Жошы хан өмірінің құпиясы

Kazinform агенттігі Жошы ұлысының 800 жылдығы аясында мақалалар топтамасын жариялауды жалғастырады. Бұл жолы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан туралы Ғылыми институттың кіші ғылыми қызметкері Әбілбек Қаратаев айтып берді.

Жошы хан өмірінің құпиясы
Фото: Midjourney

— Жошының шыққан тегі туралы не білесіз? Тарих ғылымдары бұл туралы не айтады?

— Жошының шығу тегі туралы дерек қызыққа әрі шытырманға толы. Қазіргі кезде оның екі нұсқасы бар. Біріншісі — ресми. Жошы — Шыңғыс хан мен Бөртенің үлкен ұлы. Иә, Бөрте Жошы өмірге келмес бұрын меркіттердің тұтқынына түсіп, бұғауда болған. Бірақ Шыңғыс хан оны босатып, жанына алып, Жошыны балам деп қабылдады.

Екінші нұсқа — Шыңғыс хан Жошының биологиялық әкесі емес. Оның әкесі меркіттердің бірі. Бұл нұсқа Жошы өлген соң әулет арасындағы дау-дамайда, таққа таласта айтылды. Шыңғыс ханның ұрпағы арасында, әсіресе Төлеге әулеті күмән тудырып, қарсылық білдірді. Олар Жошы ұрпағын биліктен аластатқысы келді.

— Оның шығу тегі туралы аңыздардың қандай маңызы бар?

— «Аңыз» немесе «Моңғол тарихының құпиясы» — бұл Жошы тегі туралы пікірталастың өзегі. Бірақ бейтарап құжат емес. Бұл Жошының кіші інісі Төлеге хан ұрпақтары таратқан ой, сөз. Бұған дейін Төлегенің Жошы ұрпақтары биліктен аластатқысы келетінін айтқан болатынмын. Сөзім түсінікті болуы үшін мысал келтірейін. «Тарих құпиясындағы» бір эпизодта Шағатай әулеті кеңес өткізіп, онда Жошының Шыңғыс ханның ұлы емес екені туралы айтылады. Осы мәтін Жошы тегі туралы күмәнді күшейтеді.

— Моңғол империясын құру және оның аумағын кеңейтуде Жошы қандай рөл атқарды?

— 1207 жылы Жошы Оңтүстік Сібір жерін бағындырды. Бұл Жошының алғашқы жорығының бірі еді. Сонымен бірге ол Хорезм шахына қарсы шабуылда маңызды рөл атқарды. Оның әскері ірі ұрыстарға қатысып, Үргеніш қоршауын алуда көзге түсті. Алайда осы ұрыста Жошы мен оның бауырлары және Шыңғыс хан арасынан жік шықты. Олар жаулап алған жерлері мен олжаны бөлісе алмады. Жошы өле-өлгенше Моңғол империясының аумағын кеңейту, батысқа қарай бағыттап, Еділ мен Кама арқылы Еуропаға жол тартуды құптады. Өзі оған қол жеткісе алмаса да баласы Бату хан әкесінің жоспарын іске асырмақ болып, Орыс князьдігі мен Шығыс Еуропа жорығына шықты.

— Нәтижесінде Жошының қай жерлерге иелік етті?

— Жошы ұлысы Моңғол империясның солтүстік-батыс бөлігіндегі жерлерге иелік етті. Джувейни мен Нувайри еңбектеріне сүйенсек, Шыңғыс хан Жошыға Қаялық пен Хорезмнен бастап Саксин мен Бұлғардың шеткі аймақтарын берді. Қаялық — қазіргі Жетісу облысының аумағындағы қала. Сарқан ауданындағы Қоялық ауылына жақын маң. Хорезм қазіргі Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан жері. Саксин — қала. Ол Еділ сағасында орналасқан қазіргі Астрахань облысындағы Қамысөзек ауданы. Бұлғар — Татарстандағы қала. Демек Қазақстан Республикасы, сонымен бірге Қарақалпақстан, Төменгі, Орта Поволжье және Орал Жошы ұлысы мекендеген жер. Демек Қасым хан мен Тахир билік құрған кезге дейін Жетісу Жошы ұлысының жері болды. Қазақ хандарының жетістіктерінің бірі — Жетісуды қайтару.

