жата ма?

- Ара-тұра ондай жағдайлар болып тұрады. Осы жылы да бір оқиға болды. Жазда Ұлан ауданындағы Шыбындыкөлге Өскемен қаласынан бір отбасы демалуға келген. 12 жастағы баласы ағаштың арасына кіріп ойнап жүріпті. Сөйтіп орманның ішіне кіріп, аяқ астынан адасып кеткен. Әке-шешесі өз беттерімен қанша іздесе де таба алмапты. Содан соң полицияға, құтқарушыларға хабарласып көмек сұраған. Көп ұзамай бізге де хабар түсті. Орманшыларымыз дереу жеткіншекті іздеуге көшті. Әйтеуір, сол күні баланы жылап отырған жерінен аман-есен таптық.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар