Жошы ханнан Саид ханға дейінгі кезеңде қандай маңызды оқиғалар болған

моңғол
Фото: «Моңғол» фильмінен алынған кадр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жошы ұлысының құрылуы, Батый бастаған моңғол әскерінің Шығыс Еуропаға жорығы, Берке хан мен Бейбарыс сұлтанның одақтастығы, Моңғол империясының соңғы құрылтайы, Алтын Орда хандығының ыдырауы мен күйреуі. Осы және Жошы ұлысына қатысты басқа да айтулы даталар мен тарихи оқиғалар жайлы ҚР ҰҒА академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев агенттік тілшісіне айтып берді.

Берекет Кәрібаев
Фото: Kazinform

Жошы ұлысы 1224 жылы құрылды

Қазақстан тарихы мен бұрынғы Кеңестік тарихнамада да ХІІІ ғасырдың басы мен XV ғасырдың ортасына дейінгі аралық «Моңғолдар үстемдігі» немесе «Алтын орда дәуірі» деп аталған.

Шыңғыс хан бастаған моңғолдар Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алуды 1219 жылы қыркүйек айында бастаған кезде оңтүстігімізде Хорезм шахтарының мемлекеті Мауреннахр, Дешті Қыпшақ даласында ыдырай бастаған Қыпшақ хандықтары болған. Бұл елдерді Шыңғыс хан әскері ешқандай қиындықсыз жаулап алған. Ақыры 1219-1224 жылдары Шыңғыс хан Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алып, өз империясының құрамына қосады. 1224 жылы Шыңғыс хан кезекті құрылтай өткізіп, онда жаулап алған жерлерін бірінші әйелінен туған төрт ұлына бөліп береді. Үлкен ұлы Жошының үлесіне Ертістен батысқа қарай бүкіл Дешті-Қыпшақ жерін қоса Оралға дейін, Жетісудың солтүстік бөлігі, Арал, Каспий маңындағы жерлер тиді. Тарихта ол Жошы ұлысы деп аталды. Демек, 1224 жылы Жошы ұлысы ресми түрде құрылады. Шағатайға Жетісу мен Әмудария маңын (Мәуереннахр), Шығыс Түркістан, Үгедейге Алтай, Тарбағатай, Батыс Моңғолия жерлерін береді. Кіші ұлы Төлеге Моңғолия мен астанасы Қарақорым беріледі.

Жошы ханның қалай қаза тапқаны әлі күнге дейін нақты белгісіз

1225 жылдан бастап әке мен бала, яғни Шыңғыс пен Жошының арасында салқындық пайда болады. Себебі, сол жылы Шыңғыс хан әскери кеңес өткізеді. Оған Жошы денсаулығына байланысты бара алмай қалады. Бұл жағдайды Шағатай мен Үгедей жақсы пайдаланып, әке мен бала арасындағы шиеленісті арықарай ушықтыра түседі. Негізі Жошы ханның өлімі жайында бірнеше нұсқа бар: Жошы хан аң аулап жүргенде аттан құлап өлген, құлан теуіп өлтірген, тіпті Шыңғыс хан Отжеген деген сенімді адамы арқылы өлтірген, Жошының тамағына у қосып берген деген. Қалай болғанда да Жошы хан 1227 жылы қазақ даласында, Ұлытау аумағында қайтыс болған. Жошы көз жұмған соң, алты айдан кейін Шыңғыс ханның өзі де қайтыс болған. 1227 жылы Жошының екінші ұлы Батый Жошы ұлысының тізгінін өз қолына алады.

Алтын Орданың алғашқы ханы Батый моңғолдардың Шығыс Еуропаға жорығын басқарған

Шыңғыс хан қайтыс болған соң моңғол ақ сүйектерінің қатысуымен екі құрылтай өтеді. Бірінші 1228 жылғы құрылтайда Үгедей моңғол ханы болып сайланады. Одан кейін 1235 жылы Қарақорымда өткен құрылтайда Шығыс Еуропаға жорық жасау туралы шешім қабылданады. Жорықты басқару міндеті Жошының екінші ұлы Батыйға жүктеледі. Ол кезде Сібірден бастап Дунайға дейінгі жерде моңғол әскеріне қарсы тұрарлық мықты халықтар болғанмен, олар әлі мемлекет ретінде дұрыс қалыптаспаған, әлсіз күйде еді. Айту керек бұл жорықта Еділ мен Жайықтан өткен соң, моңғолдар «Елбөрі» деген қыпшақ тайпасына шабуыл жасайды. Қыпшақ тайпасының басшысы Башман моңғолдарға қатты қарсылық көрсетеді. Ол партизандық жолменен қарсылығын тоқтатпайды. Моңғолдардың тылына да жорықтар жасайды. Мен оны кейде Патша үкіметіне қарсы күрескен Кенесары ханға ұқсатамын. Кейбір деректерде Башман екі жыл бойы ұсталмағаны жайында айтылады. Ақырында Башман қолға түседі. «Сен жеңдің, енді мені өз қолыңмен өлтір» деген өтінішін Бату хан орындамай, оны басқа туысының қолымен өлтірткізеді.