— Оның ел мен жер басқарудағы әкімшілік және әскери стратегия қандай болды?

— Жошы халықты күштеп бағындырудан гөрі ымыраға келу әлдеқайда тиімді деп білді. Оңтүстік Сібір жеріндегі тұрғындармен арадағы қарым-қатынасынан осыны аңғаруға болады. Ол жерде Жошы бейбіт келісімді таңдады. Сонымен бірге өзі жаулап алған елдерде де осы әдісті қолданды. Мәселен Хорезмді басқаруда да осы жолды жөн көрді. Бірақ әкесі мен бауырлары қарсылық танытты. Жошы өз баласы Беркені мұсылманша тәрбиеледі. Ол өз жеріндегі халықтың басым бөлігі мұсылман екенін білді және Жошы ұлысының болашағы да ислам діні, өркениетімен байланысты екенін түсінді.

— Бүгінге дейін Жошы өлімінің құпиясы толыққанды ашылмады. Тарихи деректер нені меңзейді? Осы туралы айтып берсеңіз…

— Жошы өлімінің бірнеше нұсқасы бар. Ең негізгі «ресми» нұсқасы — ауырып өлді. Рашид ад-Дин өз жазбасында Жошы 1224 немесе 1225 жылы ауыр дерттен көз жұмды деп айтады. Тағы бір нұсқасы бар. Шыңғыс хан Жошыны өлтіруді бұйырды. Әкесі мен баласы жаулап алған жерлерді билеу, басқару жөнінде бір тоқтамға келе алмаған. Бірақ Шыңғыс ханның Жошыны өлтіргені туралы нақты дерек жоқ, бәрі болжам ғана. «Ақсақ құлан» аңызы да бар. Оған сенсек Жошы аң ақсақ құлан аулап жүргенде мерт болды. Бұл шындыққа жанаспайды, бірақ ел арасында айтылып жүр.

— Жошы кім? Сол кездің құрбаны, қайсар көшбасшы әлде өзге біреу?

— Жошы — тағдырлы тұлға. Өмірінде қарама-қайшылықтар көп болды. Бір жағынан ол Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы. Ал екінші жағынан оның тегіне күмәнмен қарап, саяси алауыздық тудырды. Дегенмен ол өзін көреген, данагөй билеуші ретінде көрсете білді. Шыңғыс ханның қатыгездігін ысырып тастап, дипломатиялық қарым-қатынасты құп көрді. Жошының өз таңдаған жолы бар және сол жолда өз ұлысын басқаруда тәуелсіз шешім шығарғысы келді.

— Жошы тұлғасы мен тағдырының құпиясы мен қызығы неде?

— Өзге тарихшылар секілді мені де оның тегі мен өлімі жайлы ақпарат қызықтырады. Сонымен бірге «Жошы хан мавзолейінде жерленген адам сол ма?» деген сұрақ мазалайды. Ең негізгісі — Жошы хан мұрасы. Себебі қазақ халқының этносаяси тарихында оның маңызы зор. Оның өлімінен кейін бірнеше ондаған жыл өтсе де ұлыс аумағы Қазақ хандығымен тікелей байланысты болды. Ұлыс территориясы Қазақстан Республикасының территориясына дөп келеді. Оның ұлдарының ұлысы, яғни, оның ұлысының құрамында қазақ халқы да болды. Ол негізін қалаған ұлыс ата-бабамызды XIII ғасырдан XIX ғасырдың ортасына дейін, яғни, алты ғасырдан астам уақыт бойы басқарды. Оның дипломатияға негізделген ішкі саяси басқару әдісі ұрпақтан ұрпаққа жалғасты.

