16:15, 22 Мамыр 2009 | GMT +5
Жұбанов Ахмет Қуанұлы
Жұбанов Ахмет Қуанұлы (1906-1968) – қазақтың кәсіби музыка мәдениетінің негізін қалаушы, көрнекті ғалым-фольклоршы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының тұңғыш ректоры, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлттық аспаптар оркестрінің негізін қалаушы, композитор, дирижер, Қазақстанның халық әртісі, өнертану ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты.

Ақтөбе облысының Темір ауданында дүниеге келді. Жасынан музыка өнеріне бейімділігін байқатып, домбыра, скрипка аспаптарында ойнауды меңгерді. 1929-1932 жылдары Ленинград музыкалық техникумында, Ленинград консерваториясында білім алды. 1932 жылы Ленинградтағы Актер шеберлігі мектебінің аспирантурасына түседі. Бірақ 1 жылдан кейін Алматыда ашылған музыкалық драма училищесіне ұстаздық қызметке шақырылып алынады. Осыдан бастап педагогикалық қызметпен айналысып, Қазақ филармониясының көркемдік жетекшісі әрі дирижері, Алматы консерваториясының ректоры, осы консерваторияда өзі ұйымдастырған халық аспаптар кафедрасының меңгерушісі болып, қазақ халық музыкасының тарихынан, дирижерлік өнер мен аспаптанудан сабақ берді. 1961-1968 жылдары Әдебиет және өнер институтының өнер бөлімін басқарды.
А.Жұбанов Санкт-Петербордың «Рабочий и театр» журналында жарияланған мақаласынан бастап, өмірінің соңына дейін қазақ музыкасының тарихы мен теориясын зерттеумен айналысты. 1936 жылы «Музыка әліппесі» атты тырнақалды кітапшасы жарық көрді. Оның жетекшілігімен 20 ғасырдың 30-шы жылдары қазақ музыкасын зерттейтін ғылыми кабинет, музыкалық-тәжірибелік шеберхана, КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы төралқасы жанынан өнертану секторы (қазіргі Әдебиет және өнер институтының музыка бөлімі) ашылды. 1934 жылы А.Жұбанов алғаш 11 адамнан құралған домбырашылар ансамблі негізінде Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрін ұйымдастырды. Осы ұжымның тұңғыш дирижері ретінде көптеген халық композиторларының музыкалық туындыларын оркестрге лайықтап нотаға түсірді.
Көрнекті ғалымның қазақ халқының ән-күй шығармашылығының табиғаты мен ерекшелігі, ұлы күйшілер Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Тәттімбет, Қазанғап туралы монографиялық ғылыми-зерттеу еңбектері ? қазақ музыкасының ғылыми тарихын жасауға қосылған қомақты үлес болды. 1942 жылы жарық көрген «Қазақтың халық композиторларының өмірі мен творчествосы» деген еңбегінде ол қазақ халқының бір ғасырлық музыкалық мәдениетінің тарихын жүйелеп шықты. Осы кітабы үшін оған өнертану ғылымының докторы атағы берілді.
Академик А.Жұбанов ? қазақ халқының қазіргі заманғы кәсіби музыкасының негізін қалаған аға буын композиторларының бірі. Ол халық күйлерін оркестрге лайықтап, нотаға түсірді. Оның алғашқы көлемді шығармасы композитор Сары Батақұлының өмірінен алып жазған «Сары» атты бір актілі музыкалық пьесасы еді. Бұдан соң ол Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш ? Баян сұлу», М.Ақынжановтың «Исатай - Махамбет» пьесасына, «Амангелді» фильміне музыка жазып, «Отаным», «Ақ шолпан», «Біздің ел», «Жылқышы», т.б. әндер шығарды. Сонымен қатар қазақ музыкасын күрделі симфониялық шығармалармен байытты. Оның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы «Серт», «Қалғанынша қасық қан», «Майданнан хат», «Қарлығаш» сияқты вокальдық туындылары қазақ халқының ұлттық музыкалық мәдениетіне соны өрнек қосты. А.Жұбановтың Л.Хамидимен бірге жазған «Абай» операсы қазақ опера өнеріндегі ерекше құбылыс ретінде бағаланды. Осы екі композитордың шығармашылық одағынан туған «Төлеген Тоқтаров» операсы да опера жанрындағы замандастар бейнесін жасаудың сәтті бастамаларының бірі саналады. Ал композитордың «Құрманғазы» радиооперасы қазақ музыкасындағы жаңа жанрдың бастауы болып табылады.
Жалпы А.Жұбановтың ғылыми еңбектері халық ортасынан шыққан әнші, күйші, композиторлардың шығармашылығына арналған. Ғалымның «Құрманғазы», «Мұқан Төлебаев», «Замана бұлбұлдары», «Ән-күй сапары», «Өскен өнер», «Ғасырлар пернесі» ктіаптары ? қазақ музыкасының әр түрлі кезеңдерін қамтитын іргелі зерттеулер. А.Жұбанов ұлттық өнер мамандарын тәрбиелу ісіне де зор үлес қосты.
Алматы қаласының бір көшесіне, Республикалық музыкалық мектеп-интернатқа, Ақтөбедегі музыкалық колледжге А.Жұбанов есімі беріліп, тұрған үйлеріне ескерткіш тақта орнатылды. Ақтөбе қаласында композитордың ескерткіші бар.
Артында өшпестей мұра қалдырған композитор А.Жұбановтың туындылары келер ұрпағымен бірге жа¬сап, үшінші мыңжылдыққа да аяқ басты. Мұндай құр¬мет, мұн¬дай шығармашы¬лық табыс сирек болатын құбылыс. Өзінің барлық білімі мен ақыл-ойын, күш-жігерін қазақ кәсіби музыка өнерінің дамуына сарп ет¬кен шынайы талант иесіне берілетін халқының нақты¬лы бағасы да осындай болса керек.
Дереккөзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 4 том