Жарқанаттан жұғатын жаңа коронавирус туралы ресми ақпарат жоқ — ДСМ
АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрлігі ЖРВИ мен тұмауға қарсы профилактика шараларын сақтауды ұсынды.

— Ағымдағы эпидемиологиялық маусымның басынан бастап республикада ЖРВИ-дің 3,1 млн жағдайы тіркелді, бұл — өткен маусымның ұқсас кезеңіне қарағанда 20%-ға аз. Осы эпидемиологиялық маусымда зертханалық расталған тұмаудың 2 370 жағдайы тіркелді, бұл өткен эпидемиологиялық маусымның деңгейіне сәйкес келеді. Тұмауға қарсы 2,3 млн астам адам (11,6%) егілді. ДДҰ ұсынысы — 10%, — делінген ведомство хабарламасында.
Министрлік аурудың алдын алу үшін келесі профилактика шараларын сақтауды ұсынады:
- адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық үй-жайларға баруды шектеу;
- үй-жайларды үнемі желдету;
- қолды тазалау үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды пайдалану;
- науқас адамдармен байланысты шектеу, олардың оқшаулануын қамтамасыз ету.
— Коронавирустық инфекция бойынша елдегі жағдай да тұрақты. Жыл басынан бері елде КВИ-дің 116 жағдайы тіркелді, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 8 есеге төмендеді. Өлім жағдайлары жоқ. Соңғы мониторинг деректері бойынша омикрон кіші нұсқасының айналымы анықталған, — деп хабарлады министрліктен.
Кейбір шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында қытайлық ғалымдардың жарқанаттарда (HKU5) жаңа коронавирус тапқаны туралы ақпарат пайда болды, бұл жануардан адамға жұғу қаупін тудырады. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының және Қытайдың ауруларды бақылау және профилактика орталығының ресми сайттарында бұл вирус туралы ресми ақпарат жоқ.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматыда туберкулезбен ауыратындар саны 3 есе төмендеді.