Моңғол империясын бес жыл әйел басқарған

Моңғолдар қыпшақ пен бұлғарларды бағындырған соң, батысқа қарай жорықтың қақпасы ашылды. Башқұрттар, бұлғарлар, орыс князьдіктері жаулап алынады. 1241 жылы Киев алынады. Арықарай Еуропа жеріне кіреді. Польша, Венгрия елдеріне жорық жасап, тіпті Адриат теңізіне дейін жеткен. 1241 жылы Ұлы хан Үгедей қайтыс болады. Сол себепті моңғол әскері жорықты тоқтатып, аттың басын кері елге қарай бұрады. Еділдің төменгі жағына жеткен кезде Батый ханға «Үгедейдің жесірі жаңа қаған болды. Бүкіл Қарақорымдағы Шыңғыс ханның ұрпақтары, моңғол ақсүйектері жаңа қағанға ант берді» деген хабар жетеді. Ол жаңа қаған Үгедейдің Туркан хатун деген жесірі екен. Бату оған ант беруге бармайды. Жалпы, Жошының ұрпақтарынан ешқайсы ант бермейді. Ол деген сөз жаңа қағанды мойындамаумен тең. Сөйтіп моңғол империясының билеуші әулеті арасында сызат түсе бастайды. Сонымен Үгедейдің жесірінің билігі 1242-1247 жылдар арасында 5 жылға созылады. Таққа талас басылды-ау деген кезде Туркан хатун биліктен кетіп, орнына баласы Гүйікті отырғызады. Жаңа қаған тағайындалады. Батый оған да ант бермейді. Осыдан соң Гүйік хан Батыймен соғысуға дайындала бастайды. Алайда, 1248 жылы кенеттен қайтыс болады. Кейбір деректерде осы оқиғадан соң Батыйдың өзі немесе оның інісі Берке Батыйдың тапсырмасы бойынша Қарақорымға барып, әділдік орнатады делінеді. Демек, 1249 жылы Төленің үлкен ұлы Мөңкені Қарақорымда таққа отырғызып, оны «қаған» деп жариялайды.

Ислам дінін алғашқы қабылдаған Алтын Орда ханы Берке Бейбарыс сұлтанға көмектескен

Таққа Мөңке отырған соң, елдерді жаулап алу жорықтарын қайта жалғастырады. Ол бір інісі Құбылайды Қытайға, 1253 жылы екінші інісі Құлағуды Иран жаққа жібереді. Ол кезде ол жақ «Бағдат халифаты» деп аталған. Бірақ Құлағудың әскері 1253 жылдан 1256 жылға дейін Амударияның ар жағына өте алмайды. Себебі, Жошы ұлысының құрамында болған Хорезмді ол кезде Берке хан басқарып отырған. Ол Шыңғыс ұрпақтарының ішінде алғашқы болып мұсылмандықты қабылдаған және Бағдаттың Мұстасим деген халифімен жақсы байланыс орнатқан. Кейін Берке мұндай елге қарсы соғысуға болмайтынын Бату ханға айтып, оны көндіреді. Ол кезде Батый беделді, құрметті адам. Ол Құлағуға хат жазып, елші жібереді. Хатта Амударияның ар жағына жорық жасамау, халифке қарсы соғыс ашпау қажеттігі, себебі, олар Батыймен жақсы қарым-қатынаста екені туралы жазылған. Тек 1256 жылы Батый қайтыс болған соң, Құлағу әскеріне Амударияның арғы жағына өтіп, Бағдат халифатының жеріне кіруге бұйрық береді. Батый қайтыс болған соң, оның орнына ұлы Сартақ таққа отырады. Көп ұзамай ол қайтыс болады, кейін інісі Ұлақшы таққа келеді. Ол да көп ұзамай, қайтыс болады. Армян деректеріне қарағанда Сартақ пен Ұлақшының кенеттен қайтыс болуына себепкер болған Берке дейді. Осыдан соң таққа ресми түрде Берке келеді. Оның 9-10 жылдық билігі кезінде Алтын Ордада ислам діні кең қанат жая бастайды.

Сол кезде оңтүстікте Құлағу мұсылмандарға қарсы іс-әрекеттер жасап жатады. Ол көбінесе христиандарға іш тарта бастайды. Бейбарыс сұлтан бұл оқиғаның бәрінен хабардар болған екен. Бейбарыс сұлтан 1260 жылы 24 қазан күні билікке келген. Көп ұзамай оған «Иранның солтүстігінде бір хандық бар, оның ханы Берке мұсылман екен» деген хабар жетеді. Осыдан кейін ол Берке ханға хат жазып, елшіні жібереді. Ол хатында Бейбарыс сұлтан Құлағуға қарсы соғыс жариялау керектігін, себебі, ол ислам дініне, мұсылмандарға тізесін қатты батырып жатқаны айтылған. Көп ұзамай 1262 жылы Берке хан әскерімен Иранға басып кіреді. Құлағуге қарсы соғысады. Әзербайжан жақ, Тебризге дейінгі бірталай жер басылып алынады. Бұл тұста сондай-ақ еуропалықтар «Крест жорығын» жасап, Таяу Шығысқа кіре бастаған еді. Шығыстан моңғолдар келіп жатыр. Осы кезде еуропалықтарды Бейбарыс сұлтан, ал Берке ханның көмегімен моңғолдың жорығы тоқтатылады. Осыдан соң Алтын Орда мен Мысыр арасында дипломатиялық байланыс орнайды. Тіпті, Бейбарыс сұлтан Беркенің қызына үйленіп, жерлестік, туыстық байланыстар нығайтылады. Ақыры 1262 жылы мұсылман дініне берік болған Берке хан қайтыс болады.

Талас құрылтайы - Моңғол империясының соңғы құрылтайы болды

Осыдан соң Батыйдың немересі Меңгу Темір Алтын Орда ханы болады. Ол билікке келген кезде Қарақорымда азамат соғысы жүріп жатады. Мөңке хан 1249 жылдан 1259 жылға дейін он жыл билікте болады. 1259 жылы қайтыс болады. Осыдан соң оның інілері Арық бұға мен Құбылайдың арасында 1260 жылдан 1265, 1266 жылдарға дейін таққа талас жүрді. Ақырында Құбылай жеңіске жетеді, Арық бұға жеңілгенін мойындайды.

Сол кезде Үгедейдің немересі Хайду белсенділік көрсетіп, бұрынғы Шыңғыс хан кезінде құрылған бөлінген территорияның сақталуын талап етеді. Сөйтіп олар 1268 жылы жаз айында жиналып, мәселені шешейік, соғысты тоқтатайық деп келіседі. 1269 жылы Талас өзені бойында құрылтай өтеді. Ол тарихта «Талас құрылтайы» деп аталады. Онда кім қай жерде елді басқарып отыр, сол жерінде өз мемлекетін құрып, өзі басқарсын деген шешімге келеді. Осылайша 1269 жылғы Талас құрылтайында Моңғол империясының біржолата жойылып, орнына жаңа бес мемлекеттің пайда болғаны мойындалады. Бұл ретте Қытайда Құбылай әулетінің билігі, Иранда Құлағу әулетінің мемлекеті, Мауреннахр аумағында Шағатай ұрпақтарының мемлекеті, Жошы ұлысында Жошы ұрпақтарының мемлекеті және Батыс Моңғолия мен Шығыс Қазақстан аумағында Хайду мемлекеті құрылады.

«Алтын Орда» деген ұғым XVI ғасырда ғана пайда болған

Ғылыми әдебиеттерде ХІІІ ғасырдың 70-жылдарынан бастап Жошы ұлысы «Алтын Орда» деп жазылып жүр. Негізінде «Алтын Орда» деген термин Алтын Орданың өзі жойылған соң, 16 ғасырда пайда болған. Оған дейін оны «Жошы Ұлысы» немесе «Үлкен Ұлыс», «Ұлық Ұлыс» және де оны билеген хандардың аттарымен аталған, мысалы «Жәнібек ханның ордасы», «Өзбек ханның ордасы», «Тоқтай ханның ордасы» дегендей.

Тарихтан белгілі, Алтын Орданың орталығы Сарай Батый, кейін Сарай Берке деп аталған. Жалпы, Батый, Берке хандардың тұсында Алтын Орданың құрылу кезеңі саналса, Меңгу Темірдің кезінде қалыптасу кезеңі басталады. Одан кейінгі Төле Бұқа, Мөңке Темір, Тоқтай хандардың кезінде Алтын Орда мемлекет ретінде толық қалыптасты десе болады. Бұл хандардың барлығы – Батыйдың ұрпақтары. Берке ғана Батыйдың туған інісі болса, қалғаны Тукан деген ұлынан тараған ұрпақтары.

Алтын Орда Русь князьдіктерінің дініне, тіліне қысым жасамаған

1312 жылы Тоқтай деген Алтын Орда ханы қайтыс болады. Билікке Батыйдың ұрпағы Өзбек хан келеді. Өзбек ханның кезінен бастап Алтын Орданың гүлдену, күшею дәуірі басталады. Демек, 1312-1359 жылдар арасында Алтын Орданың дамуы шырқау шегіне жетеді. Оған дейінгі құрылу, қалыптасу кезеңдері болғанын жоғарыда айттық. Бұл кезеңде де көп оқиғалар болды. Мысалы, Алтын Орданың Мысыр, Құлағу мемлекетімен, Еуропа елдерімен, Италияның қалаларымен, орыс князьдіктерімен байланыс орнатуы. Орыс князьдіктері негізі Алтын Орданың қол астында болған, оны бүгінде орыс халқы мойындап отыр. Негізі Ресей Алтын Орданың арқасында солтүстік батыстағы неміс, поляк, швед, литвалықтардың немесе жалпы католик әлемінің жаулап алуынан аман қалған. Орыстар сол үшін Алтын Орда хандарына салық төлеген. Сол уақытта «Моңғол-татарлардың езгісі» деген термин қалыптасты. Алайда, ол кезде Алтын Орда хандары орыстардың дініне тиіскен жоқ. Олардың дін қызметкерлеріне жеңілдік берілді. Екіншіден, тілдеріне қысым жасаған жоқ. Сол себепті орыстардың діні мен тілі, өздерінің мемлекеттік басқару жүйесі сақталып қалды. Тек салығын алып отырған. Алтын Орда хандары Ұлы кінәздіктің тағына қай князьдің отыратын ғана шешкен. Қалған барлығын орыстар өз ішінде шешіп отырған. Соның арқасында оларда Суздаль, Владимир, Мәскеу кінәздіктері құрылған еді. Алтын Орда олардың бәрімен байланыста болды.

тарих
Фото: Kazinform

Жошы Ұлысында Батый әулетінің билігі Бердібек ханмен аяқталған

Алтын Орда жасақтарымен бірге Тверь көтерілісін басуға көмектескен Иван Калита Алтын Орда ханы Өзбектің сеніміне ие болады. Алтын Орда пайдасына орыс жерінен алым-салық жинау жөнінде ханнан құқық алады. Сондай-ақ ол 1328 жылы «Ұлы кінәз» атағын алады. Жиналған салықтан Мәскеу жерін күшейту үшін ол өзіне көп қалдырып отырған, сондықтан халық оны «Қалталы Иван» деп атаған. Осылайша Мәскеу басқа кінәздіктерге қарағанда күшейе бастайды.

Сол кездері Әбілғазы деген тарихшыдан қалған «Нар мойыны Бердібекте кесілді» деген сөзі бар. Оның мағынасы Жошы Ұлысындағы Батый әулетінің билігі Бердібекпен аяқталды деген сөз. Өкініштісі, таққа талас үшін Жошы ұрпақтары бірін-бірі аямаған. Өзбек ханның немересі, Жәнібек ханның ұлы Бердібек хан жақын туысының емізулі баласын ұрып өлтірген делінеді тарихта. Сол кезде Тайдула бегім деген Өзбек ханның әйелі: «Мынадан кейін бізді қарғыс атты, енді Батый атаның әулетінің билігі бізден айрылады, басқа әулетке кетеді» деген екен. Сосын шамамен 1380 жылдары идеологиялық жағдайлар өзгере бастайды. Бұрын билік жеке дара хандардың қолында болса, енді билікке келу, таққа отырғызу сынды мәселелерді көп жағдайда ру, тайпа көсемдері шешетін болды. Солар кімді қолдаса, сол хан болатын болды.

Сол кезде Мамай деген шықты. Ол Шыңғыс хан ұрпағы емес. Қият тайпасының әмірі, бегі. Ол тіпті Алтын Орда хандарын жеке өзі таққа отырғызып, қайта алып тастайтындай дәрежеге жетті. Мұндай жағдай тек 1380 жылы Тоқтамыс ханның билікке келуімен тоқтады. Тоқтамыс Жошының ең кіші ұлы Тоқай Темірдің ұрпағы. Тоқтамыс таққа Әмір Темірдің қолдауымен келгені белгілі. Тоқтамыс таққа отырған соң, бұрынғы достықты ұмытып, Әмір Темірдің өзіне қарсы шығады. Ақыры 1395 жылы Тоқтамыс Әмір Темірден жеңіліс табады. Содан кейін Мамай секілді қара халықтан шыққан Едіге деген бидің рөлі артады. Едіге би Шыңғыс әулетінің өкілі болмағандықтан өзі хан лауазымын иеленбейді, бірақ та мемлекетті басқаруды Мауереннахрдағы Әмір Темір сияқты «қуыршақ» хандар арқылы жүзеге асыра бастайды. Бұл оған өте ауыр болады. Өйткені әлі де болса шыңғыстық идеология мен көшпелі тайпаларға сүйенген әр ұлыстардағы Шыңғыс ұрпақтарының тақтан үміттері зор болатын. Сондай-ақ Тоқтамыс хан мен оның ұлдарының Алтын Ордаға қайтып келу қаупі де бар еді. Соған қарамастан Едіге би өзі қаза тапқанға дейін өзінің негізгі мақсатынан айнымайды. Бұл кезде «атқарушы билік» енді хан әулетінен мықты тайпа көсеміне көшеді. Оның алғашқысы Мамай болса, енді билік маңғыт тайпасының көсемі Едіге биге көшеді.

1419 жылдан бастап Алтын Орда ыдырай бастайды

1419 жылы Едіге би көз жұмған соң, Алтын Орда ыдырай бастайды. Бірінші болып Алтын Ордадан Сібір бөлініп кетеді. Сібірде Жошының бесінші Шибанның ұрпақтары хандық құрған еді. 1420-1430 жылдары Қырым бөлініп, Қырым хандығы пайда болады.

Алтын Ордада Тоқай Темірдің ұрпақтары ағайынды Үлкен жәні Кіші Мұхаммед бір-бірімен таққа таласады. 1430 жылдары Кіші Мұхаммед Үлкен Мұхамедтен тақты тартып алады. Үлкен Мұхаммед қашып құтылады. Кейін ол Қазан қаласын басып алып, сол жақта Қазан хандығын құрады. Кіші Мұхаммед Үлкен Ордада билігін құрады. Сібір, Қырым, Қазан уыстан шығып кеткен соң, енді Алтын Орда деп емес, Үлкен Орда деп аталды. Кіші Мұхаммед 1460 жылдардың басында қайтыс болады, артында Ахмет, Махмұт атты екі ұлы қалады. Ол екеуі де таққа таласып, ақыры Махмұт сұлтан қашып, Қажы Тархан қаласына келіп, сол жақта хан атанады. Үлкен Ордада Ахмет сұлтан қалып, хан атанады.

Сол уақытта үш ірі саяси жүйе Үлкен Орда, Қырым, Қазан хандықтарында болғанын айту керек. Енді осы үш хандықтың арасында қайсысы Алтын Орданың заңды мұрагері мен Ұлы Мәскеу кінәздігі енді кімге салық төлеуі керек деген мәселелерді анықтау керек болды. Бұл жағдай Мәскеу үшін өте тиімді болды. Ақыры Үлкен Орда мен Қырым хандығы арасында соғыс болады. 1474 жылы Қырым ханы Мәскеуден қолдау табу үшін кінәзіне «бауырым» деп басталатын хат жазады. Осылайша Мәскеу мен Қырым арасында қарым-қатынас, одақтастық пайда болады.

1502 жылдың 15 маусымы – Алтын Орда тарих бетінен жойылған күн

1502 жылы 15 маусым күні Украинаның Сула деген өзені жағасында Үлкен Орда ханы Ахметтің ұлы Саид пен Қырым ханы Меңлі Герейдің арасында соғыс болады.Онда Меңлі Герей жеңіске жетеді және сол күні Ұлы Мәскеу князіне хат жазады. «Алланың қолдауымен сенің және менің жауым Саид Ахмед жеңіліп, тағы маған өтті, өзі қашып кетті» деп жазады. Саид хан қашып Киевке барады. Ары қарай 300-дей әскерімен Литваға кетеді. Литвада ол құрметті тұтқын саналып, онда 25 жылға қалып қойған. Осылайша 1502 жыл 15 маусым күнін Алтын Орда хандығының тарихтан мүлде жойылған күні болып саналады. Алтын Орда хандығы 1242 жылдан 1502 жылға дейін еуразиялық үлкен алып империя саналды, яғни, ол Алтын Орда 2,5 ғасырдан астам уақыт өмір сүрген алып империя болды.

Соңғы жаңалықтар