Жошы рөлін сомдау үлкен жауапкершілік жүктеді — Ақ-Сұлтан Әнуарбек
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан сазды драма театрының әртістері ұсынған Бөрте қойылымы көпшілік арасында үлкен сұранысқа ие болды. Шыңғысхан дәуіріндегі ұлы тарихи оқиғаларды көрермен назарына ұсынған театр әртістері де жоғары кәсібилігімен көрінді. Солардың бірі Жошы рөлін сомдаған Ақ-Сұлтан Әнуарбек.

Түркістан сазды драма театры ұсынған қойылымда Шыңғыс хан мен Бөртенің бала кезінде танысуы, шаңырақ көтеруі және сол кездегі ұлы тарихи оқиғалар сипатталған. Ал, Жошы рөлі екі-үш жерде кездеседі. Дегенмен, қойылым барысында Бөртенің тұңғыш ұлы туралы ақпараттар тұрақты беріліп тұрады.
— Қойылым Бөрте жайында болғандықтан, Жошы туралы том-том тексттер жоқ. Десе де аз болса да, көрерменнің ойында қалып қоятын эпизодтар кездеседі. Себебі, Жошының затынан бұрын аты «айқайлап» тұр. Шыңғысханның төрт ұлының ішінен тақ мұрагерін таңдау барысында сахнаға шығады. Ал, екінші эпизодта Шыңғысхан інілерінің Жошыға деген теріс көзқарасы барысында көрсетіледі, — дейді Ақ-Сұлтан Ерсейітұлы.

Жошы рөлін сомдау Ақ-Сұлтан үшін оңай болмады. Жүктелген жауапкершілік өте жоғары еді. Дегенмен, кәсіби маман қойылым барысында өз рөлін жоғары деңгейде ойнап, көрермендердің құмарлана қол соққан қошеметіне бөленді.
— Бұл қойылым мен үшін өте үлкен тәжірибе болды. Себебі, Түркістан театрының шымылдығын ашқан спектакль болғандықтан өте үлкен дайындықпен сахнаға шықтық. Негізгі басты рөлдердегі Бөртені, Шыңғысханды сомдау үшін театр және кино әлемінде жүрген мықты әртістер шақырылды. Италяндық маман режиссерлық етті. Тіпті, техникалық топта кәсіби мамандардан құралды. Декорацияның өзі замануи түрде жасалды. Мұндағы мақсат — театр өнеріне көрермен тарту және жас әртістерден жасақталған театр болған соң, әртістердің кәсіби мамандармен тәжірибе алмасып, сахнаға сіңуіне жағдай жасау болатын. Нәтижесінде қойылым өте жоғары деңгейде көрсетіліп, көпшіліктің көңілінен шықты. Тіпті, Алматыға, Астанаға барып ойнадық. Жалпы, тарихта бар адамдарды көрермен назарына ұсыну оңай емес. Мәдениетін, тұрмыс салтын сол кездегі уақыттың өлшемімен беру қажет. Бұл эмоциялық тереңдікті және ерешке шеберлікті талап етеді. Кәсіби мамандардан жасақталған труппа өздеріне жүктелген жауапкершілікті жоғары деңгейде атқарып шықты деп айта аламын» — деді театр әртісі.
Драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабеков жазған пьесаның қойылымында данагөй Бөртенің Ұлы қағанның өмірінде атқарған шешуші рөлі көрсетіледі.

Жалпы қойылымда 200-ден астам костюм тігілген. 19 актер басты рөлде өнер көтсетсе, балет труппасы массалық эпизодтарды ойнайды. Одан бөлек, мультимедиалық технологиямен құрастырылған түрлі жаңашылдықтар көпшілік назарына ұсынылады.
Қойылым барысында қызықты жайттар мен қатар қиындықтар да кездескен. Бұл жайында айтқан Ақ-Сұлтан қазір сол сәттерді күліп қана еске алады.
— Сырттай ғана танитын актерлармен бірге өнер көрсету бақыты бұйырды. Тіпті, әр репитиция қызық болды. Режиссерымыз италяндық болған соң, ол біздің тарихты қалай біледі? Басқа елдің тарихын көрерменге қалай ұсынады, оны көрермен қалай қабылдайды? Сол жағы қызық болды. Сондай-ақ, мен бұдан алдын Павлодар қаласындағы Ж.Аймауытов атындағы театрда еңбек еткен болатынмын. Ал, Түркістанға қызметке келген кезімде мұндағы театрдың қатты дамып кеткендігіне көз жеткіздім. Сахнаның безендірілуі, декорация, сахнада жаңбыр жаудыру біз үшін таңсық дүние болатын. Тіпті, гримнің өзінде сағаттап отырдық. Содан, рөлді сомдау барысында кішкене микрафондар тағып қойды. Ол кейде сақалдың үсінде тұрып қалып, ыңғайсыздық тудыратын. Дегенмен, араға күндер салып оған да үйреніп кеттім. Қазір соның барлығы біз үшін тек естелік, — дейді әртіс.
Ақ-Сұлтан Түркістан облысындағы Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылында дүниеге келген. Кейін Т.Жүргенов атындағы колледжде білім алды. Содан Павлодар қаласындағы Ж.Аймауытов атындағы театрда қызмет етті. Ал, Түркістанға 2021 жылы қоныс аударып келді.

— Мен Ащысайлықпын. Павлодардағы қойылымдарға ата-анам бір-екі рет келіп, өнерімді көріп кеткен болатын. Содан әке-шешемді театрға шақыру, әсіресе өзім ойнайтын қойылымдарды көрсету арманым еді. Алыста болған соң, Павлодарға жиі келе алмайтын. Кейіннен Түркістанға ауысып келдім. Жұмысқа қабылдандым. Алғашқы рөлім сол Жошыны сомдадым. Ата-анам құрметті қонақ болып, сахнада отырды. Мен алдарында өнер көрсеттім. Осылайша арманым Түркістанда орындалды, — дейді Ақ-Сұлтан Әнуарбек.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жошы хан өмірінің құпиясы туралы Ғылыми институттың кіші ғылыми қызметкері Әбілбек Қаратаев айтып бергенін жазған едік.