Жөнделген нысандар жылусыз қалдырмайтынына кепіл беремін – Роман Скляр

Жөнделген нысандар жылусыз қалдырмайтынына кепіл беремін – Роман Скляр
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қазақстандықтардың биыл қыста жылусыз қалмайтынына кепілдік берді, деп хабарлайды Kazinform.

«Қазақстандықтардың, әсіресе, өңірлердегі тұрғындардың қыстың қалған бірнеше айында жылусыз қалмайтындарына кепілдік бере аласыз ба?» — деп сұрады БАҚ өкілі.

Роман Скляр биыл жөндеуден өткен нысандардың жылу беруінде мәселе туындамайтынына сенімді екені жеткізді.

«Мен оған жеке басыммен кепілдік бере аламын. Біз жөндеу жүргізген нысандар ақаусыз жұмыс істейді. Мысалға, Екібастұз жылу-энергетикалық орталығын алайық. Мен де БАҚ-тағы мәліметтерді оқып отырамын. Не жазатындарыңыз маған да өте қызық. Екібастұзда тағы бір трагедия болғанын немесе коммуналдық коллапс болғанын жазып жатты. Жауапкершілікпен мәлімдеймін, ондай ештеңе болған жоқ. Күл сорып шығаратын жаңа қондырғы жұмысын тоқтатқан кезде стансада мазут жеткілікті болды. Қазандықтарда санаулы минуттың ішінде қайта от жана бастады. Бұл қазандықтар былтыр 35 гигакаллория жылу бөлсе, биыл жөндеуден кейін 100 гигакаллорияға жетті, яғни жаңа қазандықтар қосымша қуат беріп отыр», — деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ ол жылу нысандарының дұрыс жұмыс істеуі Үкіметтің ғана емес, жергілікті әкімдіктер мен жылу нысандарының иелеріне де байланысты екенін еске салды.

«Жылу мәселесіне бірінші кезекте аталған кәсіпорын басшылары басымен жауап береді. Тіпті қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Жергілікті әкімдік басшылары да жауапты. Бұл — коммуналдық шаруашылық қызметтері және басқалар. Жылу желілері мен жылу нысандарын күрделі жөндеуге бөлінген қаражаттың қайда жұмсалғанын көріп отырмыз», — деді Роман Скляр.

Соңғы жаңалықтар