ЖШС қызметкерлері жүн ұрлаймыз деп жүнжіп қалуы мүмкін
ҚР ІІМ мәліметтеріне қарағанда, Тараз қаласының полициясына жүн өңдеумен айналысатын фирма директорының орынбасары хабарласып, белгісіз біреулер серіктестік аумағынан 1050 келі жүннің ұрлап әкеткендігін хабарлаған. Жәбірленушінің айтуы бойынша іштей жүргізілген инвентаризация кезінде бір мыңнан астам жуылмаған жүн үйіндісінің кем екендігі анықталды. Фирмаға келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы 37 млн. теңгені құрап отыр.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бұрын сол жерде күзетшілік қызметте істеп кеткен кісі мен аталған серіктестіктің екі қызметкері ұйымдасып алып шикізатты жымқырып отырғандығы белгілі болды. Тергеу барысында екі қызметкер жүк көлігін фирма аумағына еш кедергісіз өткізіп, жүн сақтау қоймасындағы жымқыру жұмысы үшінші сыбайласының құзырында болғандығы анықталды. Аталған ұйымдасқан қылмыс бірнеше рет қайталанып отырған.
Қазіргі уақытта құрықталған екі азамат уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Тықырдың таянғанын сезген үшінші сыбайлас тергеу органдарынан жасырынып жүр. Бұрынғы күзетшіні қолға түсіру шаралары жүргізілуде.
Ұсталғандар ұрлық фактісі бойынша ҚР қылмыстық кодесінің 175 бабы 4 тармағына сәйкес мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі ықтимал.