Жошы хан кесенесінің іргетасы неге дымқыл
АСТАНА. KAZINFORM — Жуырда әлеуметтік желі қолданушысы Жошы хан кесенесінің қазіргі жағдайы туралы жазба жариялап, тарихи дүниеге көңіл бөлу қажеттігін айтқан еді. Фотодан байқасақ, ғимараттың іргетасын ылғал басқаны көрінеді. Осыған орай Жошы хан кесенесінің бүгінгі жағдайы мен күтіп-баптау жұмыстары туралы Мәдениет және ақпарат министрлігіне сауал жолдадық.
Жошы хан кесенесі Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2020 жылғы 15 сәуірдегі № 88 бұйрығымен республикалық маңызы бар тарихи ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енгізілген.
«Жылдың жаңбыр мол жауатын маусымында Жошы хан кесенесінің төменгі бөлігін ылғал басады (бұрынғы сурет беріліп отыр). Әлеуметтік желідегі сурет те осы соңғы айлары жасалған болуы мүмкін. Кесене тегіс жерде ежелгі технологиямен іргетассыз (фундаментсіз) салынған, оны құлатпай, орнықты ұстап тұрған — кесененің сыртқы ауқымды қабырғалары. Кесене далалы жерде тұр, осы орайда қыс кезінде қабырғаларының төменгі жағы — Ұлытау жерінде көп жауатын қардың ұйытқып жиналатын орны. Сонымен қатар, дронның көмегімен бақылау жүргізілген кезде кесененің айналасында грунттық ылғалдың басым екені байқалған. Сол себепті кесенеге антропогендік әсерден гөрі климаттық әсердің ықпалы зор болып тұр», — деп жауап берді министрлік.
Мамандардың пікірінше, Жошы хан кесенесінің конструкциялық тұрақтылығы ойдағыдай. Жалпы халықаралық тәжірибеде ежелгі ескерткіштерді оңтайлы сақтаудың бірден-бір тиімді жолы және қағидасы — шұғыл жүргізілетін жұмыстарды қажет етпесе тиіспеу керек.
«Төменде берілген тарихи сурет пен ертеректе жасалған эскизге назар аударсаңыздар, кесененің қазіргі суланып тұрған бөлігі — бұрын да күрделі проблема болғанын көрсетеді. Бұл да ескерілетін жайт деп пайымдаймыз», — делінген ақпаратта.
Кесенеге Ұлытау облысының Ұлытау ауданындағы «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорық мекемесі жауапты. Ведомствоның мәліметінше, қыс мезгілінде кесене мен Ұлытау музей-қорығының арасы алыс болғандықтан қатынау, қадағалау қиын.
«Қолайлы мезгілде музей-қорық қызметкерлері кесененің жағдайына мониторинг жүргізіп, оның іргелес аумағын тазалық жұмыстарымен қамтамасыз етіп отырады. Жошы хан кесенесіне соңғы рет ғылыми-реставрация жұмыстары 2020 жылы жүргізілген. Аталған жұмыс алдын ала жүргізілген зерделеудің нәтижесінде анықталған ғылыми-жобалау құжаттамасы негізінде атқарылды. Атап айтқанда, кесененің қабырғаларына, күмбезі мен іргетасына консервация және реставрация жұмысы жасалды», — дейді ведомстводан.
Сондай-ақ, Мәдениет және ақпарат министрлігі алдағы уақытта кесенеге ғылыми-реставрациялық мерзімге сәйкес жүргізілетінін және оның іргесінің сулануына байланысты дренаждық жүйені қолдану мүмкін екенін айтып отыр.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ежелгі ескерткіштерде ғылыми-реставрация жұмыстарын оның тарихи келбетін сақтап отыру, тек мемлекеттік арнайы ұйымдар ғана емес, белгіленген тәртіпті, келісу процедураларын орындай келе, бюджеттен тыс тұлғалар да жүргізе алады, яғни ескерткіштің тарихи келбетін сақтауға белгілі бір тұлғалар мен ұйымдар ғана жауапты емес.
«Ескерткіштің келбетін сақтауға оны басқарып, пайдаланып отырған мемлекеттік музей-қорықтан бастап тиісті жергілікті, орталық мемлекеттік органдар, арнайы реставрациялық ұйымдар, жеке тұлғалар да жауапты. Мәселен, жеке тұлға тарихи ескерткіш немесе кесене жанындағы зиратқа туысын жерлесе, ескерткіштің келбеті мен ландшафт күтіміне ол да жауапты. Сондықтан бұл мәселені біржақты қарау мүмкін емес», — деп түсіндіреді министрліктен.
Осы орайда ведомство тарихи кесенелер мен ескерткіштер басына турист ретінде немесе ниет етіп барушыларға үндеу жариялады.
«Туристер мен келушілерге қойылатын талап — оның құндылығына нұқсан келтірмесін. Біліп немесе білмей оның кірпіштерінен естелік ретінде фрагмент алу мақсатында шұқу, тазалықты ұстамау, жүк көліктермен оған жақын жүру және тағы басқа ескерткіштің жағдайына кері әсері ықтимал әрекеттерге жол бермеу керек», — делінген үндеуде.
Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігі Жошы хан кесенесіне ғылыми-реставрация жұмысын жүргізуге республикалық бюджеттен қаржы қарастырылатынын айтады, бірақ ведомство бөлінетін қаражат көлемін көрсетпеген.
Еске сала кетейік, биыл Қазақстан Жошы ұлысының 800 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр.