Жомарт Ертаев қамауда отыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Bank RBK-ның бұрынғы басшысы Жомарт Ертаев ұсталып, қамауға алынды.

Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол сот шешімінен кейін ұсталып, қазір қамауда отыр.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Абзал Құспан 11 жылға бас бостандығынан айырылған Жомарт Ертаевтың рақымшылыққа ілінуі туралы шешім қайта қаралғанын хабарлады.
Кейінірек Алматы облысының соты Жомарт Ертаевтың қамауға алынатынын растады.
Еске салайық, 2020 жылы RBK Bank-тен 144 миллиард теңге жымқырғаны үшін сотталған белгілі банкир Жомарт Ертаев жалпы режимдегі колониядан босатылды.
Жомарт Ертаев 2018 жылғы мамырда Мәскеуде Қазақстан ІІМ Интерпол ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша ұсталған. Ол аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде болған. 2019 жылғы наурызда ол Ресей Федерациясынан Қазақстанға экстрадицияланды.
Тергеу дерегінше, Ертаев 2011-2017 жылдары қызметтік өкілетін пайдаланып, алдын ала сөз байласқан тұлғалармен бірге «Bank RBK» АҚ-нан 144 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді.
Бұл іске барлығы 54 адам тартылып, олардың қатарында 41 топ-менеджер мен банк қызметкерлері болған.
2020 жылғы қарашада Алматы соты Жомарт Ертаевты 11 жылға бас бостандығынан айырды.