Жоспар құрған адам өз-өзіне есеп беруді үйренеді – психолог

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа жыл мерекесі жақындап келеді. Қазақстандықтар жылды қорытындылап, бүгінге дейін қол жеткізген жетістігін, уысынан шығарып алған сәттерін тізбектеп жатыр. Әр адам өзіне есеп береді, тіпті көпшілікпен де бөлісіп жатыр. «Жан ахуал» психологиялық қолдау орталығының бөлім меңгерушісі, психолог Меңтай Телағысова жоспар құру мен оны орындаудың жолын айтып берді. 

Жоспар құрған адам өз-өзіне есеп беруді үйренеді – психолог
Фото: Алтынай Сағындықова

– Адамдар жыл қорытындысын жасап, осы уақыт ішіндегі жеткен жетістігі мен атқарылмаған жұмысты саралап жатыр. Жалпы кімдер өткенді шолып, болашаққа жоспар құрады?

– Мақсаты айқын адамдар дәл осылай жасайды. Биыл орындалмаса, келесі жылдың қамына кіріседі. Яғни, мақсатқа жету жолының жоспарын қайта жаңғыртады. Бар күшін салын, ізденеді, талпынады. 

– Енді бір тобы қағаз, қалам алып қалың дәптерге жазбайды, әлеуметтік желідегі парақшасына әдемі фотолар салып, «міне, мен армандаған пәтер, көлік, соған қол жеткіземін» деп меңзейді...

– Психологияда «Армандар картасы» бар. Жоспарға сай фото таңдап, өз-өзіне күш-жігер береді. Визуалды түрде көріп, соған ұмтылады. Біреу көріп, іске асырса, кейбірі жазып, ойға түйеді. Екеуінің де тиімді тұсы бар. Жазып, сақтап қойсақ ұмытпаймыз, ұмтыламыз. 

– Мұның адамға қандай да бір пайдасы бар ма?

– Иә, бұл адамды ынталандырады, жігер береді. Сонымен бірге жоспар құрған адам өз-өзіне есеп беруді үйренеді. Бір жұмыс атқарылса, келер жылға одан жоғары меже қояды. 

– Ал жоспары іске аспаса...

– Жоспары орындалмаса адам бір қадам артқа шегінуі мүмкін. «Қолымнан келмейді, көтере алмаймын» деп ойлайды. Алайда көп жағдайда адамдар морт сынбай, қайта ұмтылады. Мұндайда өз-өзін дамытып, білімін толықтырып отырғаны дұрыс. Тағы бір айта кететін жайт, жоспар ол арман емес. Алға бастайтын қадам, ширақ болсақ атқара алатын іс. Сондықтан жоспарды әліне қарай құрып, соған сенгені дұрыс. Жалғыз өзіне қиын болса, қолдау көрсете алатын адамдарды бетін қақпаған жөн. Мотивация беретін кітап оқып, фильм де қарауға болады. Жанашыр адамдармен кездесіп, шер тарқатып, бағыт-бағдар алған да дұрыс. Бұл да жоспарды орындауға мүмкіндік беретін жол. 

– Балалар ше?

– Балалар күнделік жазып, алға мақсат қояды. Дәл осылай жылды қорытындылап жатқан оқушыларымыз бар. Тек олар көргенін жасайтынын ұмытпаған жөн. Үлкендер жылды қорытындылап, ертеңге жоспар құрса, кішкентайлар да сол ізбен жүреді. 

– Жоспар адамды шектемей ме?

– Әр адам тәжірибесіне, біліміне, өмір салтына қарай жоспар құрауы тиіс. Қолымнан ол іс келмесе аспандағы айды сұрай алмаймын. Мәселен, пәтер алғым келеді. Қаржылық сауатты болуым керек. Белгілі бір соманы жинау үшін «ай сайын қанша табыс табуым керек» деген сұрақтардың жауабын іздеймін. Кеңес алу жолын қарастырып, кездесуге барамын. Жоспарға жету жолындағы әрекет, қадам болуы тиіс. «Орындауым керек» десе, орындалады. Ал егер «пәтер алуым керек еді» деп айтып, талпынбаса ештеңе өндейді. Ниеттенсе ғана жетеді. 

– Жаңа жылдағы қиял-ғажайыпқа кімдер сенеді?

– Қиял-ғажайыпқа балалар ғана емес, ересектер де сенеді. Тосын сый күтеміз, аяқ астынан бір керемет болар деп болашаққа үмітпен қараймыз. Айналамызда ерекше дүние көп. Шырша құрылған, әдемі безендірілген. Бірі мұны қаламайды, сөйтіп сырт қалады. Ал кейбір адамдар өз-өзіне мереке жасайды әрі бұл пайдалы. Ішкі жан дүниесі тынышталады, күш береді. 

– Адам қалай демала алады?

– Қазір көбі мазасыз күйде жүреді. Әр нәрсені ойлайды, уайымдайды. Мұндайда мерекені сезіне де алмайды. Болып жатқан кез келген жағдайды қабылдаса, мерекені сезінеді. Әр адамның жақсы көретін ісі болады. Сонымен шұғылданса, энергия алады. Табиғат аясында, саябақта қыдырса, тіпті жақсы көретін тамағын жесе де болады. Кішкентай нәрсенің өзі адамға шабыт беруі мүмкін. Сондықтан жоспар құрып, нәтижеге жету жолын қарастырайық. «Өз-өзіңе сен, қолыңнан келеді» деп мотивация берейік.

Соңғы жаңалықтар