Жоңышқаның әлемде жоқ жаңа сортын шығарған ғалымның жаңалығы елеусіз қалып отыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM -Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Құдайберген Қанапиянов құрғақ ауа райында мол өнім беретін жоңышқаның жаңа сортын ойлап шығарды. Өкінішке қарай, оның өнертабысын Ертіс-Баян өңірінің билігі елеп-ескермей отыр. Ғалымның сөзінше, жаңа дақыл Қазақстандағы жем-шөп мәселесін түбегейлі шешіп, мал еті мен сүттің өзіндік құнын арзандатуға негіз болады.

Ертістің Павлодар өңірі — топырақ құнары аз, жауын-шашын сирек түсетін аймақтар қатарында. Облыс Қазақстандағы астықты аудандар қатарына енгенімен, әр гектардан өніп шығатын дәнді-дақылдың өнімділігі бойынша соңғы сатылардан көрініп келе жатқаны шындық. Басты мәселе — ылғалдың аз түсетіні. Зерттеулер көрсеткендей, облыстың орталық бөлігінде жыл бойына түсетін ылғалдың мөлшері — 200-270 мм аралығында. Мұндай құрғақ ауа райы қалыптасқан, топырағы нәрсіз жерде егін өсіріп, жыл сайын астық рекордын жаңартып жатқан жергілікті диқандардың еңбегін нағыз ерлікке балаған жөн болар.
— Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі егін шаруашылығын субсидиялауға 550 млрд теңге, оның ішінде Павлодар облысына 27 млрд теңге бөлінді. Алайда жоғары өнімді астық шаруашылығын құру біздің фермерлер үшін әлі де арман. Мәселен, республика бойынша әр гектардан орташа есеппен 10-12 центнер астық жиналса, біздің аймақта ол 9-9,3 гектардан аспайды. Республикалық орташа көрсеткішті төмендетіп отырған біздің өңір. Астық сапасының төмендеуі, жер құнарының жоғалуы 2000 жылдардан бері байқалады. Біз бұл қиындықтан шығу үшін құрғақшылыққа аса төзімді дақылдардың өндірісіне мән беруіміз керек. Бұл тұрғыда менің он жылдан астам маңдай терімнің өтеуі болған жаңа жоңышқа сорты осындай стратегиялық мәселені шешудің бір жолы, — деп бастады әңгімесін Құдайберген Қанапиянов.
Әдетте еліміздегі жоңышқаның құрғақшылыққа төзімді түрлері 350 мм жауын-шашын жағдайында өссе, Павлодарда сұрыпталып шығарылған жаңа сорт 200-270 мм жағдайында жақсы өнім беру қабілетін байқатқан. Ғалымның сөзінше, мұндай сорт әлемде жоқ. Өскенде биіктігі бір метрден асып, дәндері де ойдағыдай шығады.

— Жаңа сорт шығару ісімен сонау 2013 жылдан бері айналысып келемін. Әуел бастан біздің климатқа төзімді, мал шаруашылығындағы азық мәселесін шешуге, жергілікті ауыл шаруашылық өнімдерінің өзіндік құнын арзандата алатын дақылды өсіріп шығару міндетін алға қойған едім. Көп ойландым. Анау бидайдың өзі ежелде жабайы бидайдан шығарылған. Павлодар қаласының іргесіндегі Кемеңгер (бұрынғы Красноармейка) алабында ұзақ жыл бойы түрлі сорттар сыналған. Бірақ мол өнім беретін бидай біздің жерде өспейтіні ол шындық. Анау Ақмола облысында жылдық жауын-шашын мөлшері — 350 мм, Қостанайда — 355 мм, Солтүстік Қазақстанда шамамен 360 мм. Бізден бір жарым есе көп ылғал түседі. Осы жағдайларды жіті зерделей келе, мен біздің жақтың климатына әбден бейімделген, өзге тұқымдастарына қарағанда мықтырақ өскен жабайы жоңышқа түрлерін іздей бастадым. Ақыры әр жерден санаулы сабақтарын тауып, піскен уақытында әлгілердің қауызындағы дәндерін қолмен жинап алдым. Бұлар соқа түспеген жерде өсіп тұр еді. Одан соң Кемеңгер маңында егіп көрдім, — дейді ғалым.

Алғашқы жылдары Құдайберген аға өзі еккен жоңышқа алқабын кәдімгідей сұрыптап өсірген. Нашар шыққандарын жойып, тек биік әрі сабағы мықтыларын ғана қалдырып отырады. Бұлар жылдар өте бір-бірімен айқас тозаңданып, сұрыптала бастаған. Ақыр-соңы еңбегі еш кетпей, арада 10 жыл өткенде әлгі жерден әбден сұрыпталған жоңышқаның жаңа тұқымдарын молырақ үгіп алады.

Өкінішке қарай, ғалымның одан арғы жоспары іске аспай қалады. Жаңа сортты суармалы жерге егіп, көбейтіп алу ойымен облыс әкімдігіне, облыстық жер қатынастары басқармасына хабарласқан екен. Басқарма басшысы Мұрат Хамитов «Ғалымдарға беретін жеріміз жоқ, жер тек фермерлерге ғана беріледі» деп меселін қайтарып тастайды. Амалы құрыған ғалым әлгі дәндерін 800 км жердегі Көкшетау өңіріне апарып, кезінде бірге оқыған жолдасының алқабына барып сеуіпті. Одан қалғанын Павлодар қаласындағы саяжайдан өзі сатып алған жер теліміне отырғызған. Саяжайдың шығындары үшін жыл сайын өз қалтасынан қыруар қаражат төлейді.

Құдайберген аға саяжайға өзі бастап апарып көрсетті. Ешбір суарусыз егілген жоңышқаның сабақтары жайқалып, ерекше жағдайда өсіп келе жатыр. Мұнда өзі ұзақ жыл сұрыптаған жоңышқаның сары және көкше түрлері бар. Айтуынша, сарысы құрғақшылыққа аса төзімді, бірақ өнімі сәл төменірек, ал көгі ылғал молырақ болса аста-төк өнім береді екен.

— Мынау сары жоңышқаның сабағының биіктігі 1 метрден асады. Ал құрамындағы ақуызының мөлшері 25-30%. Мұндай мол өнімді, ақуызға бай әрі құрғақшылық жағдайында өсе алатын жоңышқа әлемде жоқ екеніне ғалым ретінде бәс тіге аламын. Гектарынан 30 гектар мал азығын жинауға мүмкіндік бар. Ал анау гүлі көк түсті жоңышқа гектарынан 40-45 центнер өнім береді. Ешқандай дақыл ондай өнім беруге қабілетсіз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев билік өкілдері, соның ішінде министрлер мен өңір басшылары ғалымдарды қолдау керек деген тапсырма берген. Алайда менің ойлап тапқан ғылыми жаңалығымды ешкім елегісі келмей отырғаны қынжылтады. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы өңірімізде ескерілмей отыр дегенді білдіреді. Әкімдік көмек көрсетсе, бұл сортты баяғыда көбейтіп, қазірдің өзінде жергілікті шаруашылықтарға таратар едім. Оның нәтижесін шаруалар аз уақыт ішінде байқайтыны сөзсіз, — деп қосты ол.

Ғалымның есебінше, бұл сорт қолданысқа енгізілсе, еліміздегі селдір шөп басқан миллиондаған гектар жер жасыл майсаға айналатыны анық. Мысал үшін климаты Павлодар өңіріне ұқсас Қарағанды, Абай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және өзге де облыстарды қамтамасыз етер еді. Нәтижесінде мал өсірушілер құны арзан, нәрлілігі жоғары мал азығымен қамтылып, сүт шаруашылықтарында өнім сапасын көтеруге, шикізат құнын арзандатуға мүмкіндіктер пайда болады. Дүкенде сатылатын сүт бағасы 1,5 есе арзандар еді.
Жоңышқа — көпжылдық өсімдік. Ол алғашқы екі жылда сәл ғана қылтиып, әуелі тамырының тереңге енуіне күш салады. Жер бетіндегі массасы өте төмен болады. Одан соң ғана сабағы жайқалып, қауызында дақылдары өсе бастайды. Тұрақты өсуі 5-6 жыл шамасында ғана. Сондықтан жаңа тұқымды тез арада көбейтіп, фермерлерге тарату — уақыт күттірмес мәселеге айналып тұр. Ол үшін әуелі суармалы жерге егіп, көлемін көбейту шарт. Бірақ мұндай ғылыми жаңалықты елейтін билік байқалмайды.
Нарықтағы жағдайға сүйенсек, қазіргі уақытта жоңышқа тұқымының бір тоннасы 800 мың теңге тұрады. Ал бір тонна тұқым 142 гектар жерге жетеді екен (гектарына 7 келі себіледі). Жаңа сорт егілген жердің әр гектарынан 40 центнер немесе 4 тонна өнім алынады десек, әлгі бір тонна тұқымнан 560 тоннадан астам сапалы жоңышқа жинап алуға болады. Бұл фермерлер үшін қай жағынан болсын тиімді. Ғалымның үлесіне суармалы 100 гектар жер тиетін болса, 3 жылда облыстың барлық жеріне сеуіп шығатын жоңышқа тұқымын өндіруге әбден болады. Суармалы жерде гектарынан 1 мың килограмға дейін өнім жинау мүмкіндігі бар. шаруалар одан ондаған есе тиімділік көрсетіні анық.
— Отандық білікті ғалымдарды бағаламау салдарынан 2024 жылы Солтүстік Қазақстанның көптеген елді мекенін су алып кеткенін көрдік. Бұл — өте өкінішті жағдай. Егер әлгі есепсіз аққан қызыл суды ғалымдардың еркіне берсе, олар барлық есептеуін шығарып, бұру, пайдалану жолдарын ұсынар еді. Осындай бағаламаудың салдарынан бір ғана отандық агроөнеркәсіп саласы жыл сайын триллиондаған теңге пайдадан қағылып отыр. Мұны біз, кәсіби ғалымдар жақсы біліп, көріп отырмыз. Біздің кең-байтақ жеріміздің потенциалы өте мол. Бірақ жауапты ведомстволар жерді, табиғи ресурстарды ғылыммен байланыстырмай отырғаны өкінішті, — деп қорытты сөзін павлодарлық ғалым.
Ғалым өз саяжайында сабағының биіктігі 2 метрден асатын түйе жоңышқаның сапалы сортын да өсіріп отыр. Оның тұқымын көбейтіп, жергілікті шаруашылықтарды қамтуға болатынын жеткізді. Жоңышқаның бұл түрінен жоғары сапалы мал азығы дайындалады.
Құдайберген Қанапияновтың соңғы жылдары тағы бір ұсынып отырған жаңалығы — көпжылдық шөптерді бидаймен араластырып егу арқылы топырақ құнарсыздануының алдын алу әдісі. Ол жайында кейін толығырақ жазатын боламыз.
Еске сала кетейік, Жетісулық жас ғалым шыбыннан тыңайтқыш әзірледі.