ЖОО оқытушыларына шетелде тағылымдамадан өтуіне қаншалықты жағдай жасалған

АСТАНА. KAZINFORM — ЖОО-ларда оқытушылардың мансаптық өсуіне қатысты қандай жағдай жасалған? Оқытушылардың шетелде тағылымдамадан өтуіне немесе тәжірибе алмасуға баруына жағдай жасалған ба? Бұл сұрақтарға Ғылым және жоғары білім министрлігі жауап берді. 

лекция
Фото: pixabay.com

— Бүгінде «Білім туралы» заңның 43-1-бабына сәйкес, білім беру ұйымдары оқу-тәрбие процесін жүзеге асыруда, кадрлық саясат, ғылыми, қаржы-шаруашылық және өзге де қызмет түрлерін жүргізуде дербес саналады.

Аталған баптың 2-тармағының 16,18-тармақшаларына сәйкес, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кадрлардың біліктілігін арттыру мен оларды қайта даярлауды қамтамасыз ету және кадрларды кәсіптік даярлаудың заманауи нысандарын ендіру жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының құзыретіне кіреді.

Еңбек кодексінің 18-бабына сәйкес, ұйымның жұмыс істеуі мен дамуы үшін кәсіптік даярлаудың, қайта даярлаудың, кәсіптік біліктілігін арттырудың және танудың қажеттілігі мен көлемін жұмыс беруші айқындайды. Мансаптық өсу профессор-оқытушылар құрамның (ПОҚ) еңбек қатынастары асында және ЖОО-ның кадрлық рәсімдері арқылы жүзеге асырылады.

Негізгі тетіктері — бос лауазымдарға орналасу, лауазымдық жоғарылау, басқарушылық позицияларға іріктеу.

Лауазымдарға орналасу білім беру ұйымының ішкі актілерімен реттеліп, Білім туралы заңы мен Еңбек кодексі талаптарына сай ашық, тең қолжетімділік қағидаттарымен жүргізіледі. Ғылыми атақтар бекіткен ережелерге сәйкес беріледі, ал ЖОО кандидаттарды ұсыну және құжаттарды рәсімдеуді қамтамасыз етеді, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Ведомство ақпаратына қарағанда, ғылыми жобаларға (грант және бағдарламалық қаржыландыру) қатысу тиісті заңнамаға сай конкурстық негізде іске асырылады және кәсіби дамудың маңызды көрсеткіші саналады.

Бұдан бөлек, бүгінде оқытушылар құрамын қолдау аясында «Болашақ» халықаралық бағдарламасы тағылымдамадан өтуге арналған санаттарды қарастырады, оған мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері, сондай-ақ жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері мен қызметкерлері кіреді.

— Қазіргі кезде «Болашақ» бағдарламасы аясында әлемнің үздік жоғары оқу орындарында 13 мыңнан аса түлек оқуын аяқтады, оның ішінде «Педагогикалық қызметкер» санаты бойынша 995 адам тағылымдамадан өтті.

Сонымен қатар, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ ғылыми және ғылыми-техникалық кадрлардың, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға бағытталған «Ғылыми тағылымдамалар» атты жеке бағдарламаны әкімшілендіреді. Аталған бағдарлама қазақстандық ғалымдарға шетелдік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми орталықтарда ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.

«Ғылыми тағылымдамалар» санаты бойынша 2026 жылы 1,2 мыңнан аса адам дайындалды. Түлектердің ең көп саны гуманитарлық бағыттар бойынша дайындалды –55%, техникалық –38,8%, медициналық — 4,8%, шығармашылық –1,4%, — деп аталып өткен Ғылым министрлігі ақпаратында.

Бұған дейін хабарланғандай, бес жылда білім-ғылым саласына салынған инвестиция бес есе өсті

Соңғы жаңалықтар
Референдум