Жошының айналасындағы тартыс ғылымға пайдалы – Мәжіліс депутаты
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл Астанада өтіп жатқан «Жошы, Шағатай, Хайду ұлыстары мен Моғолстанның этносаяси тарихы» атты халықаралық конференция кезінде Жошы ұлысының тарихына қатысты халықаралық пікірталастар туралы пікір білдірді.

«Еуразия ғалымдарының арасында Жошы ұлысының тарихы бойынша ауызбірлік бар ма? Ресей ғалымдары өзіне, қазақ ғалымдары өзіне, монғол ғалымдары өзіне тартатын сияқты. Шындық кімнің жағында?» - деп сұрады журналист конференция кулуарында.
Депутаттың айтуынша, ондай пікірталастың тоқтамағаны маңызды.
«Әрине, пікірталас көп. Кейбір мәселе бойынша ымыра табу қиын. Бірақ ғылымда ешқашан біртұтас пайым деген болмайды. Ондай кеңес заманында ғана болған. Бәрі бір тұжырымдамаға илануы керек болатын. Сіз айтқан пікірталастың болғаны да жақсы. Өйткені ғылым дискуссия арқылы дамиды. Пікірталастар арқылы бір пайымға келуге болады», - дейді ол.
Еркін Әбіл Жошы ұлысын ұлықтау қазақ руханиятына не беретінін де айтты.
«Қазақ халқының қалыптасу кезеңі Жошы ұлысының дәуірінде болды. Он үшінші ғасырдан бастап он бесінші ғасырға дейін қазақ тілінің, рухани-материалдық мәдениетінің негізі, ұлттық санасы қалыптасты. Бізге жеткен батырлар жыры, шежірелер, тарихи дастандар, қазақтың «қазақ» деп аталуы осы Жошы ұлысының құрамында жүргенде болды. Жошы ұлысының соңғы өкілі Кенесары хан деуге болады. Сондықтан қазақ тарихының үзілмегенін, мемлекеттілігі өзегінен айырылмағанын Жошы ұлысының тарихынан көруге болады», - деді депутат.