— Жошы хан мен оның өмірі жайлы жазылған ерекше еңбектерді атап өтсеңіз…

— Жошы хан туралы, оның өмір жолы жайлы қандай да мықты еңбекті айта алмаймын. Себебі зерттеу жұмыстарының басым бөлігі Шыңғыс хан мен Бату хан жорығына бағытталған. Өкінішке қарай Жошы туралы еңбектер жоқтың қасы. Тарихшылар сол баяғы дереккөздерге сүйенеді. Айырмашылығы сол дереккөздерді түсіндіру жолында ғана. Сондықтан Жошы хан туралы зерттеп, танып, білемін деген адам болса, Рашид-ад-диннің «Шежірелер жинағынан», Джувейнидің «Моңғолдардың құпия тарихы», «Әлемді жаулап алушының тарихы» шығармаларынан бастау керек. Сонымен бірге Жошы туралы Жошы ұлысы мұрагерлерінің шежірешілері жазған түркі дереккөздерінен табуға болады. Олар — Қадырғали Жалайыр және Өтеміс қажы. Тағы бір шығарма бар. Артем Порсин Жошы ханның өмірі мен ерлігі, саяси ұстанымы жайды «Жошы» кітабын шығарды. Кітапты ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жобасы аясында «Астана» халықаралық ғылыми кешені шығарды. Оның жауапты редакторы белгілі қазақстандық тарихшы Жақсылық Сәбитов болды. Ал рецензиясын Айболат Көшкімбаев пен Әшірбек Момынов жазды.

— Жошы ханның жеке басы туралы не айтуға болады?

— Жошының көп әйелі болған. Тек онының есімі ғана белгілі. Ең танымалы Қоңырат тұтқыны болған — Саркаду қатын. Ол ханның бірінші әйелі және Орда Еженнің анасы. Сонымен бірге Бату ханның анасы Үкі қатынды да айта кету керек. Меркіттердің тұтқыны болған Кагри қатын да бар. Ол Тоқа Темірдің анасы. Одан қазақ, қырым, қазан, астрахань және өзбек хандары шықты. Сонымен бірге Хрезмшах әулетінен шыққан Хан-Сұлтаннан Берке өмірге келеді. Мұхаммадтың қызы моңғол-хорезм шайқасында тұтқынға түсіп, Жошыға бұйырды. Үш ұлдың ішінде Берке ең атақтысы болды. Жошының әмірімен балалары мұсылманша тәрбие алды. Беркені піштірді. Балиғат жасқа толғанда Жошы Беркеге Құран жаттатты. Берке хан Жошы ұлысының Моңғол империясынан өз тәуелсіздігін алуына, сонымен бірге моңғолдардың мұсылман елін жойып жібермеуіне үлес қосты. Жошының Беркеден өзге көп ұлы болған. Қазіргі кезде тек отызының есімі белгілі.

— Жошы мен оның бауырлары арасындағы қарым-қатынастың қиын болғанын айттыңыз. Осы туралы тарқатып өтсеңіз…

— Жошы мен оның бауырлары арасындағы қарым-қатынас жай ғана отбасылық жағдай емес. Ол — Моңғол империясындағы күрес. Оның Шағатай, Үгедей және Төле атты інілері болды. Үшеуімен аралағы қатынас үш түрлі еді.

Шағатай мен Жошы арасындағы шайқас — шайқастардың ауқымдысы. «Моңғол тарихының құпиясы» шығармасында Шағатайдың Жошы тегіне күмәнмен қарайтыны жазылған. Ол «Шыңғыс ханның баласы емес, мұрагер бола алмайды» деп ашық айтқан. Бұл әлбетте Жошыға ұнамады және екеуінің арасы алшақтай берді. Сол шақта Шыңғыс хан Жошыны қолдады, бірақ бұл аға мен іні арасындағы дауға нүкте қоя алмады. Мұрагерлікке талас кезінде өрши түсетіні белгілі. Жошы секілді Шағатай да ол кезде мұрагерліктен үмітті еді.

Үгедеймен арадағы қарым-қатынас қалыпты болды. Үгедей үшінші ұл. Ол алғашында Жошымен бәсекеге түспеді. Тек Шыңғыс хан өлімінен кейін Үгедей хан болып, Жошымен арасы алшақтай түсті. Тарихшылардың айтуынша, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы бұл шешімнен тыс қалғанын сезген болуы мүмкін. Бірақ ол Үгедей ресми таққа отырғанға дейін мерт болды.

Ал Төле кіші інісі. Олардың арасындағы қарым-қатынас қалыпты болды. Жошы Төлені бәсекелес деп қарамады. Екеуі арасындағы алауыздық Шағатаймен арадағыдай қиын бола қоймады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жошы хан туралы сериалға кастинг жүріп жатқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар